«Ширек ғасыр – толағай табыстар мен еселі еңбектің кезеңі»

Көптен күткен күн де келіп, Бауыржан Момышұлы атындағы жалпы білім беретін мектебіне қарай жол тартқандар саны қалың. Өйткені,  білім ордасының құрылғанына 25 жыл. Ұстаздар, түлектер, арнайы шақырылған қонақтар мен оқушылар мерекелік іс-шараға куә болды.

Мектеп директоры Салтанат Алданышқызы келген қонақтар, түлектер, үстаздар мен оқушыларға өз тілегін жеткізді.

– Ширек ғасыр – толағай табыстар мен еселі еңбектің кезеңі. Иә, бұл мектептің тарихы – еліміздің  Тәуелсіздік шежіресімен тығыз байланысты. Естеріңізде болса, 2000-жылдардың басы Қазақстанның жаңа ғасырға нық қадам басқан шағы болатын. 2001 жылы «Ел мерейтойына – менің  үлесім» ұранымен бүкілхалықтық қозғалыс ұйымдастырылды. Осы орайда жаңа ғасырға, қадам басқанымыздың, еліміздің тәуелсіз болуының 10 жылдығының құрметіне «10 игі іс жасау керек» — деді, тұңғыш Президентіміз.

Иә, бұл бастаманы қолдаушылар да аз болмады. «Көгілдір тоғандар» ықшамауданында ата-аналар өтінішімен мектеп салу керектігін естіген Бағдат Түшкенұлы Шахмерденов сауда орталығын жасамақ ниетпен сатып алған орынды «Егер бұл мектеп болатын болса, қуана-қуана құжаттарды сізге тапсырайын деп қалалық әкімшілікке барып, үлкен азаматтық іс жасады. Осы азаматтың арқасында мектебіміз дәл Тәуелсіздіктің 10 жылдық мерейтойы қарсаңында бой көтерді.  Осы жылдар ішінде мектебіміз көркейе түсті. Шәкірттеріміз олимпиадаларға қатысып биіктен көрінді. Батыр атындағы мектепке қош келдіңіздер! – деді Салтанат Алданышқызы.

Өткен күннен сыр шерткен Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды Ұлттық Зерттеу универсиетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Нұрсахан Бейсенбекова, «Қарқаралы ауданының Құрметті азаматы», ақын Бағдат Шахмерденов мектептің тарихына тоқталды.

Алғаш №77 мектеп-балабақша кешені ретінде есігін айқара ашқан білім ұясы, 2020 жылдың 15-желтоқсанында даңқты қолбасшы, әскери қайраткер, жазушы, Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлының есімін иеленіп, рухты ұрпақ тәрбиелейтін үлкен қара шаңыраққа айналды.

– Біздің  мектепте «Жас Сарбаздар» сыныбының ашылғанына 10 жыл толды. 2024-2025 оқу жылынан бастап мектебімізде «Жас құтқарушы» бейіндік сыныбы ашылды. Мектебіміздің тағы бір мақтанышы – қаһарман  бабамыздың рухын ұлықтайтын Бауыржан Момышұлы атындағы музейдің ашылуы. Сонымен қатар, болашақ ақ халатты абзал жандарды дайындайтын медициналық сыныптың ашылуы мектебіміздің жан-жақты даму бағытын айқындап берді.

Біздің мектебіміз тек тәрбие мен тәртіптің ғана емес, сонымен бірге терең білімнің де алтын ұясы. 2016-2026 жылдар аралығындағы онжылдық белес біз үшін жеңістер мен биік асуларға толы болды. Осы 10 жыл ішінде мектеп ұжымы мен шәкірттері қала мектептерінің ішінде «Үздік олимпиадалық команда» атанып, білім бәйгесінде алдына жан салмады, – дейді  Бауыржан Момышұлы атындағы жалпы білім беретін мектеп директорының оқу-ісі жөніндегі орынбасары Айдана Әділбекқызы.

Осынау ширек ғасырда білім ордасының тізгінін нық ұстап, мектебіміздің абыройын асырған, өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан қадірлі мектеп директорлары Әміров Мартбек Төлеукешұлы, Оспанова Майра Мажкенқызы, Жантыбаева Зайра Рахметалиновна, Согосбай Амантай Согосбайқызы сахна төріне шығып, қызықты күндерді еске алысты.

Сонымен қата, мектептің ширек ғасырлық тарихында оның өсіп-өркендеуіне үлес қосқан, қиындығы мен қуанышын бірге бөліскен ардагер ұстаздар Шолпан Шағаламқызы,

Сара Сағадиқызы, Сергей Александрович  және Райхан Каиповна жас мұғалімдерге білім жолында сәттілік тіледі.

Мектеп пен ата-ана арасындағы ынтымақтастық – бала тәрбиесіндегі ең маңызды құндылықтардың бірі.  Ата-аналар атынан «Әкелер Одағының» жетекшісі Әділет Жағыпар сөз сөйлеп, ұстаздарға алғысын жеткізді.

Мектептің мерейлі тойына келген әр жылғы түлектер өз сыйлықтарын да ала келген екен. Салтанатты түрде лебіздерін жеткізген олар ұстаздар қауымына зор табыс тіледі.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ