Салауатты өмір салтын қалыптастыру, бұқаралық спортты дамыту және табиғат аясындағы белсенді демалысты насихаттау – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Осы бағыттағы игі бастамалардың жалғасы ретінде 2026 жылдың 11 шілдесінде Ақадыр кентінде Шет ауданының дене шынықтыру және спорт бөлімі, Ақадыр кенті әкімдігі және кентіміздің спорт жанашырларының ұйымдастыруымен дәстүрлі ІІ «Aqadyr Trail Run» жазғы жүгіру жарысы жоғары деңгейде ұйымдастырылып өтті.
Елді мекеннің көшелерінде өткен дүбірлі додаға еліміздің әр өңірінен келген әуесқой спортшылар қатысып, өзара бақ сынады. Атап айтқанда, Астана және Алматы қалаларынан, Ақмола, Ақтөбе, Павлодар, Түркістан, Ұлытау және Қарағанды облыстарының қала-аудандарынан 70-тен астам жүйрік жиналып, жарыстың көркін қыздырды. Осы жарыс – Ақадырдағы спорттық шараның жылдан-жылға беделі артып, республикалық деңгейдегі бұқаралық спорт мерекесіне айналып келе жатқанын аңғартады.
Жарысқа қатысушылар 10 және 20 шақырымдық қашықтықтарда өз бақтарын сынады. Әрбір қатысушы төзімділік пен жігердің, қайсарлық пен табандылықтың үлгісін көрсетті. Табиғаттың әсем көрінісімен астасқан жарыс жолы спортшыларға ерекше әсер сыйлап, көпшіліктің көңілінен шықты.
Жарыс жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өтіп, қауіпсіздік талаптары толық сақталды. Ұйымдастырушылар қатысушылардың жайлылығы мен жарыстың әділ өтуіне барынша жағдай жасап, әрбір кезеңнің талапқа сай өткізілуіне ерекше көңіл бөлді.
Мәре сызығын кесіп өткен барлық қатысушыларға жарысты сәтті аяқтағанын білдіретін finisher медальдары табысталды. Ал өз жас ерекшеліктері бойынша үздік нәтиже көрсеткен жеңімпаздар мен жүлдегерлер бағалы сыйлықтармен, ақшалай сертификаттармен және арнайы дипломдармен марапатталды. Бұл марапаттар спортшылардың еңбегі мен қажырлы дайындығына берілген лайықты баға болды.
Осындай ауқымды спорттық шараның өтуіне қолдау көрсеткен мекемелер мен демеушілердің, еріктілердің және жарыстың ұйымдастырушыларының еңбегі ерекше. Олардың бірлескен жұмысының арқасында жарыс қатысушылардың ғана емес, көрермендердің де көңілінен шығып, нағыз спорт мерекесіне айналды.
«Aqadyr Trail Run» – тек жүгіру жарысы ғана емес, ол – салауатты өмір салтын дәріптейтін, адамдарды спортқа баулитын, өңірлер арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтатын маңызды жоба. Мұндай игі бастамалар жас ұрпақты спортқа баулып, бұқаралық спорттың дамуына серпін беретіні сөзсіз.
Жарыстың жоғары деңгейде өтуіне үлес қосқан барлық ұйымдастырушыларға, демеушілерге, медицина қызметкерлеріне, еріктілерге және жанкүйер қауымға шынайы алғысымызды білдіреміз. Дәстүрлі «Aqadyr Trail Run» алдағы жылдары да өз жалғасын тауып, қатысушылар қатары көбейіп, Ақадырдың мерейін үстем ете берсін деген ақ тілегімізді білдіреміз. Спорт салтанат құрған жерде – денсаулық, достық және жеңіс әрдайым бірге болмақ.
Қалижан БЕКҚОЖА,
Ақадыр кенті
