Шәкен Айманов бала кезінен қалжыңқой болып өскен. Кейде үй алдындағы үлкен тастың басына шығып алып, жылап отырады екен. Сонда оны көрген ауыл ақсақалдары: «Мынау бала жаман ырым бастап отыр, тастан сүйреп түсіріңдер», деп ұрысса, ағалары: «Жоқ, Шәкенге тиіспеңдер, оны өнер қысып отыр», деп тоқтататын көрінеді.
Ақбеттаудың баурайындағы «Айманбұлақ» жазығы Айдабол ұрпақтарының, соның ішінде атақты Шоң бидің қыстауы болған. Шәкен ағаның кіндік қаны тамған жер. Жалпы, Айманнан 8 бала тарайды. Оның ішінде кенжесі Кенжетайдан Әбдікәрім, Шәкен (Шаһкәрім), Кәукен (Әбдірахым) дүниеге келсе, ағасы Мұзапардың Қапан, Шамат, Кәрімқұл, Қалкен есімді ұлдары болған.
Қазіргі күні Кереку қаласында тұратын Тоғжан Мұзапаров – Шаматтың ұлы. Ол Шәкенді бала шағында көріп, ағалық мейірімін сезінген жан. Биыл зейнет жасына жетіп алған ағамыздан атақты режиссер жайында естеліктерімен бөлісуді сұраған едік.
«Әкем Шамат Мұзапарұлы Шәкенге немере аға болып келеді. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, Жеңіс күніне дейін жаумен арпалысқан. Ұзақ жылдар Риддерде еңбек етті. Сол тұста екі ағайындының (Мұзапар мен Кенжетайдың) балалары әр жерде білім алып жүрген ғой. Оларды оқыту үшін әкем барын салады. Екі үйдің балалары өте тату-тәтті, туысқандық байланыстары мықты еді. Баянауылдың Ақбеттауының баурайында «Айманбұлақ» деген әсем мекен бар, Шәкен ағаның дүниеге келген жері. Бүгінде ол жергілікті ұлттық парктің аумағына еніп тұр. Сол Ақбеттаудың баурындағы жазықта Кенжетай атаның бөренеден салынған қыстауы болған. Кәукен ағаның айтуынша, Кенжетай атамыз әулетіне тартқан өнерлі, саятшы болған жан. Кенжетайдың сол шағын ғана үйінде әнші Қали Байжанов, Ысқақбай күйші, Дүйсенбай ертегіші, Рахметқожа қиссашы, сауық сүйгіш ағасы Мұзапар (атамыз), інісі Қажымұрат, тағы басқа ел жақсылары жиналып, ойын-думанды қатты қыздырады екен. Шәкен ағаның кішкентайынан өнерлі, әнші, актер болып қалыптасуы осындай ойын-сауықтың арасында жиі болуынан болар. Әйгілі «Екі жиренін» бала шақтан айтқан. Біздің әкеміз қазіргі Торайғыр аулында туған ғой. Ол кісі 1989 жылы дүниеден озды», деп әңгімеледі Тоғжан аға.
«Алдаркөсе» фильмі – Шәкен Аймановтың өзі басты кейіпкердің рөлін сомдаған ірі шығармаларының бірі. Сол картинада Алдардың басынан тастамайтын бөркі естеріңізде болар. Қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызының тері сіңген құнды жәдігерді Тоғжан аға сонау бір жылдары Павлодардағы Бұқар жырау атындағы Әдебиет және өнер музейінің қорына тапсырған екен.
Музей директоры Ербол Қайыровтың айтуынша, бұл бөріктің музей қызметкерлерінің қолына түскенге дейінгі тарихы да қызық. Кинорежиссер өзінің туған жері Баянауылда 1969 жылы «Найзатас баурайында» фильмінің негізгі сюжеттерін түсіргені мәлім. Кейін Алматыда фильмнің түсірілімі аяқталады. Бірақ түсіру тобына қосымша көрініс қажет болып, олар Баянауылға қайта жол тартады. Сөйтіп, барлық шаруасын аяқтап, кері қайтып бара жатқанда Павлодар қаласына аялдаса керек. Мұнда немере ағасы Шамат Мұзапаровтың үйіне қонақ болған. Режиссер кетерінде «Бірнеше фильмге түскен әйгілі бөрігімді тастап кетейін, менен кәде болсын» деп үй иесіне ұстатқан екен. Туыстары бөрікті көзінің қарашығындай көп жыл бойы сақтап келіпті. Осылайша, ол бүгінде халыққа ортақ естелікке айналып, көрген жанның есіне сонау 1965 жылы жарық көрген «Алдаркөсе» фильмін түсіреді. Музей қорындағы құнды жәдігерлер қатарында Шәкен Аймановтың 1970 жылы Мәскеуде апатқа ұшырап, қаза болған сәтіндегі былғары тоны да сақталып тұр.
Бөрік жөніндегі естеліктерді ойына түсірген Тоғжан аға әңгімесін одан әрі жалғай түсті.
Мен бала кезімде Шәкен ағаны бірнеше рет көрдім. Алматыға талай мәрте қонаққа барып, сол үйде апталап жататынбыз. Бізді Медеуге, қаланың әсем жерлеріне апарып қыдыртатын. 1968 жылы болуы керек, анам Жәмила Шүлембайқызы екеуміз Алматыға кезекті рет барғанда қызметтік көлігімен Медеуге алып шықты. Ол жерде «Тақиялы періштенің» түсірілімі жүріп жатыр екен. Сонда көп қызыққа кенелгенім бар. Әйгілі Әлімғазы Райымбеков, Серке Қожамқұлов, Әмина Өмірзақова, өзге де актерлерді тұңғыш рет көрдім. Тағы бірде Шәкен аға мені үйде жалғыз қалмасын деп, бір подъезде тұратын әнші Роза Бағланованың пәтеріне тастап кеткені бар. Роза апайдың үйі үнемі тап-тұйнақтай болып тұратын. Ал Шәкен ағаның балаларға деген мейірімі керемет еді. «Әй, Тоқашбек, мұнда кел», деп еркелете атайтын есімімді. Ақжарқын мінезді, үнемі көңілді, күліп жүретін адам-тұғын. Дүние жимаған, барын аямайтын қарапайым жан еді, үш бөлмелі пәтерінен өзге мүлкі болмаған. Ал енді бөрік жайында айтар болсам, қайтыс боларынан бір жыл бұрын Павлодарға келді. Қалада қазіргі «Қазақстан» мейрамханасы бар, кино түсірушілердің барлығы сонда орналасатын. Ол кезде Керекудегі Иса Байзақов көшесінде жер үйде тұрамыз. Кино түсірушілердің барлығы топырлап біздің үйге қонаққа жиналады. Анам наубайханада жұмыс істеген, келген қонақтардың барлығын тамақтандырып, риза қылып жібереді. Сонда Шәкен ағамыз әкеме естелік болсын деп басына киіп жүрген бөркін тастап кетті. «Алдаркөсе» фильміндегі бөрік екенін кейін білдік қой. Әкеміз қастерлеп төрге іліп қояды, ұсақ балалар қайдан біліппіз, әлгіні киіп алып ойнайтынбыз. Бірде Шәкен аға маған Франция елінен ішіне тәтті толтырылған паровоз ойыншығын алып келгені есімде.
Шәкен аға туған топырағына кино түсіруге келгенде ел-жұрт барлық кино түсіруші топты кезекпен қонақ етіп күтеді екен. Жаз бойы әлде бір туындыны түсіріп жатқанда баянауылдық тұрғын, «Қоңырәулие» үңгірінде шырақшы болған Жұмат Құрманов түсіру тобының жылқысын бағыпты. Сонда оған Шәкен аға күніне 3 сом 50 тиын төлеп тұрған. Әрі кетерінде бір жылқыны соғымға байлап кеткен.
Керекуде кеңес өкіметі жылдары қазақ театры болмады. Ел-жұрттың ұлттық өнерге сусап отырған кезі. Кейде Алматыдан Шәкен аға бастаған атақты актерлер гастрольдетіп Павлодарға келіп, қазіргі Чехов атындағы орыс театрын дүбірге толтырып, бірінен соң бірі пьесалар қояды екен.
Баянауылдық өлкетанушы, көкірегі шежіреге толы ел ағасы Алтынбек Құрманов (Жұмат Құрмановтың ұлы) та бала шағында Шәкенді көргенін жеткізді. Атап өтерлігі, Шәкен Айманов – әйгілі Шоң би Едігеұлының ұрпағы. Айманбұлақтағы «Шоңның қарағашы» соның айқын дәлеліндей. Шоңнан Ақын, Ақыннан Айман туады. Ал Алтынбек аға – Едігенің ұлы Еламаннан тарайтын ұрпақ.
Айман бұлақ маңайындағы жер жағдайын жақсы білетін өлкетанушы Ш.Айманов фильмдерінің қазақтың рухын сақтап қалуда маңызды рөл ойнағанын айтады. «Кеңес өкіметі қазақтың барлық ұлттық болмысын жоққа шығарып жатқан заманда Шәкен Кенжетайұлының фильмдерінен қазаққа тән бояудың иісі шығып тұратын. Ал енді салған әндері көптеген фильмде қайталанбас даусымен жазылып қалды», дейді А.Құрманов.
Шәкен Айманов – аз зерттелген тұлға. Інісі Кәукен Кенжетаев біраз естелік жазып кеткенімен, соңында іздеушісі шамалы. Білуімізше, Алматы қаласындағы мұрағаттардың біріне Кәукен Кенжетайұлы төте жазумен толтырылған 5 дәптерді табыс еткен. Онда Аймановтар тегінің шежіресі, атақты кинорежиссердің балалық шағы жазылған екен. Сол жазбаларды тауып, жарыққа шығаратындар табылады деген үміт зор.
Мұрат ҚАПАНҰЛЫ