ПРЕЗИДЕНТТІҢ ТҮРКИЯҒА РЕСМИ САПАРЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияға ресми сапармен барды. Қазақстан Президентінің сапарына орай Құрмет қарауылы сап түзеді. Сарайға келген сәтінде Мемлекет басшысының кортежін салт атты гвардия бастап жүрді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанмен келіссөз жүргізді
Президенттер Қазақстан мен Түркия арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі дамыту перспективасын жан-жақты талқылады.
Сондай-ақ сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға баса мән берілді.
Одан әрі Қазақстан-Түркия Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің 5-ші отырысын өткізді.
Жиын барысында Мемлекет басшысы Түркияның ежелден бауырлас, тамырлас және түбі бір туысқан ел екенін атап өтіп, ортақ тарихи және рухани құндылықтарға негізделген қазақ-түрік ынтымақтастығы кеңейтілген стратегиялық серіктестік рухында тұрақты дамып келе жатқанына назар аударды.
Тараптар қорғаныс өнеркәсібі, ақпараттық технология, жасанды интеллект, қаржы, азаматтық авиация, мәдениет, білім, денсаулық сақтау және туризм салаларындағы ынтымақтастық перспективасы жөнінде егжей-тегжей пікір алмасты.
Соның ішінде, екі елдің білім бағытындағы қатынастарының тамыры тереңде жатыр. Алдағы уақытта Астана мен Алматы қалаларында «Маариф» қорының екі мектебі, сондай-ақ Түркияның үздік оқу орындарының филиалдары ашылмақ.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен Түркияның жер сілкінісі болған Газиантеп провинциясында былтыр желтоқсанда жаңа мектеп құрылысы басталды. Білім беру ошағы келесі жылы пайдалануға беріледі.
Бұдан бөлек, туризм саласындағы оң үрдісті қолдау, сондай-ақ сан қырлы екіжақты байланыстарды ілгерілету үшін Түркия азаматтарына Қазақстан аумағында 90 күнге дейін визасыз жүруге рұқсат беру туралы шешім қабылданды.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің бесінші отырысының қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы арасындағы бірлескен декларациясын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы арасындағы Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің бесінші отырысының шешімін қабылдады.
Мемлекет басшысының Анкараға ресми сапарының аясында үкіметаралық және ведомствоаралық 18 құжатқа қол қойылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Республикасының ең жоғары мемлекеттік наградасы – «Devlet Nişanı» орденімен марапатталды.
Президент Түркия Республикасының ең жоғары мемлекеттік наградасы – «Devlet Nişanı» орденін алу зор мәртебе екенін атап өтіп, Мемлекет басшысы Режеп Тайип Ердоғанға және барша түрік халқына шынайы алғысын жеткізді.
Сапар соңында Президент Режеп Тайип Ердоғанның қазақ-түрік қарым-қатынастарын нығайтуға қосқан сүбелі үлесіне жоғары баға берді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *