Парижден қос медаль

Парижде өткен жүзуден Әлем кубогының екінші кезеңінде екі қарағандылық спортшы ерекшеленді. Наргиз Болатова Эдуард Киммен жұптасып алтын медаль жеңіп алды, ал Виктор Друзин күміс жүлдеге ие болды.

Наргиз Болатова мен Эдуард Ким жұбы техникалық бағдарламаның аралас дуэтінде үздік атанды. Олар сәйкесінше екінші және үшінші орындарды иеленген итальяндықтар мен испандықтардан озып өтті. Наргиз – Теміртаудың тумасы, жеті жасынан бастап туған қаласында синхронды жүзумен айналысқан. Қазір ол ұлттық құраманың капитаны және әлем чемпионы. Ақпан айында Дохада (Катар) өткен су спортынан әлем чемпионатында Наргиз Болатова мен Эдуард Ким тарихи алтынға ие болды. Мәнерлеп жүзуден ұлттық команданың өкілдері аралас дуэттер арасында үздік болды. Бұл тәуелсіз Қазақстанның су спортынан әлем чемпионаттарындағы алғашқы алтыны.

Ә.Молдағұлова атындағы мектеп-интернат-колледжінің Теміртау бөлімшесінің оқушысы Виктор Друзин Парижде еркін бағдарламаны жеке орындауда екінші және микс-дуэтте төртінші орын алды.

Бейжіңдегі әлем Кубогының бірінші кезеңінде Анна Павлецовамен дуэтте Друзин күміс медаль жеңіп алды, ал «еркін соло» бағдарламасында 17 жасар жүзуші қола жеңіп алды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *