Астанадағы Назарбаев университетінде әлемнің түкпір-түкпірінде жүрген қазақ ғалымдарының басын біріктіруге бақытталған алғашқы «Отандас ғалымдар форумы» өтті. Оған ұйытқы болған ҚР Сыртқы істер министрлігі мен Отандастар қоры болды.
Форумның пленарлық сессияларында 12 елден келген 40-тан астам ғалым мен жүзден астам сарапшылар: Жасанды интеллект пен кванттық технологиялар; Ядролық энергетика; Медицинадағы озық технологиялар; Жасыл энергетика; Дәстүрлі жайылым шаруашылығы мен агроинновациялар; Биометрия және когнитивті ғылымдар; Фото қартаюға қарсы биотехнология; Әлеуметтік және психикалық денсаулық; Ауылшаруашылығындағы IoT шешімдері; Балалар мен жастарға арналған халықаралық білім беру экожүйесінің дамуы сияқты болашақтың ең маңызды ғылыми бағыттарында түрлі баяндама жасады.
«Бұл форум жай ғана академиялық кездесулер алаңы емес. Ол – білім, ұлттық бірегейлік және елдің стратегиялық дамуы тоғысатын кеңістік. Қай елде өмір сүрсе де, тамыры Қазақстанға байланған, ғылыми жетістіктерін ел игілігіне бағыттауға құлшынысы бар отандас ғалымдарды тоғыстыратын алаң. «Отандас ғалымдар форумының» нақты мақсаты бар: әлемнің әр түкпірінде жүрген отандастардың ғылыми жетістіктерін таныстыру, олар мен қазақстандық ғылыми қауымдастық арасында тұрақты байланыс орнату, еліміздің ғылым мен инновация саласындағы жаңа саясаттары мен басым бағыттарымен бөлісу, бірлескен зерттеулер мен академиялық ұтқырлыққа жол ашу. Бүгін біз шекарадан тыс байланысқан ғылыми қауымдастықтың күшін көріп отырмыз. Германия, АҚШ, Жапония, Түркия, Корея, Моңғолия және басқа да елдерден келген ғалымдар – қазақ ғылымының жаһандық деңгейдегі ауқымын көрсетеді. Бір нәрсені ерекше атап өткім келеді: біздің университеттің есігі сіздер үшін әрқашан ашық – бірлескен зерттеу, тәлімгерлік, оқыту, инновациялық жобалар болсын, барлығы үшін. Бұл форум – жалғыз шара емес. Бұл – Қазақстан мен әлемдегі қазақ ғалымдарының тұрақты әрі стратегиялық жаңа серіктестігінің бастауы. Бұл елдің интеллектуалды диаспорасымен байланысты жаңа деңгейге көтеретін тарихи қадам. Сіздердің тәжірибелеріңіз, ғылыми байланыстарыңыз, жаһандық көзқарастарыңыз – Қазақстан ғылымының келесі кезеңін қалыптастыруға өлшеусіз үлес», – деді Назарбаев университетінің президенті Ахмет Вакар.
Отандастар ғалымдар форумына қатысқан Өзбекстан делегациясының жетекшісі, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төралқа мүшесі, Өзбекстандағы республиакалық қазақ мәдени орталығының білім жөніндегі бөлімінің жетекшісі Клара Садырбаеваның айтуынша, форумда әлемдегі қазақ ғалымдарын біріктіретін Qazaq International Science and Technology Association (QIST) ұйымы ресми түрде таныстырылды. Қазақстанда оқып жатқан қандас студенттер арасындағы «OQ Startup» және «Үздік қандас студент» байқауларының жеңімпаздары марапатталды. Сондай-ақ қазақ мәдениеті мен әдебиетін халықаралық деңгейде ілгерілетуді мақсат ететін «Ұлы дала» сериясының 2025 жылы жарық көрген кітаптардың таныстырылымы өтті.
«Биыл Отандастар қоры мен Қазақстан Жазушылар одағы бірлесіп ұйымдастырған «Ұлы дала» халықаралық жобасына шетелде тұратын қазақ қаламгерлерінен барлығы 25 шығарма ұсынылған. Комиссияның шешімімен олардың ішінен әдеби және ғылыми маңызы ерекше 9 еңбек баспадан шығарылатын болып бекітілді. Олардың үшеуі Өзбекстаннан, үшеуі Моңғолиядан, екеуі Қытайдан, біреуі Ресейден. Шетелдегі қазақ диаспорасының саны жағынан ең алдыңғы орында тұрған өзбекстандық авторлардың ішінен бұл жолы Замира Мусаеваның «Мөлдір болсын жүректер», Қалдыбек Сейдановтың «Абай және Орта Азия әдебиеті» және Наурызбай Жарбосынұлы, Баршын Мырзабекқызы, Мейрамбек Әбдіқалиевтің «Өзбекстандағы қазақ ақындарының өлеңдері» (Өзбекстан) деген кітаптары оқырманға жол тартып отыр», – дейді Өзбекстан қазақ ұлттық мәдени орталығының білім және ғылым меңгерушісі, сондай-ақ «Жастарға білім беру және олардың тәлім-тәрбиесі бойынша» бөлімше басшысы және ғылым бөлімі меңгерушісінің орынбасары Клара Садырбаева.
«Абай және Орта Азия әдебиеті» деп аталатын еңбектің авторы академик Қалдыбек Сейдановтың сөзіне қарағанда, «Отандас ғалымдар форумы» болашағы зор бастама. Өйткені шетелдегі қазақ ғалымдарының саны бүгінде жүздеп емес, мыңдап саналады. Алайда олар өз әлеуетін әлі де толық көрсете алмай, белгілі бір шеңберден шыға алмай отыр. Сондықтан олардың басын біріктіріп, еңбектерін ұлттық ауқымда ғана емес халықаралық, әлемдік деңгейде таныстыру, халықаралық ғылыми жобаларға тарту ұлт пен ұлттың, ел мен елдің арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға өз септігін тигізетініне ешкімнің күмәні болмауы тиіс.
Ерік ЕРЖАНҰЛЫ,
журналист

