Қарағанды облысында жыл қорытындысы бойынша өткен жылмен салыстырғанда құрылыс қарқыны 18% өсті. Осылайша 500 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Бұл көлемнің негізгі бөлігі қазірдің өзінде аяқталды.
Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Мұрат Мағзин аппараттық кеңесте құрылыс саласының дамуы туралы баяндады.
Оның айтуынша, жалпы көлемнің 76%-ы коммерциялық тұрғын үйге тиесілі. Облыс бойынша кезекте тұрғандарды қамтамасыз ету үшін 14 жалға берілетін тұрғын үй жобасы іске асырылуда. Несиелік тұрғын үй құрылысы да жалғасуда.
– Биыл ҚР өнеркәсіп және құрылыс министрлігі әлеуметтік осал санаттағы кезекте тұрғандарды жалдамалы тұрғын үймен қамтамасыз етудің жаңа тетігін әзірледі. 2024 жылдан бастап жалға берілетін тұрғын үй жеке құрылыс салушылардан сатып алынады. Тұрғын үй сатып алу бекітілген Жол картасы мен қаржыландыру жоспарына сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асырылады, – деп түсіндірді Мұрат Мағзин.
Биыл тұрғын үй салу және сатып алу есебінен кезекте тұрған 1 635 отбасы баспанамен қамтамасыз етілуі тиіс.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жоспарланған көрсеткіштерді қамтамасыз ету бойынша тапсырма берді.
– Сатып алынатын тұрғын үйдің сапасын тұрақты бақылауда ұстау қажет. Несиелік тұрғын үй құрылысы бойынша жобалардың уақтылы және сапалы аяқталуын қамтамасыз ету керек, – деп атап өтті ол.