Шебер

Қолымызға қалам алып жазғалы отырған кейіпкеріміз Теміртау қаласында тұрады. Ол кісімен Қарағандыда өткен «Ортеке» фестивалінде таныстық. Аты Төлеуғазы – декоративтік қолданбалы қолөнер шебері екен.

Қарағанды облысының Ақтоғай ауданы Қаратал ауылында бүгінде Шабанбай би ауылы жанында Беғазы қорымының аумағы көне дәуірдің ғана емес, сонымен қатар этнографиялық мекен. Осы киелі жерде Дүйсенбеков Төлеуғазы 1969 жылы дүниеге келді.

Оның бойындағы өнерге деген құштарлық туа біткен қасиет десек артық айтқандық емес. Бала жасынан ағаштан ою-өрнек жасауға деген бейімділігі байқалатын.

Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ ағаштан ойып жасаған дүниесіне ауыл тұрғындары таңдай қаққан-ды. Осылайша ол мектептегі «Жас техник», «Натуралист» секілді үйірмелерге қатысып, көңіл түкпіріндегі ой-қиялын әдемі бейнелерін жарыққа шығарып, ішкі түйсігі мен жан қалауын ұштастырып, тамаша бір өнер туындысын өмірге әкелетін.

Қолданбалы қолөнер шебері атанғанға дейін, бірнеше жыл оқыды, тоқыды.

– Алматыға арнайы барып, атақты қолөнер практигі мен теоретигі, кезінде елімізде теңдесі жоқ «Шеберлер ауылын» құрған Қалқаман Тілеухановтың шәкірті болдым, –  дейді Төлеуғазы Серікбайұлы.

Ұстазымен бірге алғашқы қазақтан шыққан ғарышкер Тоқтар Әубәкіровке музейлік статусы бар заттар жасаған.

Қалқаман Тілеухановтың жанында 15 жылдай жүргенін мақтанышпен айтады.

– Бастапқы кезде Қалқаман аға мені жолатпады. Тексеріп алайын дегені ғой, даладағы  бөлмеде тұрдым. Ауылдағылар, «ойбай анау Төлеуғазы малай болып кетіпті» деген де сөз шығарды. Сонда да қайтпадым. Кейін ол кісімен бірге Астанаға да бардым. Бала-шағам Теміртауда, мен Алматыда сөйтіп жүрген күндерім де өтті, –  дейді ұста.

Төлеуғазы қазіргі уақытта «Qarmet»-те ағаш шебері болып жұмыс істейді. Қолы қалт етсе болды, үйінің ауласындағы ұстаханадан табылады.

Шебер өз жұмысы барысында металдан нақыштама жасайды, балқарағай ағашы мен қызыл ағашты, тасты, сүйекті, мүйізді өндеп, көркемдейді. Былғарымен қаптайды.

Ауылдан арнайылап әкелген тастарды да ұсталықта пайдаланады.

Шебер Қарағанды мен Теміртау қалаларында өтетін көрмелерге де жиі қатысады.

Осы еңбегін бағалаған «Qarmet» басшылығы  автокөлік те сыйлады.

Шебердің үлкен туындысы Хан тағы деп аталады. Оның фрагменттерін күмістеп, сүйіктеп жасаған.

Сонымен қатар, Төлеуғазы шебер имандылық жолында риясыз әрекеттер жасауда. Ол өзінің туған ауылындағы мешітте түрлі көркемдеу жұмысын істеді.

Төлеуғазы өз шығармашылығын тұрақты жетілдіріп жүретін шебер. Ол үй жиһазының түр-түрін жасауда.

Көз қызықтырған орындық, үстелдер де үйінің ішін әрлендіріп тұр.

Сонымен қатар Төлеуғазы Серікбайұлы қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарын да жасайды.

Ұстаханасында бірнеше домбыра тұр. Олардың бәрі қайта жаңғыртуды күтіп тұрғанын айтты, шебер.

– Менің жасайтын дүниелерімнің алғашқы сұлбасы әуелі қиялымда пайда болады, он ойланып, жүз толғанып дегендей, үнемі ізденіс үстінде жүріп, әбден пісіп-жетілгенде ғана жасауға кірісемін. Әрине, ол үшін қиялымдағы дүниенің жалпы сұлбасы қандай болатынын, оның дәуірмен үйлесімділігін ұмыт қалдырмаймын. Сонымен қатар тарихи кітаптарды оқып, өз таным-көкжиегімді кеңейтемін, ең бастысы, менің жаным сұлулыққа, әдемілікке құмар, сондықтан қолымнан шыққан заттардың талғамы жоғары жұртшылықтың жүрегін жаулап алғанын қалаймын. «Абай жолына» бірнеше рет оралдым. Сол уақытты сол кітаптардан таптым. Сол арқылы, Хан тағы, Сұлтандар отыратын орындық дүниеге келді, – дейді шебер.

Ұлттық өнерге ерекше ден қойған ол теміртаулықтарды өзінің шығармашылығымен таныстырып, ұмыт болып бара жатқан ұлттық нақыштағы өнер туындыларымен таныстырудан жалықпайды.

– Қаладағы өтетін фестиваль, басқа да мәдени кештерге арнайы қатысамын.

Ел ішіндегі өнерлі азаматтарды дәріптеп, қолдау көрсетуге  дайынмын. Бірақ, қазіргі жастардың ұлттық қолөнерге зауқы соқпайды. Ауылдан келген бір бала бар. Жазда сол баланы үйреттім. Құлшынысы бар. Аты Рахметолла. «Келесі жазда келемін», деп кетті. Жазғы демалыста қолымнан келгенді үйретемін, – дейді қолөнерші Төлеуғазы Серікбайұлы.

Қалалық тарихи-өлкетану мұражайында Төлеуғазының қолданбалы өнерге арналған жеке көрмесі де өтті.

– Мен мұндай дүниелерді жасағанда ата-бабаларымыздың бойындағы арда қасиеттер мен бауырмалдықты, адамгершілік пен даналықты тұрмыс-тіршіліктегі ұлттық нақыштарды қоса өрнектеймін, әрбір зат сырт көзге қарапайым болып көрінгенімен, егер көз тоқтатып қарайтын болса, онда әрбір бұйымда ұлтымның ұлағаты пен парасаты, тіршілігінің тынысы жатқанын аңғару қиын емес, – дейді Төлеуғазы Дүйсенбеков.

Ұстаханасында домбырадан бастап тайтұяқ, қобыз секілді басқа да музыкалық аспап тұр.

Ал «Ортеке», «Биші елік» шекімесі, асық композициясы, тұрмыстық және балаларға арналған орындық, сонымен қатар ағаштан нақышына келтіре жасаған төсек осы кісінің қолынан шыққан.

Бүгінде қолөнер шебері атанған Төлеуғазы Дүйсенбеков шәкірт тәрбиелегісі келетінін жеткізді. Иә, өнерлі адамның жетістігін жеткізгеніміз де дұрыс болар. Өйткені, жұмыстан қол үзбей қолөнерді тастамаған шебердің жұмыстары өз жемісін берсе дейміз.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *