Нұра ауданы әкімінің гранттар конкурсының қорытындысы шығарылды. Бизнесін жаңа бастаған кәсіпкерлердің тоғыз бизнес-жобасы мемлекеттен қаржылық қолдау алды.
Ахмет ауылының тұрғыны Нұржан Кәкібаев ірімшік және сүт өнімдерін шығаратын цех ашу жобасын ұсынды. 32 жастағы бастаушы кәсіпкер үш жылдан бері мал шаруашылығымен айналысады, ал биылғы жылы ол ірімшік өндірісімен айнылысуға бел буған.
– Мен ірімшік жасауды әкемнен үйрендім. Табиғи өнім әрқашан сұранысқа ие болатынын білемін, – дейді Нұржан Кәкібаев. – Бұрын біз тек өзіміз үшін ірімшік пен басқа да сүт өнімдерін дайындайтынбыз. Ал енді аудан әкімінің грантының көмегімен ірімшіктің басқа да түрлерін сататын боламыз. Грантқа қажетті жабдықты сатып алуды, адамдар біздің өнімдерімізді сынап, сатып ала алатын үйдің жанына шағын контейнер орнатуды жоспарлап отырмын. Сондай-ақ, оны Астанаға сатуды жоспарлап отырмын: біздің ауыл елордадан небәрі 60 шақырым жерде орналасқан.
Баршын ауылдық округінің Қарақасқа ауылының 25 жастағы тұрғыны Сымбат Сәлімбекова Нұра ауданы әкімінің грантының тағы бір иегері. Ол өткен жылы «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытудан өтті. Жас кәсіпкер ешкі сүтін өндіруді бастамақшы.
– Менде үшінші топтағы мүгедектік бар. Сондықтан мен ұлымды дүниеге әкелген кезде өзім емізе алмадым. Қазір ол екі жаста, оның да мүгедектігі бар. Сондықтан ол өте мұқият күтімді қажет етті. Бір жылға дейін ол екеуміз көптеген қоспаларды қолданып көрдік, бірақ баламда аллергия болды. Гипоаллергенді тағамдар да бізге сәйкес келмеді. Содан кейін ұлым үшін басқа ауылға көшуге тура келді: ол жерде ешкі сүті сатылды. Ол балама жақты, ұлым тез салмақ жинай бастады, – дейді Сымбат Сәлімбекова. – Осыдан кейін менің ойыма ешкі өсіру және олардың сүтін өндіру идеясы келді. Мен бизнес-жоспар құрып, грант алдым. Осы қаражатқа сауу аппараты мен 10 ешкі сатып аламын.
Сондай-ақ, Нұра ауданы әкімінің гранттарын биогумус, түйіршіктелген құрама жем өндіру, шаштараз ашу, жиһазды химиялық тазалау, автокөлік жуу, нан-тоқаш өнімдерін өндіру бойынша цехты кеңейту, дезинфекция, дезинсекция және дератизация қызметтерін көрсету бойынша бизнес-жобалар алды.
Нұра ауданы әкімінің гранттарына биыл барлығы 10 миллион теңге бөлінді.