Қылышбек Жұматұлы Құрманов – Баянауыл топырағының тумасы. Жас кезінен қолөнерші болуға ықыласы ауған. Әу баста етікшілікті қолай көрген. Келе-келе ағаш өңдеуді қолына алған. Не жұмысты бастаса да тиянақтылығымен көзге түскен. Көкірек көзі ояу жас жігіт аз уақыттың ішінде зергерлікті де меңгеріп кетеді. Алла берген өнерін одан әрі шыңдай түсіп, тері өндірісінің де алғашқы әліппесін бастайды. Жиһаз жасау ісімен айналыса бастайды. Арасында ер шабудың тәсілдерін үйреніп, домбыра жасауды да кәсіп қылады.
Қолөнер ісін бір кісідей меңгерген Қылышбектің атағы да аспандап шығып, түрлі дәрежедегі көрмеден шақыртулар алады. Оның қолынан шыққан астабақ, ат әбзелдері, ожау, домбыра, сандық, кебеже, жүзік, сақина, сырға, шолпы, салпыншақ тағы да басқа қолөнер бұйымдары сапасы жағынан мақтауға тұрарлық еді.
Отызға толмаған жас жігіт Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 135 жылдық мерекесіне байланысты ұйымдастырылған шеберлер байқауына қатысып, бас жүлдені еншілейді. Артынша көп ұзамастан қазақ құрылтайына шақырылады.
Астана қаласында өткен «ЭКСПО – 2017» көрмесіне қойған көне жәдігерлері жан-жақтан келген қонақтар назарын бірден аударады. Комиссия мүшелері де бірауыздан алтын медаль беру керектігіне тоқталады. Сол кездегі дәуірі жүріп тұрған шенеуніктің бірауыз сөзінен аса алмаған комиссия күміс медаль берумен шектеліпті…
Тасы өрге домалап тұрған Қылышбек Жұматұлы бүгінде Қарағанды қаласында. Майқұдық Мәдениет үйіндегі «Атамұра» қолданбалы қолөнер үйірмесінің жетекшісі, шәкірт тәрбиелеп отырған ұлағатты ұстаз.
«Қарағанды қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімі» ММ қолдауымен М.Әуезов атындағы орталық қалалық кітапхананың өлкетану бөлімінің ұйымдастыруымен «Алтын қолды шебер» атты кездесу кеші өтті.
Кештің басты мақсаты Қылышбек Құрмановтың жасаған қолөнер бұйымдарын таныстыра отырып, халық өнерін қастерлеуге, үлгі тұтуға үйрету, шебердің зергерлік өнерін көпшілікке насихаттау болатын.
«90 жылдыққа – 90 кездесу» жобасы аясындағы шараға Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің тарих факультеті студенттері, мектеп мұғалімдері, кітапхана оқырмандары, «Атамұра» ұлттық қолөнер орталығының шәкірттері қатысты.
Арнайы шақырылған қонақтардың қарасы да мол. Атап айтқанда: Қарағанды облысының Құрметті азаматы Төрехан Майбас, Қарағанды облыстық ғылыми-техникалық құжаттама жөніндегі архив басшысы Темірғали Аршабеков, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Аңғар Смағұлов, Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының ғылыми қызметкері Елеужан Серімов, «Egemen Qazaqstan» газетінің Қарағанды облысы бойынша меншікті тілшісі Қасымхан Ғалым, «Ortalyq Qazaqstan» газетінің аймақтар бойынша тілшісі Ержан Имаш, Абай атындағы мектеп-гимназияның музыка пәні мұғалімі Ж.Әбдіров, Теміртау қаласындағы Qarmet зауытының дизайнері Т.Дүйсенбеков, дәстүрлі әнші Қ.Төкен, ЖМ Мәдениет үйінің «Серпер» домбыра үйірмесінің жетекшісі Қ.Бакраев, ҚарУ оқытушысы Е.Кейкин, талантты күйші Сепбосынов қатысып, ақжарма тілектерін білдірді, ән де шырқалды, күй де шертілді.
Қылышбек Жұматұлы көпшілікті қызықтырған ұлттық өнер жайлы сұрақтарға жауап берді. Кешті жүргізген модератор Ғ.Смағұлова келген қонақтарға рақметін айтып, Қ.Құрмановтың өнер жолына табыс тілеп, кітапхана ұжымы атынан Алғысхат тапсырды.
Аңғар СМАҒҰЛ,
журналист