Райымбек ҚОЙШЫБАЙҰЛЫ – 1997 жылы Теміртау қаласында дүниеге келген. Ақмола облысы, Ерейментау ауданына қарасты Майлан ауылындағы Балабек Жахин атындағы орта мектепте білім алған.
Мектеп қабырғасынан бастап әдебиет пен поэзияға қызығушылық танытып, өлең жазумен айналысты. Шығармаларында туған жер, ел мен жерге деген сүйіспеншілік, адам тағдыры, сағыныш, махаббат және өмірдің мәні секілді тақырыптар кеңінен көрініс табады. Әдеби шығармашылығы арқылы облыстық және қалалық деңгейдегі мүшәйраларға қатысып, жүлделі орындарға ие болған.
ТОСЫН СҰРАҚ
Сіз ғашық болып көрдіңіз бе?
Тоқташы, шылым шегіп алайын.
Жалғыздыққа ғашықпын өзімдегі,
Ер парызын өтегем, қасымда бар жұбайым.
Қалай сонда махаббатсыз үйлендіңіз?
Махаббат емес пе алғанымыз – көргенді қыз.
Махаббат – тым биік түсінік,
Отырған жоқ ешкім 24/7 жан жарына сүйсініп.
Қыз жаратылған сүйсінуге, сүюге,
Ер жаратылған махаббат отына күюге.
Қол жеткізіп махаббатпен үйленген,
Бақытсыз ғұмыр кешіп жатыр үйінде.
Мен үшін ең махаббаттың шектеуі –
Қолың жетпей сағынып жүру сүйгенді.
Махаббат мен үшін отбасынан да биік шын,
Отау болу, үй болу – адамдықтағы бір ісің.
Сүйгеніне қосылмағандар бақытты,
Кірлетпеді махаббатты.
51 жыл махаббатпен өмір сүрді
Естай сүйіп Қорланды
СҮЙГЕНІМЕ
Мен Қарағандыда жеккөретін орын бар,
Бара қалсам қиып өтем жолын дәл.
Орталық Саябақ көріксіз мен үшін,
Жүрегімде қалып кеткен сезім бар.
Жұлмалаған жүрегімнің түпкірін,
Сол орындық, мен сүйген сол ерін.
Естелік болып баурап алады әлі де,
Шын махаббаттың әлде бұл дәміме.
Құшағыма сыйғанымен мына әлем,
Қайтып келсе құшағыма қатты қысар ем.
Өркөкіректі тастар едім мәңгілік,
Айтқызбай-ақ көздерінен ұғар ем.
Кеш бәрі, кеш, енді білемін,
Өткен күндер жүрегімді іштей тіледі.
Мен сағынбаймын деп айтып едім кетер де,
Сағынышқа толы шығады іштен мына дем.
Ғаламат сезім, өкінбеймін сүйгеніме,
Өкінем алшақтау сенен жүргеніме.
Ошағын жағып отырсын бір еркектің,
Қуанып аман есен үйіне келгеніне.
Бәрі кеш.
Бәрі кеш.
Өкінбеймін бірақ сүйгеніме.
ӘСТЕ ЖАЛҒЫЗ ЕМЕСПІН
Менің достарым – көшедегі бағдаршам,
Жасыл жанар, ақ жүрегімді ақтарсам.
Ұрттап алып жүрсем егер теңселіп,
Қызыл жанар ұяттың болса деп тоқтасан.
Сағынғанда сағынышпен ауылды,
Сағынам кейде өзімде жоқ туған бауырды.
Сағынышты сезеді ол мендегі,
Сары жарық талай жерде сақтаған.
Туысқандарым — Темірдегі тротуар,
Жақсы жүрсем, үні менімен бір шығар.
Шалынғанда үстіне құлаймын,
Тізерлеп тұрып кешірім де сұраймын.
Жолдастарым — көшедегі көліктер.
Будақтайды маңдайынан тұнық тер.
Сырласамыз ары-бері бір сағат,
Содан кейін қаншалықты жақынсың, ұғып көр.
Менің ағам — Темірдегі кітапхана,
Қарайды әркез сын көзімен сынап қана.
Ақылына қайран қалам кей кезде,
Жауап жоқ, шешімі жоқ сұрақтарға.
Менің әпкем — бұрыштағы дәмхана,
Тойдырады лағман, тәтті кәуәптарға.
Жезделерім — сыр ақтарған сырахана,
Аман қалған талай сынбай сынақтарға.
Анам менің — аппақ қардың ұлпасы,
Сүйеді мені «ақ маңдайымды» деп сақташы.
Қыбыр-қыбыр сөйлесеміз екеуміз,
Ана, тағы кідірші, тоқташы.
Мен өзіме алыстағыларды жақындатам,
Ұнайды маған өзіме осы қалам.
Теміртау, анам да сен, ағам да сен,
Әсте жалғыз емеспін, әкем де сен.
МЕН ҚАЗАҚПЫН
Мен Қазақпын,
Дінім – ислам,
Түбім – түрік,
Мен Қазақпын.
Қараған төбемнен күнім күліп,
Қилы тағдыр кешсем де алмағайып,
Дәметкен жоқпын ешкімнен алақан жайып.
Мен Қазақпын,
Дала ұлымын,
Сарыарқа жазығын жайлаған.
Мен Қазақпын,
Құмда өскен, ат жалында ойнаған,
Қыран құстың қанатымен самғаған.
Мен Қазақпын,
Құзғын емес, құралай өлімін аңсаған.
Мен Қазақпын,
Тағылымы бөлек, қилы тағдырлы,
Азаттық үшін азат үн есту – қайғылы.
Жасымды сүрткен, дала желі жебеген,
Мен Қазақпын,
Тәуелсіздік үшін
Талай боздағанды құрбандыққа арнаған.
Мен Қазақпын,
Уа, дүние, қарашы!
Қазақ болу дүниеде ғажап шын.
Көкте Құдай,
Көкбөріше жортып өткен жазықты.
Мен Қазақпын,
Мен Алашпын,
Тәуелсізбін, еркінмін — уа, дүние, қарашы!
ТІРШІЛІКТЕ ЖҮРГЕН ӨЛІЛЕР
Мен түннен қорықпаймын,
Күннен қорқамын — мейірімсіз.
Дауылдан қорықпаймын, құтырған,
Жаңбырдан қорқам —
жауған тек үнсіз.
Көздерден қорқам — қатыгез,
Қорқамын айналып келсе тағы күз.
«Күзді сүйем» дейді анау қыз,
Білсеңіз, сол күз —
нағыз қатыгез.
Көрдім мен үзілген жапырақ жасын,
Тапталған басын,
жаншылған жанын.
Біздің қоғамда күз болып тұр қазір,
Кім білсін,
рухани азығы жоқ тірілердің халін.
Өлгендер қайтып келмейді —
зияны жоқ.
Тіріден қорқам —
мақұлық,
зияны көп.
Еркелеуге болмайды бұл қоғамда,
Жыртқышы көп,
жанашыры жоқ.
БИШІ
Сіз бишісіз, ал мен ақын деген сорлымын,
Сіз сұлусыз, мен болсам томаға-тұйық мұңлымын.
Сіз еркінсіз, еркесіз жазықта жүрген киіктей,
Мен тұтқынмын әр күні өткен үмітпенен, күдікпен.
Сізге арнап жыр жазамын — сахнаның ханшасы,
Сізді көрдім, қызықсыз енді маған қалғаны.
Ессіз сүйгім келеді есіріп тұрып,
Суретке де түсейікші сүйісіп тұрып.
Жазғыра алмас бізді ешкім,
Жазығырсын мейлі жазықтым.
Ақылды болған бақытсыз өмір не керек,
Сүйгені үшін жазғырмас ешкім ақынды.
Жалаңаяқ жер кешейік, нөсерлеп төксін ақ жаңбыр,
Қолшатыр керек емес — өзім қорғайын тәніңді.
Вальс билейік көшеде құшақтасып тұрып,
Қоғам білсін: сүюдің шектеуі — шексіздік.
Өмір би алаңы болса,
Мәңгі сізбен билеп өтуге даяр едім.
ҚҰДАЙҒА ХАТ
Иә, Құдай,
Сізге қоңырау шалғым келеді,
Тілдескім келеді, сенсеңіз.
Жаратушы – сізді кім дейді?
Білмегендер өз сорына тілдейді.
«Алла» дейді, ал біреу «Иса» дейді,
Керемет деп біреулер «Буда » дейді.
Әркімнің бір құдайы бар, мен білерім –
Жүрегі кең, рақымды құлға дейді.
Құдай,
Алғысым сізге шексіз, сенсеңіз.
Өзгелер көрмеген қатемді көргесіз.
Мен сіздің теңтектеу құлыңызбын,
Сізге мәлім
Аяқталар шағы мынау бұраң жолымның.
Сен мені жазуға үйреттің,
Керек деп әріп танып білуін.
Сен мені адамды сүюге үйреттің —
Жақсы көру жібітеді жүректі.
Рақмет саған, Құдай,
Ақын болып жаратып, келтірген.
Өлең деген — сенің тілің, сенің сөзің,
Ал біз жазуға тек себепкер.
Рақмет саған, Құдай,
Сен барсың — мен білемін.
Сеземін жүрекпен, көзімен көрмегем.
Адастыра көрме, өтінем,
«Құдай жоқ» деген құдайсыздың сөзіне.
ЕСКІ ҚАЛА
Сен тұратын ескі қалада
Қызыл ғимарат бар — тастанды.
Біз екеумізді әлдилеген сол мекен,
Бар сезім сол ғимаратта сақтаулы.
Бой жеткен еді, ал мен бозбала — ер жеткен.
Ынтық сезім әкететін екеумізді жетектеп.
Үшінші қабат, есіңде ме, тар бөлме —
Сезім кең ғой, сезілмейтін бізге таршылық.
Арман, мақсат, ортақ ойлар, сезім бар…
Сезім бар еді-ау, қайтейін…
Құшағымда еркелеп қараушы едің үмітпен,
Сүйдім, сәулем, мен сені жан-тәніммен.
Дүние кетсе де әлсіреп, «айырылыспайық» деуші еді.
Ескі қалада сен жүрген ескі сезім бар менде — өлмеген.
Сені сүйген жүрегім сенен басқа ешкімді сүймеген.
Ескі қала шамдары жанған сәтте жымыңдап,
Қайтатын едік ескі қала көшесіне түсіп ап.
Ескі қалада сен жүрген қызыл ғимарат бар әлі де,
Сақтаған сол ғимарат сезім сырдың бәрін де.
Қайта келмес уақыт-ай, қайтып келмес сол жылдар…
Ескі қаланың төрінде қызыл ғимарат тұр — сақтаулы.
Бізден басқа неше ғашық күнелтіп, неше ғашықты түнетті.
Сен тұратын ескі қалада қызыл ғимарат бар — сақтаулы.
ӘКЕ
Қайтар уақыт келеді бізге анық,
Тоқтауға келмейді қайран уақыт.
Біздер енді балаша жүгірмейміз,
Жазығында ауылдың сайран салып.
Әкем жоқ,
Мініп кеткен келместің кемесіне.
Жүзін ұмытқам, түседі бірақ кейде есіме,
Бала күндер ұмыт болған, әлі есімде,
Қымтап кеткен мені өзінің көрпесіне.
Келем деген әкем қайтып оралмады,
Жоқ, әкем естүссіз жоғалмады.
Ажалына жаратқанның шара бар ма?
Содан бері
Шешем жесір әйел деген атақ алды.
Әкем үйден шыққанда біз жүгіріп,
Әкем үйге келгенде біз секіріп.
Таңертең мол болсын деп табысыңыз,
Ал кешкісін жолығатынбыз сағынысып.
Әке, кешір,
Біз үшін темір тердің, мал да бақтың.
Үмітің біздер едік ақталатын,
Қара жұмысты жасағандар түсінеді.
Қолғанатын ер жетті ғой,
Қайдасың, Әке, уақытың келді дем алатын.
Сырласқым келеді қазір сізбенен,
Төрде отырсаң ғой қарап көзбенен.
Сіз кеткенде мен ер жеткенмін,
Сізбен бірге балалықты да жерлегем.
ҚАЛАМ
Қаламсап та ескірді,
Шимайлап тұрып жазбайды ешкім өлеңді.
Сиясы кеппеген деп айтамыз
Сиясы жоқ өлеңді.
Жазуға отырды ол бүгін,
Жазбады басты бармақпен.
Ақ қағазға да жазбады,
Телефон жадында тек сақтаулы.
Мән бермейтін сәттер көп,
Қаламсап қашан қалған ескіріп?
Жазу жазған ақын-жазушы,
Отыр қаламды жерлеп кеп.
Заман алға жылжыды,
Біраз дүние ескірді.
Қолына қалам алған ақындар
Қазіргі кезде саны шектеулі.
ЖАС ШЫБЫҚ
Өтті күндер
Құшаққа алып айлы түнді,
Ұмытып бір сәт
Жүректегі қайғы-мұңды.
Абайсызда күн кештік, ойламадық,
Шошытып алмайық деп тәтті күйді.
Бос тірлік,
Қаңғыру, тойлау топ ішінде,
Құмартып сасық қарын тоқ жүруге.
Жалынды жас, оқы, тоқы,
Өтпесін жастығың мас күйінде.
Еңбек қыл, мал тап адалынан,
Бос жүріс жараспайды.
Ұғарсың сүйген жар қабағынан.
Ер түзелмей, қатын қалай түзелмекші,
Гүлде бүр жарады,
Бағбанын күтім күтіп қарауынан.
Тұнып тұрған тұнығын
Қарсы алар өмір ыстық-суығын.
Мақтан сөзге құмартпа ел айтқан,
Бақыт құсы соқыр ғой,
Сенен ұшып белгісіз кімге қонуы.
Өмір өтірік алдап-арбап,
Сыйы жоқ отырған саған арнап.
Ақылсыз баққа сенер бір күн қонған,
Ақылды еңбегімен тұрақталар.
Өмір роман, авторы бір өзіңсін,
Сондықтан өзіңді сақта, құлыным.
ЕЙ, ПӘТШАҒАР
Ей, Пәтшағар,
Кім айтты саған ақынды сорлы деп,
Аязды күні далада қалып тоңды деп?
Қазақ үшін ақын басы кесілген,
Айтар едім,
Махамбетті тағы бір қайта оқы деп.
Ей, Пәтшағар,
Арзан ойлы, сауатсыз,
Саған айтқан мендік зая сөз арсыз.
Ахаң ақын емес пе еді кешегі,
Оны қалай жоққа шығарып қоясыз?
Ей, Пәтшағар,
Тағдырына болған бақытсыз,
Кетерсің көрмей сый, жақұтсыз.
Жахаңды айтам мен саған,
«Оян, қазақ!» деп кеткен дамылсыз.
Ей, Пәтшағар,
Күйдірдің-ау күйіктен,
Сөз айттың өтетін сүйектен.
Мағжан, Мағжан ақын емес пе,
Саған сенген,
«Мен жастарға сенем» деп өлген үмітпен.
Ей, Пәтшағар,
Маңдайынан біткен сорлысын,
Еске алшы өзгеше Сәкен болмысын.
«Тар жол, тайғақ кешті» кім үшін,
Сатылмады байлық, қалың тоң үшін?
Ей, Пәтшағар,
Өлтірдің-ау сен мені,
Ақын болды ма халық ермегі?
Қанды соғыстан аман келген өр Қасым,
Құрметтеді кім?
Хан сарайы лайық ақынға бір баспана бермеді.
Ей, Пәтшағар,
Тоқтат, доғар бұл қылжақты,
Ақынға кім тұзақ құрмақшы?
Мұқағали, Фариза, Жұмекен бар,
Тым болмаса солардың аруағын сыйлашы.
МҰҚАҒАЛИДЫ АҢСАУ
Сізді жоқтап жатыр-ау, қайран аға,
Таланып, тірінде біттің ғой талайларға.
Мұқағали — Мұқан дейді бүгін қазақ,
Өлген соң не керек, қондырып бақ дәулет,
алтын сарайларға.
Елім менің, тілім деген жүрегіңде,
Тірісінде дос, дұшпаны қызығып, тірі жеді
Алматы тау самалы — күздің кезі,
Ыза мен кек кернеді тағы бүгін мені.
Қара өлең, Қарасаз жоқтар анық,
Жолықсам, шіркін, сізбен жолын тауып…
Одақта бүгін опасыздық күй кешуде,
Ақшасы бар марапат егесін тауып.
Жоқ, аға, жоқ ақындар ақ қаламы,
Таза басқан өлеңнің нық қадамы.
Алда жүрген арбалар бүлдірді ғой,
Ақ арына у сепкен бүлдіршіні.
Аға, тоқта, мен де барам сізбен бірге,
Кетемін бұл маңайдан, салып елден ірге.
Өкінішім жоқ менің, білесіз бе?
Жоқтайды ел анық ақындарын өлген кезде
ЖАРЫҚ СӘУЛЕ
Қала.
Көше шетінде күлімдейді,
Әлде кімдер
Құлағымның түбінде күбірлейді.
Меймаза тіршілік қазаны қайнап,
Бірақ маған неге сезілмейді?
Құрғырай,
Өлім бе әлде?
Сыбызғы үні тым баяу,
Қою түсті.
Даяшы қыз,
Ол неге мұңды?
Сүлгісінде өмірбаяны тұр ілулі.
Маған дауыстар естіледі,
Ерке әйел,
Бәрі мұқтаж.
Бір түндік сезімнің құдіреті…
Темекі шеккім келіп сыртқа шықтым,
Теміртау,
Енді маған сен бөтендейсің.
Даяшы қыз артымнан іле шықты,
Жанарынан жылулық сезілмейді.
Сорлым-ай,
Сен де мұқтаж,
Мен де мұқтаж.
Мен төлемесем,
Сенің де еңбекақың төленбейді.
Қасіретім-ай,
Дүние торына оралған шырмауықтай.
Шаршадым, қойшы,
Қажыдым өзіме өрнек тоқып.
Дала бозғылт,
Маусымда қар жауа ма?
Жауса егер,
Көрдім десем кім сенеді?
Мен үйге кеш қайттым,
Ол түн жаяу.
Итім момақан,
Қасқа құлыным,
Көрсетті азу тісін.
Қорқыныш-ай…
