Header Banner

Мерғазы ТӨЛЕУТАЙҰЛЫ: «САНАҒА ЖИНАЛДЫ ШУМАҚТАР»

Мерғазы Төлеутайұлы – 2008 жылы 30 қыркүйекте Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданының Сарытерек ауылында дүниеге келген.

Мектепті тәмамдаған. Жастайынан әдебиет пен музыкаға ерекше қызығушылық танытып, шығармашылық жолды таңдаған.

Мерғазы – ақын әрі композитор. Домбыра, гитара, укулеле және сазсырнай аспаптарында еркін ойнайды. Қазіргі уақытта қобыз бен пианино аспаптарын меңгеріп жүр.

Шығармашылығы ұлттық өнер мен заманауи музыканы ұштастыруға бағытталған. Өлең мен ән арқылы қазақ руханиятын дәріптеп, өз тыңдармандарына ұлттық құндылықтарды насихаттауды мақсат етеді.

 

***

Жолдамын,

Ел жаққа қайтып барам.

Іште бір сезім өртеніп,

Лаулады жаман.

Отыр едім өзіңді әнге қосып,

Ілініп кетті көзім,

Өшпей санам.

 

Өшпей санам,

Түсімде сені көрдім.

Ай жарығы ажарлы,

Келмейді көнгім.

Жарығым-ау,

Сен де мені байқадың ба?

Тілегім –

Аяқталмасыншы осы бір күн.

 

Алдымызда сахна,

Ал екеуміз көрермен.

Бір махаббат көрінісі,

Ғашықтыққа жөнелген.

Ұсындым қолымды,

Болсын деп жақын арамыз.

Дәл осы сәт

Жүректің қағысы бөгелген.

 

Келмейді,

Келмейді менің оянғым.

Екеумізді

Ажыратып қояр кім?

Санада қалған

Сәттерді кейде ұмытам.

Сені көрген

Күндерді қалай жоярмын?

 

Уақыттар өтті,

Көкжиекке таң атты.

Қолыма қалам алдым,

Сырладым парақты.

Әлі талай

Жырлармын өзіңді.

Сен менің музам болдың,

Сезімдер үн қатты.

 

Мұқағалиге арнау

 

Төбемде мына көк аспан,

Қалқиды бір қыран құс.

Мұзбалақ болған болмысы,

Еліктейміз мына біз.

 

Хан Тәңірі шыңындай

Биік оның асқары.

Биіктікке ұмтылу

Қара өлеңнен басталды.

 

Оттай жанып, лапылдап,

Жалындайды өлеңі.

Жасырмаған сезімін,

Асау оның жүрегі.

 

Мұқағали – қазақтың

Жігерлісі, өрт жаны.

Алаштың бұл да бір баласы,

Поэзияның көкжалы.

 

Бой көтеріп алынбас

Ақын деген қамалы.

Қияметке дейін жойылмас

Көк сиясы, қаламы.

 

***

Ғашықтық,

Дәл қазір мен де ғашықпын.

Білмеймін неге жүрегім бұлай асықтын?

Арада қалды,

Қаншама қашықтық.

Артымда жатыр,

Өлеңге толы жазықтық.

 

Сендегі жүрек,

Сезді ме мендегі дүрсілді.

Сезімім менің,

Бүршік жарған гүл сынды.

Кетерде дәл сол,

Байқаудың интернатынан

Жүректің дүрсілі

Еріксіз күрсінді.

 

Бұл неткен,

Мені алдайтын мамыр айы.

Әр жыл сайын

Ғашықтықтан айырады.

Екеуімізді

Ақын қиял қабылдайды.

Алайда тағдыр

Поэзияға бағынбайды.

 

Көргенде сені

Санаға жиналды шумақтар.

Баурады сезімдер

Дауысың кіргенде құлақтан.

Ел жаққа қарай

Мінетін кезде пойызға

Уақыты оның

Үнсіз мені жылатқан.

 

Жайғастым еріксіз

Жолың болсын деп жазуға.

Телефон суық

Себебі мен одан алыста.

Ертістің жағасы

Керемет, көркем әрі

Тек сен

Жетіспей қалдың жаныма.

 

Сен интернатта,

Мен жағасында Ертістің.

Өзенге қарадым,

Сырласайық деп келістік

Мен де үнсіз,

Ол да үнсіз бірақ та

Себебі сені

Шығарып салмадық бірлесіп.

 

Осылай міне,

Ақының бүгін мұңайды.

Қосылып оған

Өлеңдер көл боп жылайды.

Ғашық адамды

Әрине тағдыр сынайды.

Әзірге ол

Тек телефоннан қол бұлғайды

(сирек).

 

Сенің бейнең,

Қалды мендегі таспада.

Көріп отырмын,

Тамшылар төгілді аспаннан.

Жанардан құлаған

Жастарды жауын жасырып.

Ақынның парағын,

Мүлдем баспаған.

 

Жаңбырдан кейін,

Көрінді алып жарық күн.

Телефонымда әлі,

Сенің бейнең жарық нұр.

Мен үшін

Ал мен үшін дәл қазір,

Зымыран уақыт тоқтап тұр.

 

Өртен, менің өлеңім

 

Өртен, өртен,

Өртене түс өлең жыр.

Ақын жанға майдан екен өмір бұл.

Қараңғыны қақ жарып, таңды оят,

Жалын болда, жүректерге әмір қыл.

Жүрегімнің от кешкені мәлім жүр.

 

Тыншытпа,

Тыныштықтан қорқамын мен.

Күйік сал, сусып жатқан күндерге пәлен,

Қадірсіз қалып барады қайран уақыт.

Әйтеуір ілесеміз әрең-әрең,

Осыны бір түсінбейді мылқау әлем.

 

Шарпы, шарпы,

Шарпы да өт өлеңді.

Жалындатшы өрілмеген өнерді.

Сөніп барады, келген бе сауаттың ажалы?

Мылқау болып сүріп жүрміз өмірді,

Ажырата алмай кімдер тірі, кім өлі.

 

Жинал, жинал,

Жинал, менің шабытым.

Сен де өртен, бар кезінде уақытын.

Бойымдағы бар нәрсені жиып ап,

Адасқанды дұрыс жолға шақырғын…

Бұйырыпты өлең жазу бақыты.

 

Соқ, соқ, менің

Найзағайдай тамырым.

Оттай сезім алаулатсын әр үнің.

Мұқағали секілді бұйырсын бақ,

Жазған сөзі тоқтатпаған жалынын –

Мәңгілік естен кетпес ақының