Ақадырлық әкелі-балалы Оспановтар Польша елінің астанасы Варшава қаласында пауэрлифтинг спорт түрінен өткен дүниежүзілік біріншілігіне қатысып қайтты. Әлемнің 43 елінен жиналған ең мықты спортшылар бас қосқан дүбірлі додада жерлестеріміз өздерінің биік шеберлігін көрсетіп, ел мерейін үстем етті. Қазақ елінің көк туын көкте желбіретіп, халықаралық аренада абыройымызды асқақтатып жүрген спортшыларымыздың әрбір жеңісі – үлкен мақтаныш.
77 жастағы ардагер спортшы Оспанов Дәрібай ақсақал жас ерекшелігіне қарамастан, қайсарлық пен жігердің үлгісін көрсетті. Ол 135 келі салмақты көтеріп, күміс жүлдеге қол жеткізді. Аталған жетістік талай жылдық еңбектің, табандылықтың және шеберліктің жемісі екені белгілі.
Осы жеңістің нәтижесінде Дәрібай ақсақалдың әлем чемпионаттарындағы медальдар қоры 11 жүлдеге жетті. Оның еншісінде 5 алтын, 5 күміс және 1 қола медаль бар. Сонымен қатар Азия чемпионаттарында да 23 рет жеңіс тұғырынан көрініп, спорттағы биік деңгейін дәлелдеп келеді. Ол – кейінгі буынға үлгі боларлық, қайсар мінезді, рухы мықты азамат.
Сондай-ақ, ақсақалдың кенже ұлы Қараман Абдулкәрім де әлемдік додада тамаша өнер көрсетіп, ел қоржынына екі күміс медаль қосты. Ол классикалық жаттығуда 202,5 келі салмақты бағындырса, арнайы жабдықпен көтеру бағдарламасында 270 келіні еңсерді. Жоғары көрсеткіштері оның кәсіби дайындығы мен спортқа деген адалдығын айқын аңғартады.
Осылайша Абдулкәрімнің әлем чемпионаттарындағы жүлделер саны 16 медальға жетті. Оның қоржынында 7 алтын және 9 күміс медаль бар.
Осындай спорт саңлақтарының жетістігі – ел рухын көтеретін, жастарға жігер беретін үлкен өнеге. Олар маңдай тері мен қажырлы еңбегі арқылы Қазақстанның атын әлемге танытып, отандық спорттың мерейін биіктетіп келеді. Жерлестерімізге алдағы уақытта да тек биіктен көріне береді деп тілек білдірейік!
Қалижан БЕКҚОЖА,
Ақадыр кенті
