Өнер үйі ашылады

Нұра ауданында биыл 100 орындық Өнер үйінің құрылысы басталады. Онда балалар мен жастарға арналған шығармашылық үйірмелер ашу жоспарлануда.

Нұра ауданының биылғы даму жоспары туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі платформасында өткен брифингте әкім Бақытжан Мұқанов айтып берді.

– Ауданды одан әрі дамытудың басымдықтары айқындалды. «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасы бойынша Нұра кентінде 100 орындық Өнер үйін салу жоспарлануда, – деді Бақытжан Мұқанов. – Сондай-ақ, осы жоба бойынша Ізенді мен Ақмешітте ауылішілік жолдарды орташа жөндеу жоспарланған.

Аудан орталығында 600 орындық жайлы мектеп салынады. Сондай-ақ, ауданда үш ауылдық мектеп жөнделеді, бес оқу орнында қазандықтарды сыртқа шығару жоспарланған.

– Денсаулық сақтау саласында Мыңбаев ауылында дәрігерлік амбулатория, Тассуат, Мұзбел, Ізенді ауылдарында ФАПтар және Шұбаркөл кентінде, Құланұтпес, Жанбөбек, Қарой, Алғабас ауылдарында медициналық пункттер салу жоспарлануда, – деп атап өтті әкім. – «Қазақстан халқына» қоры есебінен Ахмет ауылында спорт залын салу жоспарлануда. Сондай-ақ, бұл ауылда қазандықты мәдениет үйінен сыртқа шығару бойынша жұмыстар жүргізіледі.

Сонымен қатар, биыл тұрғын үйлердің құрылысы аяқталып, Нұра кентіндегі саябақ абаттандырылады, әскери шақыру пунктін жөндеу жоспарланған. 19 ауылда жарықтандыру тіректері мен ойын алаңдары жаңартылады. Қарой – Заречное жолына орташа жөндеу жұмыстарын жүргізіп, Құланұтпес, Жараспай, Ізенді ауылдарында су құбыры желілерінің құрылысы мен қайта қалыпқа келтіру жұмыстарын аяқтау қажет.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *