Ел экономикасының тұрақты дамуы ең алдымен халықтың жұмыспен қамтылуына, азаматтардың тұрақты табысына және еңбек нарығындағы мүмкіндіктермен тығыз байланысты. Әсіресе өнеркәсіптік әлеуеті жоғары Қарағанды облысы үшін бұл бағыттың маңызы ерекше. Себебі өңір экономикасының негізін құрайтын тау-кен өндірісі, металлургия, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс және шағын және орта бизнес салалары мыңдаған адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 28 қазандағы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында экономиканы жаңғырту, өндірісті технологиялық тұрғыдан дамыту, шағын және орта бизнесті қолдау, цифрландыру мен жасанды интеллектіні кеңінен енгізу мәселелеріне басымдық берілді. Бұл міндеттердің барлығы еңбек нарығымен тікелей байланысты. Өйткені өндіріс жаңарған сайын жаңа жұмыс орындары ашылып қана қоймай, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар мен қызметкерлердің кәсіби дағдыларына қойылатын талаптар да өзгереді.
Біздің облыс – еліміздің ірі өнеркәсіптік орталықтарының бірі. Аймақта тау-кен өндірісі, қара және түсті металлургия, машина жасау, құрылыс материалдарын өндіру және басқа да салалар жақсы дамыған. Сондықтан өңірдегі еңбек нарығының ахуалы өнеркәсіптің даму қарқынымен тікелей байланған.
Биыл қаңтар-тамыз айларында облыстағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 3,7 триллион теңгеден асты. Оның 2,6 триллион теңгесі өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. Ал өнеркәсіптегі еңбек өнімділігі бір жылда 8,1 пайызға өскен. Бұл көрсеткіштер өндірістік әлеуеттің артып келе жатқанын аңғартады.
Өнеркәсіптің дамуы жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Мәселен, биылғы қаңтар-қыркүйек айларында облыста 9 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды. Оның 94 пайызы тұрақты жұмыс орындары. Бұл – өңір экономикасындағы оң өзгерістердің бірі. Өйткені тұрақты жұмыспен қамту азаматтарға ұзақ мерзімді табыс көзін қалыптастыруға, отбасылық бюджетті жоспарлауға және әлеуметтік жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.
Шағын және орта бизнестің де бұл үдеріске қосып отырған үлесі аз емес. Қыркүйек айындағы дерек бойынша Қарағанды облысында 94,9 мың шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Олар өндірген өнім мен көрсеткен қызметтердің жиынтық көлемі 1,1 триллион теңгеден асып, өткен кезеңмен салыстырғанда 12,4 пайызға артқан. Кәсіпкерлік субъектілерінің көбеюі қызмет көрсету, сауда, қоғамдық тамақтану, өндіріс және басқа да бағыттарда қосымша жұмыс орындарының пайда болуына жол ашады.
Жалпы, облыстағы жұмыссыздық деңгейі 4 пайызды құрайды. Бұл – республика бойынша төмен көрсеткіштердің бірі. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша биыл ІІ тоқсанда өңірде 21,5 мың адам жұмыссыз болған. Осы кезеңде орташа айлық атаулы жалақы 470,4 мың теңгеге жетіп, былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,8 пайызға өсті.
Алайда жұмыспен қамту саясатының нәтижесін тек жұмыссыздық деңгейімен бағалау жеткіліксіз. Ең бастысы – азаматтардың тұрақты жұмысқа орналасуы, кәсіби біліктілігінің артуы және еңбегіне сай табыс табуы. Осы тұрғыдан алғанда, өңірде еңбек нарығына қатысушыларды қолдауға бағытталған бірнеше тетік қатар жүзеге асырылып келеді.
Еңбек нарығындағы маңызды бағыттардың бірі – жастарды жұмыспен қамту. Мектепті немесе жоғары оқу орнын бітірген түлектердің басым бөлігі үшін еңбек жолын бастау оңай емес. Бір жағынан, жұмыс берушілер тәжірибесі бар мамандарды іздейді. Екінші жағынан, жас мамандардың теориялық білімі болғанымен, өндірістік тәжірибесі жеткіліксіз болуы мүмкін.
Осы мәселені шешу үшін жастар практикасы, алғашқы жұмыс орны және басқа да жұмыспен қамту тетіктері қолданылады. Бұдан бөлек, қысқа мерзімді кәсіптік оқыту бағдарламалары мен SkillsEnbek платформасы арқылы жаңа дағдыларды меңгеруге мүмкіндік бар.
Облыс әкімдігінің дерегіне сүйенсек, 2026 жылдың басынан бері өңірде 22 мыңнан астам адам жұмысқа орналасқан. Олардың жартысынан астамы – жастар. Ал жалпы 28 мыңнан астам тұрғын жұмыспен қамту шараларымен қамтылған. Бұл ретте азаматтарды тек бос жұмыс орындарына бағыттау емес, олардың еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды игеруіне жағдай жасауға да көңіл бөлінуде.
Мұнда кәсіптік білім беру ұйымдарының рөлі ерекше. Қарағанды облысында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі өндіріс орындарымен тығыз байланыста дамып келеді. Колледждерде металлургия, машина жасау, электр энергетикасы, дәнекерлеу, құрылыс және басқа да бағыттар бойынша мамандар даярланады.
Әсіресе ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар үшін білікті жұмысшы кадрлар ауадай қажет. Металлург, электр маманы, механик, дәнекерлеуші, тау-кен ісінің маманы сияқты кәсіп иелеріне сұраныс тұрақты. Сондықтан білім беру бағдарламалары еңбек нарығының нақты қажеттілігіне сәйкес жаңартылуы маңызды.
Бүгінде жұмыс берушілер маманнан тек дипломды ғана емес, нақты кәсіби дағдыны, технологиялық жабдықтармен жұмыс істеу қабілетін, цифрлық сауаттылықты және қауіпсіздік талаптарын сақтауды талап етеді. Демек, білім беру ұйымдары мен кәсіпорындар арасындағы байланысты одан әрі нығайту – уақыт талабы.
Президент Жолдауында өнеркәсіпті технологиялық жаңғырту мен жасанды интеллектіні кеңінен енгізу мәселелеріне басымдық берілуі еңбек нарығына да жаңа талаптар қояды. Өндірістік үдерістер автоматтандырылып, цифрлық басқару жүйелері енгізілген сайын кейбір дәстүрлі мамандықтардың мазмұны өзгереді. Ал жаңа технологияларды меңгерген қызметкерлерге сұраныс арта түседі.
Бұл ретте қызметкерлердің біліктілігін арттыру мен қайта даярлау ерекше маңызға ие. Мәселен, өндірісте ұзақ жылдар еңбек етіп келе жатқан жұмысшы жаңа технологиялық жабдықтарды басқаруды үйренсе, оның кәсіби мүмкіндігі де кеңейеді. Сол сияқты цифрлық құралдарды меңгерген маман еңбек нарығында бәсекеге қабілетті бола түседі.
Қарағанды облысында азаматтарға қысқа мерзімді кәсіптік курстар ұсынылып, SkillsEnbek электрондық платформасы арқылы қашықтан білім алу мүмкіндігі қарастырылған. Бұл әсіресе тұрақты жұмысы жоқ немесе басқа мамандықты игергісі келетін азаматтар үшін тиімді.
Жасанды интеллектінің ықпалы да назардан тыс қалмауы керек. Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғалымжан Спабеков Еңбек министрлігінің болжамына сілтеме жасап, алдағы жылдары жасанды интеллект әсерінен 14 мамандық жойылып, 500-ден астам мамандықтың сипаты айтарлықтай өзгеруі мүмкін екенін айтқан болатын.
Сондықтан мамандықты бір рет игеріп, сол біліммен өмір бойы жұмыс істеу кезеңі біртіндеп артта қалып барады. Ендігі жерде адамның кәсіби дамуы үздіксіз үдеріске айналуы тиіс. Бұл – тек жастарға емес, еңбек өтілі мол мамандарға да қатысты мәселе.
Жұмыспен қамту саясатының тағы бір маңызды бағыты – әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтарды еңбекке тарту. Олардың қатарында мүгедектігі бар адамдар, зейнет жасына жақындаған азаматтар және тұрақты жұмыс табуда қиындыққа тап болған өзге де санаттар бар.
Бұл бағытта Қарағанды облысында бірқатар жоба жүзеге асырылып келеді. Соның бірі – «Алтын жас» жобасы. Оның аясында 2026 жылдың басынан бері 702 зейнеткер жұмысқа орналасқан. Жоба еңбек тәжірибесі мол азаматтардың әлеуетін пайдалануға, олардың қоғам өміріне белсенді араласуына мүмкіндік береді.
Ал мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту мәселесінде жұмыс орындарының қолжетімділігі мен еңбек жағдайына ерекше мән беріледі. Биыл өңірде осы санаттағы азаматтар үшін 11 арнайы жұмыс орны құрылған. Жұмыс берушілерге қажетті құрал-жабдықтарды сатып алу, орнату және бейімдеу шығындары өтеледі.
Сонымен қатар шілде айынан бастап облыста JOB COACH жобасы іске қосылды. Оның ерекшелігі – азаматқа жұмыс іздеу кезінде ғана емес, қызметке орналасқаннан кейін де қолдау көрсетілуі. Яғни мамандар жаңа қызметкердің жұмыс ортасына бейімделуіне, еңбек міндеттерін игеруіне көмектеседі.
Қарағанды қаласында бұл бағытта Qoldau тең мүмкіндіктер орталығы жұмыс істейді. Мұнда азаматтарға кәсіби кеңес беріліп, психолог пен ымдау тілі маманының көмегі ұсынылады. Сондай-ақ көру қабілеті мен тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдарға арналған арнайы жабдықталған компьютерлік жұмыс орындары бар.
Мұндай бастамалардың маңызы зор. Өйткені жұмыспен қамту – тек экономикалық көрсеткіш емес, адамның қоғамдағы орнын айқындайтын, өз қабілетін жүзеге асыруына мүмкіндік беретін әлеуметтік тетік. Әр азаматтың еңбек етуіне жағдай жасау – әлеуметтік мемлекеттің басты міндеттерінің бірі.
Еңбек нарығында тек жалдамалы қызметкерлердің санын арттыру жеткіліксіз. Азаматтардың өз кәсібін ашуына, жеке бастамаларын жүзеге асыруына да қолайлы жағдай жасалуы керек. Себебі шағын кәсіпкерлік жаңа жұмыс орындарын құрумен қатар, жергілікті экономиканың дамуына серпін береді.
Осы бағытта Қарағанды облысында «Бастау Бизнес» жобасы жүзеге асырылуда. Оның аясында жыл басынан бері 2404 адам кәсіпкерлік негіздерін оқып шыққан. Ал әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға жаңа бизнес-идеяларын іске асыру үшін мемлекеттік гранттар ұсынылады. Брифинг кезінде басқарма басшысы Ғалымжан Спабеков 164 грант берілгенін хабарлаған болатын.
Мұндай қолдау арқылы тұрғындар сауда, қызмет көрсету, ауыл шаруашылығы, шағын өндіріс және басқа да бағыттарда өз ісін бастай алады. Әсіресе аудандық және ауылдық жерлерде шағын кәсіпкерлікті дамыту маңызды. Өйткені ауылда бір ғана өндіріс орнының немесе қызмет көрсету нысанының ашылуы бірнеше адамның тұрақты жұмыспен қамтылуына ықпал етеді.
Мемлекет басшысының Жолдауында шағын және орта бизнесті қолдау, инвестициялық ахуалды жақсарту және экономиканың жаңа мүмкіндіктерін қалыптастыру мәселелеріне назар аударылуы да осы міндеттермен үндеседі. Кәсіпкерліктің дамуы үшін қаржылық қолдаумен қатар, әкімшілік кедергілерді азайту, инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және нарыққа шығу мүмкіндіктерін кеңейту қажет.
Облыстың еңбек нарығын дамытуда алдағы уақытта бірнеше бағытқа басымдық беру маңызды. Біріншіден, экономиканың нақты қажеттіліктеріне сәйкес кадр даярлау жүйесін жетілдіру қажет. Екіншіден, жұмыссыз азаматтарды қысқа мерзімді оқыту мен қайта даярлау мүмкіндіктерін кеңейту керек. Үшіншіден, жастардың алғашқы жұмыс орнына орналасуына, әлеуметтік осал топтардың еңбекке араласуына және ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсету жалғасуы тиіс.
Президент Жолдауында көтерілген өндірісті жаңғырту, цифрлық экономиканы қалыптастыру, жасанды интеллектіні енгізу және инфрақұрылымды дамыту міндеттері осы бағыттардың барлығына жаңа серпін бере алады. Мәселен, инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асуы құрылысшыларға, инженерлерге, энергетиктерге, жол саласының мамандарына сұраныс туғызады. Ал өндірісті технологиялық жаңарту жаңа буын мамандарын даярлауды талап етеді.
Манас АҚСАРЫ
