Адамнан адам алыстаған заманда «адам» туралы кітап жазылыпты. Иә, барлық кітап адам туралы деп ойларсыз. Оныңыз рас. Жазылған кітаптардың барлығы – адам өміріне, адам тағдырына бағытталған. Бірақ онда кейіпкердің нақ аты-жөні жазылмай псевдоним беріліп, жалпыға бағытталып жазылады. Ал қолымдағы «Болат болмыс» деп аталған кітапта өзіміз көріп, біліп жүрген жандардың портреттер топтамасы берілген екен.
Таң қалдым. Елдік мүддеге жұмыс жасап жүрген арда азаматтарымыздың атын атап, түсін түстемек тұрмақ, көрген жерімізде басымызды изеп зорға амандасамыз. Қара басының қамы үшін жасап жүрген әрекеті сияқты, көзімізді сығырайтып, сыртынан бір қарап аламыз да, одан әрі ол жайында ойламауға тырысымыз.
Ал қолымдағы кітапта – басқа әлем! Сөзімен, ісімен бір қадам қатарластарынан озып, қоғамға үлгі бола білген азаматтардың мақсаты, жоспары, әрекеті, жетістіктері көркем тілмен әсерлі бейнеленген. Тағы да «қол ақтығын» беріп жаздырмағандары аңғарылып тұр.
Біз адамдар – әлеуметтік жануармыз. Жан-жануардан айырмашылығымыз – бір-бірімізбен қарым-қатынас жасау арқылы өмірдегі миссиямызды біліп, қоғамға пайдалы бола аламыз. Психологияда бұны психиканың әлеуметтік детерминациясы заңдылығы ретінде қарастырып, адам қоғамда, әлеуметтік ортада қарым-қатынас пен іс-әрекет барысында қалыптасады және дамиды деп көрсетеді. Осы бір көзге көрінгенімен, көңілге қона бермей жүрген адамның адаммен әлеуметтік-психологиялық байланысы болуы керектігін Қасымхан Ғалым «Болат болмыс» кітабында ашып көрсетеді.
Кітапта 42 кейіпкер бар. Әрқайсысының тыныс-тіршілігі бөлек. Бәрін біріктіріп тұрған қасиет – адамзат қоғамына пайдалы болу міндеті. Мысал ретінде «Жаһанды жаяу аралаған жиһанкез» деп аталған публицистикалық мақалаға тоқталайық. Аталған мақаланың кейіпкері – «Әлемді жаяу аралаймын» жобасының авторы, трэвел-блогер Асхат Қажытай. Асхатпен таныс, біліс болған күннің өзінде жеке жоспары, мақсаты, жаяу жүру саяхаты туралы әңгіме құрып тұра алмаймыз. Солай болған күннің өзінде Асхат өз әлемінің есігін ашып тұрады дегенге сену қиын. Асхаттың Қазақстан аумағында, Түрік елінде жаяу сапарлағанын білеміз, тілекшіміз, аузымыздан суымыз құрып жата кеп мақтаймыз. Жастармен жүздестіргіміз келеді, қазақтың жас жігітінің жүрегіне сыйған әлем бейнесін көргіміз келеді. Субординация, уақыт капиталы, дүниетаным. Кедергілер көп.
Осындай нәзік иірімдерді көре білген Қасымхан Ғалым біздің көз алдымызда өз идеясымен, өз әрекетімен сатылап табысқа жетіп жүрген жандарды жанкүйерлерімен бетпе-бет кітап арқылы жүздестіруді ойлапты. Осылай кейіпкердің табысты бола түсуіне, жанкүйердің өмір инстинктінің күшеюіне жағдай жасапты. Әр адам эгоизмнің орталығына айналған тұста адаммен адамды табыстыру, адам мен адамды руһани тұрғыда жақындату ісін – күн кезіп, түн қатып отырып жазыпты.
Бұл істі ата-әже, әке-ана тәрбиесін көріп, мейірімге қанып өскен Қасымханның жазуы – заңдылық. Осындайда Абай атамыздың: «Кісі болар кісінің кісіменен ісі бар, кісі болмас кісінің кісіменен несі бар?» деген қанатты сөзі ойға оралады. Осы мақаламыз арқылы қазақ руһаниятына алғашқы еңбегін жолдап отырған Қасымхан Ғалымның әлеміне көз салдық. Тілекші болдық. Қаламың ұштала берсін, жас қыран!
Салтанат СМАҒҰЛТЕГІ,
PhD, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
