Қос мектепте – қара құлып

Қарағанды қаласында жыл басталғалы жекеменшік екі мектеп жабылды. Қаңтарда «ҚазБілім» Ұлттық лицейінің есігіне құлып салынса, жақында лицензиясыз жұмыс істеп келген білім ошағы жұмысын тоқтатты.

Алғашқы болып құрдымға кеткен «ҚазБілім» Ұлттық лицейінің лицензиясы бар болғанымен, жалдап отырған ғимаратқа қаражаты болмай қалған.

– Жайсыз хабар бізге кешке жетті. Суыт ақпарат желкілдеп өсіп келе жатқан жеткіншектердің асқақ арманын тас-талқан етіп, ата-аналардың үмітін үзді. Үлкендердің ойланбай жасаған үстірт әрекеті бейкүнә балғындардың жүрегін қарс айырып, көз жасын көлдей ағызды. Неге жыламасқа? Ертең олардың жолдары әр тарапқа айрылады. Әттең, сол ұл мен қыздың мұң-зарын естіп, болашағына араша тұратын жан табылмай тұр. Сонда, тұтқиылдан келген бұйрыққа не себеп болды дерсіз? Лицей құрылтайшылары мен басшыларының айтуынша, мемлекеттік тапсырыстан бөлінетін қаржының тоқтауы салдар болған. Оқуды тым болмағанда, жыл соңына дейін жеткізбеудің астарында қандай құпия сыр бар деген заңды сұрақ туады. Неге қыркүйек яки мамыр айында емес? Зайырлы мемлекетке жарасатын іс пе? Мұндай ақылға сиымсыз үстірт шешім қай елде бар, білесіздер ме? Қалай болғанда да, үшінші тоқсанның ортасында айтылған оспадар шешім қаскөйдің амалы ма демеске лаж жоқ! Алтын ұя лицейін, дарынды ұстаздарын, достығы жарасқан әрі білім бәскесінде бәсі жоғары сыныптастарымен қапыда айырылу балаларға қандай ауыр қасірет десеңізші?! – деді оқушының анасы Айтбала Сүлейменқызы.

Сөйтіп, білім аламын деген балалар басқа мектеп іздеп кетті.

Ал қаражаты да ғимараты да да екінші жекеменшік мектеп «Білім туралы» заңның 40-бабы 2-1-тармағын басшылыққа ала отырып таратылды.

Бір жылға жуық уақыттан бері оқушы тәрбиелеп келген жекеменшік мектеп жабылады. Мәселе Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында қаралды.

Өңір сотының баспасөз қызметі білім беру қызметін жүзеге асырған жауапкершілігі шектеулі серіктестікті (ЖШС) тарату туралы талапты уәкілетті орган қойғанын атап өтті. Себеп – білім беру қызметін лицензиясыз жүзеге асырған.

Сот материалдарына сәйкес, жауапкершілігі шектеулі серіктестік 2025 жылғы 13 мамырда «жалпы орта білім беру» қызмет түрімен тіркелген. Алайда 2 қыркүйектен бастап мектеп лицензиясыз оқу процесін бастаған және рұқсат құжаттарынсыз қызметін жалғастырған.

Бұған дейін аталған ұйым лицензиясыз жұмыс істегені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Айыппұл төленгенімен, білім беру қызметі тоқтатылмаған.

«ЖШС 2025 жылғы 13 мамырда «жалпы орта білім беру» негізгі қызмет түрімен тіркелген. 2025 жылғы 2 қыркүйектен мектеп оқу процесін бастап, тиісті лицензиясыз жұмысын жалғастырған. Бұған дейін компания Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 463-бабы 1-бөлігі бойынша лицензиясыз қызмет жүргізгені үшін әкімшілік жауаптылыққа тартылған. Айыппұл толық көлемде төленген», – делінген ақпаратта.

ЖШС өкілдері талап қоюды мойындамады. Олардың айтуынша, ұйым 280 орындық мамандандырылған мектеп жобасын іске асыру үшін құрылған. Ғимарат жеке инвестициялар есебінен салынған. Қазіргі уақытта мектепте 166 оқушы білім алуда, оның ішінде көпбалалы және толық емес отбасылардан шыққан балалар бар. Штатта 35 қызметкер жұмыс істейді.

«ЖШС өкілдерінің айтуынша, лицензия алу үшін қажетті құжаттар пакеті «90 пайыздан астам» дайын болған, ал 2026 жылғы 3 ақпанда берілген өтініш (қарау мерзімі – 30 жұмыс күні) қаралу үстінде. Сондай-ақ олар ата-аналар тарапынан шағымдар түспегенін және білім сапасы төмендемегенін мәлімдеген. Сот уәкілетті орган бұған дейін ЖШС-ға лицензия беруден екі рет бас тартқанын анықтады. Бұл бастартуларға шағым жасалмаған», – деп түсіндірді сотта.

Сот лицензия ұйымның балаларды оқытуға құқығын растайтынын, мемлекеттік білім беру стандарттарының сақталуын, білікті педагогтардың, оқу әдебиеттерінің және қауіпсіз инфрақұрылымның болуын қамтамасыз ететінін атап өтті.

«Сонымен қатар тек лицензиясы бар мектептер ғана мемлекеттік үлгідегі аттестат беруге құқылы. Лицензияның болмауы білім сапасына әсер етпейді деген дәлел сот тарапынан негізсіз деп танылды. «Білім туралы» Заңның 40-бабы 2-1-тармағын басшылыққа ала отырып, сот заңды тұлғаны тарату туралы талап қоюды қанағаттандырды», – деп шешті сот.

Мектептің жабылатыны туралы ата-аналар үшінші тоқсанның соңында болған жиналыста хабардар болған. Әсел Шымырбекованың қызы 11-сыныпта оқиды, бұл ақпарат олар үшін күтпеген жағдай болған.

– Балалар қыркүйек айынан бері осында білім алып жүр, үлгерімдерін жақсартты, бейіндік пәндерін таңдады. Біз ҰБТ-ға, білім грантына дайындалып жатырмыз. Өткен аптаның соңында үшінші тоқсанның соңында мектептің лицензиядан өтпегенін және мемлекеттік мектептерге ауысуымыз керектігін хабарлады, – дейді ол.

Ата-аналардың сөзінше, мәселе тек оқу үдерісінде емес, жасөспірімдердің психологиялық жай-күйіне де әсер етіп отыр. Алты ай ішінде сынып ұжымдары қалыптасып, мұғалімдермен байланыс орнаған, көптеген оқушы дәл осы ортада өз қабілетін ашқан. Енді олар жаңа ортаға бейімделуге, барлық пән бойынша БЖБ мен ТЖБ-ны жедел тапсыруға және күйзеліс жағдайында қорытынды аттестацияға дайындалуға мәжбүр.

«Samga high school» жекеменшік мектебінің директоры Әлішер Жақсылық серіктестіктің 2025 жылғы 13 мамырда тіркелгенін айтты. «Білім туралы» заңның 40-бабына сәйкес лицензия алты ай ішінде алынуы тиіс. Алайда құжаттарды жинау рәсімдерінің ұзаққа созылуына байланысты белгіленген мерзім сақталмаған.

– Мерзімнің бұзылғанын мойындаймыз. Бұл – біздің кәсіпкерлік тәуекеліміз. Қазіргі уақытта сот процесі жүріп жатыр. Басқа серіктестік арқылы лицензия алуға қайта өтініш беруді жоспарлап отырмыз. Оған дейін балаларды оқытуға заңды құқығымыз жоқ, – деді директор.

Оның айтуынша, құрылтайшылар түлектерді түстен кейін ҰБТ-ға тегін дайындауды жалғастыруға және оқушыларды өзге мектептерге орналастыруға жәрдемдесуге дайын.

Қалалық білім бөлімінде, ата-аналардың қалауын ескере отырып, оқушыларды тұрғылықты жері бойынша да, тұтас сыныптарымен де көшіруге әзір екендерін мәлімдеді. Қарағанды қаласының білім бөлімінің басшысы Есентай Әшім оқушылар үшінші тоқсанды аяқтап, ағымдағы бағаларын растап, мемлекеттік мектептерде оқуын тең жағдайда жалғастыра алатынын жеткізді.

– Балалар үшін қолайлы психологиялық жағдай жасалады. ҰБТ-ға дайындық мүмкіндігі басқа оқушылармен бірдей қамтамасыз етіледі, – деп атап өтті ол.

Сонымен қатар балама нұсқа ретінде «Достық» жекеменшік мектебіне ауыстыру мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Аталған мектеп оқушыларды тұтас сыныптарымен қабылдауға дайын екенін білдірген. Алайда бұл ұсыныспен барлық ата-ана келісе бермейді.

– Бізге бағаларды растау үшін ауысу ұсынылады. Алайда бұл мектепте санитарлық және өрт қауіпсіздігі талаптары сақталған. Мәселе тек лицензия мерзімінде болып отыр. Неге формалды себепке байланысты 140-180 бала мектеп ауыстыруы керек? – дейді ата-анардың бірі Серік Ахметов.

Қыс ортасында осылай екі бірдей жекеменшік мектеп жабылып, оқушылар жаңа білім ордасын іздеп кетті. Осыдан кейін «Лицензиясыз қалай жұмыс істеген?» деген заңды сұрақ туындайды…

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ