Қызылшадан екпе қорғайды

Облыс аумағында қызылша дертінің қаупі сейілмей тұр. Жыл басынан бері қызылшы ауруын жұқтыру күдігімен 300-ден астам жағдай тіркелді. Осыған байланысты облыстың денсаулық сақтау басқармасы аймақтағы барлық медициналық ұйымдар күшейтілген жұмыс режиміне көшкенін хабарлады. Яғни, барлық екпе кабинеттері демалыссыз жұмыс істейді. Бұл кабинеттерде қызылшаға қарсы екпе алуға болады.

Облыстың денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бибігүл Төлегенованың айтуынша, 300 жағдайдың 186-ында ауру жұқтыру дерегі расталды. Қазір облыстағы ауруханаларда 56 науқас ем алып жатыр. Олардың ішінде 31 бала, 25 қарт кісі бар.

– Қазір екі науқас жансақтау бөлімінде жатыр. Екеуі де бұрын қызылшаға қарсы екпе алмаған. вакцинацияланбаған.Олардың бірі тоғыз айлық нәресте болса, екіншісі 1986 жылы туған адам. Осы орайда барша тұрғындарды екпе алуға шақырамын. Вакцинация арқылы аурудың алдын алуға болады. Бүгінгі таңда науқастардың арасында екпе алмаған балалардың үлесі ауру балалар санының 85 пайызын құрайды. Бұл балалардың 58 пайызы ата-аналары екпеден бас тартқандықтан, ал 26 ​​пайызы екпе жасына жетпегендіктен ауру жұқтырған. Қазір барлық инфекция ошақтарында эпидемияға қарсы шаралар жүргізілуде. Облыстағы барлық медициналық ұйымдар күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Екпе кабинеттері демалыссыз, – дейді Бибігүл Төлегенова.

Жыл басында облыстың бас санитарлық дәрігері Юрий Залыгин ауа және тамшы жолымен жұғатын инфекциялардың, оның ішінде, қызылшаны жұқтыру дерегі ұлғаятынын айтқан еді. Бас санитарлық дәрігер аурудың өршуін мереке күндерінен кейінгі инкубациялық кезеңнің аяқталуымен байланыстырды.

– Ауа және тамшы жолдарымен жұғатын аурулардың алдын алудағы ең сенімді тәсіл – вакцинация. Сондай-ақ, ол ауырып қалған жағдайда дерттің асқынуынан қорғайды. Біз ата-аналарға бала өміріне бей-жай қарамауға шақырамыз. Балаларын қосымша жаппай иммундау шеңберінде қызылшаға қарсы екпе алу үшін тұрғылықты жері бойынша емханаға уақтылы жүгінуге шақырамыз. Әсіресе, 6 айдан 10 ай 29 күнге дейінгі балалар мен 2 жастан 4 жас 11 ай 29 күнге дейінгі балаларды ектіру керек.Бұдан бөлек, қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы жоспарлы иммундауға жататын 1 және 6 жастағы балаларды уақтылы вакцинациялау қажет, – деді Юрий Залыгин.

Науқастардың басым бөлігі Қарағанды қаласында тұрады. Сонымен қатар, Теміртау, Приозерск қалалары мен Нұра және Қарқаралы аудандарының тұрғындары да көп ауырған.

Дертке шалдыққандардың көбісі 14 жасқа толмаған балалар. Және олардың ішінде төрт жасқа дейінгі балалар көп.Облыс көлемінде оқу жылының басынан бері қызылша 73 мектепке дейінгі ұйымда, 97 мектепте, 21 колледж бен 4 жоғары оқу орнында тіркелген.

– Эпидемиологиялық маусымның басы – қазан айынан бастап, қаңтардың ортасына дейін инфекциялық стационарларда қызылшамен ауыратын 600-ден астам пациент емделді. Оның ішінде,441 бала және 167 ересек адам бар. Кез-келген адам қызылшамен ауыруы мүмкін. Бірақ, бұл көбінесе балаларда кездеседі, – дейді облыстың денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бибігүл Төлегенова.

Қызылша дертін жұқтырғаныңызды анықтау оңай. Алда-жалда жұқтыра қалсаңыз, қызуыңыз қатты көтеріліп, жөтеліп, мұрныңыздан су ағады. Және бүкіл денеңізге бөртпе шығады. Қарағандылық Айдос есімді азамат өзінің қызылша жұқтырғанын осы белгілерге қарап анықтаған. Дереу «жедел жәрдем» шақырып, дәрігерге көрінген екен.

– Ойымда ештеңе жоқ, жұмыстан келіп, ас-ауқатымды ішіп алып, демалуға ыңғайланып жүргенмін. Жөтел бұрыннан болды. Мән берген жоқпын. Түнге қарай қызуым көтерілді. Сөйтіп, аяқ астынан ауруханадан бірақ шықтым. Мен екпе алмаған едім. Бірнеше күн емделдім. Негізі, вакцинация алу керек деп ойлаймын. Содан қатты ауырдым, – дейді Айдос.

Ілгеріде айтқанымыздай, облыс тұрғындарына екпені кез келген уақытта алуға болады. Ол үшін жақын жердегі емханаға барсаңыз, жеткілікті.

Манас АҚСАРЫ

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *