Оқырман ел озық мемлекет жасайды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Құрылтай отырыстарында кітап оқу мәселесін жиі қозғап жүр. «Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек» деді. Ал, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру үшін әлбетте кітапханаларды дамытуымыз тиіс. Мемлекет басшысы бұл тақырыпқа да ерекше назар аударған. «Тоқсаныншы жылдардағы аласапыран уақытта мыңдаған кітапхана жабылды. Миллиондаған кітап қорынан айырылдық. Соңғы жылдары жағдайды түзеу үшін әрекет жасалып жатыр. Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бей-жай қарауға болмайды» деді. Тіпті, тәулік бойы жұмыс істейтін кітапханаларды ашуды ұсынды. Біздіңше бұл – дер кезінде көтеріліп отырған мәселе. Өйткені, ұлтты бір ағзамен салыстырсақ, кітап – сол ағзаға аудай қажет дәрумен іспеттес.

«Өздеріңізге мәлім, мен былтыр Түркістанда өткен құрылтайда елімізде тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапхана салу туралы айттым. Ондай кітапханалар көптеген елде бар. Менің тапсырмаммен Алматыда және Астанада көп ұзамай осындай тамаша ғимараттар бой көтермек. Жалпы бұл саланы жетілдіру үшін басқа да ауқымды шараларды қолға алу қажет» – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Осы сөзінен кейін біздің аймақта да осындай кітапханалар ашыла ма деген сауал туындады. Сауалды облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына жолдадық.

– Қазіргі уақытта Қарағанды облысы бойынша барлық кітапхана бейімделген ғимараттарда орналасқан. Сонымен қатар, тәулік бойы жұмыс істеу – ҚР Еңбек Кодексіне сәйкес Еңбек шартына, Ұжымдық шартқа өзгерістер енгізуді талап ететін ауқымды жұмыс. Сондықтан, бүгінгі күні өңірімізде тәулік бойы жұмыс істейтін кітапхана ашу жоспарда жоқ. Ұлттық Құрылтайдың қорытындысы бойынша жұмыс жоспары құралып, кітапханаларды жаңғырту мәселесі қарастырылады, – деді.

Ал Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, қарағандылық ақын Серік Ақсұңқарұлы келешекте түні бойы есігі айқара ашық тұратын кітапханалар міндетті түрде ашылуы тиіс деген пікірде.

– Өркениеттің шыңына шығамын деген ел кітап оқиды. Кітап оқымай, адам баласының көкірек көзі ашылмайды. Ал, көкірек көзі жабық, санасы таяз адамдар мемлекетті қуаттандыра алмайды. Оқудан ажыраған ел тағылыққа тіреледі. Меніңше, Президенттің осы сөзі жерде қалмай, міндетті түрде жүзеге асуы тиіс. Жан азығын емес, тән азығын күйттеп кетсек, рухымыз сөнуге айналады. Сосын, бүгінде көбінің кітапханаға баратын уақыты жоқ. Күні бойы жұмыста. Ал, кешке кітапханалар жабылады. Тәулік бойы есігі жабылмайтын кітапханалар болса, оған оқырмандар ағылады деген сенімдемін, – деді Серік Ақсұңқарұлы.

«Қарағанды облысы кітапханаларының қоры 4 млн. 640 мың 756 дананы құрайды екен. Оның ішінде 4 млн. 472 мың 803 данасы кітап, 167 мың 953 данасы мерзімді басылымдар. Соңғы 2 жылда кітапханаларға бюджет қаражатынан 64 мыңнан астам кітап сатып алыныпты. Мәселен, 2022 жылы – 36 868 дана, 2023 жылы – 27 825 дана» делінген басқарма мәліметінде.

Иә, бүгінде Президент айтқан «Адал азамат», «Таза Қазақстан» ұғымдарының бәрін тек оқымысты елдің баласы ғана қалыптастыра алатынын қаперде ұстаған маңызды. «Таза Қазақстан» деген тек аулалардың ғана тазалығы емес қой. әуелі рухы таза, мәдениеті жоғары жастар ғана жемқорлықсыз, дұрыс мәдениет қалыптастыра алады. Оған бет бұрудың басты нышаны – кітап. Сондықтан, кітап оқуды, кітапхана ісін жиі насихаттауымыз керек. Ол үшін қарағандылық кітапханалардың сайты, әлеуметтік желілері арқылы жаңадан түскен кітаптарға бейнероликтер жасалып, шолулар өткізіледі. Жарыққа жаңа шыққан кітаптардың тұсаукесерлері өтеді. Сондай-ақ, кітап қорын насихаттау үшін көпшілік іс-шаралар барысында оқырмандардың назарына кітап көрмелері ұйымдастырылады.

Ерзат ЕРМАҒАМБЕТ

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *