МЫС ЗАУЫТЫНДАҒЫ ЕКІ ЖАРЫМ ҒАСЫР

Балқаш – металлургтер шаһары. Сондықтан бұл мекенде өмірін металлургиямен байланыстырған жандар мыңдап саналады. Тіпті, мыс балқыту ісімен бірнеше буыннан бері айналысып келе жатқан әулеттер де бар. Солардың бірі – Есембековтер әулеті. Олардың жалпы еңбек өтілі 250 жылдан асады.

Есембековтер әулетінің мыс зауытындағы шежіресі Мұқажан қажыдан бастау алады. Бар өмірін мыс балқытуға сарп еткен әкенің ізін баласы Қабдырахман ағамыз лайықты түрде жалғады. Қазір металлургтің де балалары мен немерелері зауыт қабырғасында еңбек етіп жүр. Жерлестері бұл әуелттің жігіттерін «Өндіріс жауынгерлері» деп те атайды.

Қабдырахман ағамыз әскерден келген соң әке ісін жалғастыруды жөн көрген. Елу жыл бұрын басны киіз қалпақ киіп, металлургтің сүйменін қолына алады. Өндірістің басы-қасында жүріп, зауыт қуатын арттыруға атсалысты. Сол мақсатта шетелге де шығып, әріптестерімен тәжірибе алмасты. Швецияға барып, елге келген соң бар білгенін өндірісті күшейтуге салды. Аффинаж зауытын іске қосу үшін де Қабекең Польшаға барып келді. Өзімен бірге барға алты қызметкермен бірге тың саланың ұңғыл-шұңғылын меңгерді. Сөйтіп 1998 жылы зауыт іске қосылғанда Балқаштың ең алғашқы күмісін алады. Кейін мырыш зауыты жұмысын бастағанда да алғашқы қорғасынды құю міндеті Қабекеңе жүктеледі.

Мырыш зауытында он жылдан аса тер төккен металлург кейін металлургия цехына қайта оралды. Ыстық пештің жанында жастармен бірге еңбек ете жүріп, зейнет демалысына шығады.

– Біз Балқаш мысымен мақтанамыз. Сол мысты алу үшін жылдар бойы шаршамай, талмай тер төктік. Ұстаздарымды сағынышпен еске аламын.  Менің зауыттағы ұстазым Жолдасбай Оспанов өте білікті маман еді. Еңбегі жоғары бағаланып, КСРО Жоғары кеңесінің депутаты болды. Еңбек жолымды Жолдасбай ағамыздың қол астында бастадым. Металлургияның барлық қыр-сырын сол кісіден үйрендім. Ағаларымыздың жолын абыроймен жалғастыруға бар күш-жігерімізді салдық.  жолын лайықты жалғастыра алдық деп ойлаймыз. Өзімізде үйрендік, білгенімізді жастарға үйреттік. Сөйтіп, өзіміздің артымызда ісімізді абыроймен жалғастыра алатын жастарды қалдырдық. Қазір балаларым мен немерелерім зауытта еңбек етіп жүр. Оларға да адал еңбек етуді үнемі айтып отырамын, – дейді ардагер металлург.

Ақсақалдың еңбегі басшылық тарапынан бірнеше мәрте еленді. Кей жылдары «Үздік металлург» атанды. Мыс балқыту зауытының құрмет тақтасына суреті ілінді. Адал еңбектің арқасында III дәрежелі «Еңбек даңқы» орденін жарқырата төсіне тақты. Сондай-ақ «Қазақмыс» корпарациясының Құрметті ардагері деген мәртебені де иеленді.

Мұқажан ақсақалдың ізін Қабекеңмен қатар тағы екі баласы жалғаған. Бірі – Ғабдулла Мұқажанұлы да балқытушы болып еңбек етіп, зейнетке шықты. Екіншісі Нұршайықстан автотасымалдау цехында механик болып тер төкті.

Қабдырахман ақсақалдың жары Пану да мыс комбинатының кеңсесінде ұзақ жыл аудармашы ретінде қызмет етті. Ал үлкен ұлы Қуанышбек зауытта әлеуметтік сала бойынша жауапты маман ретінде халықтың алғысына бөленіп жүр. Екінші ұлы Еркен Балқаштың іргесіндегі мыс компаниясында аппаратшы болса, үлкен немересі Әліби комбинаттың теміржол цехында машинистің көмекшісі ретінде мамандығын меңгеруде.

Металлургтер әулетінің шежіресі мыс зауытының тарихымен тамырласып жатыр. Өздерінің жүріп өткен еңбек жолын, әр кезеңдегі айшықты сәттерді тасқа басып, кейінгілерге өнеге ету мақсатында Қабекең ақсақал жақында кітап шығарды. Автор бұл кітапта өзімен қатар жүріп, қатар тұрған 200-ге жуық металлургті де кейіпкер етіп алыпты. Олардың көбісі қазір бұл дүниеде жоқ. Дегенмен Қабекең осы еңбегі арқылы әріптестерінің алдында бір тағзым жасауды ойлаған екен. Әрине, кез келген жан үлгі алрлықтай іс екені анық.

Манас АҚСАРЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *