Бұдан үш жыл бұрын Қарағанды қаласындағы Сарыарқа даңғылы жолының бойында екі жағына жалпы 1200 көшет отырғызылды. Оның 890 тал келесі жылы шықпай қалды. Мұны айтқан табиғат жанашыры, қала тұрғыны Сәкен Келдібаев ағамыз.
Әр тал есепте
Бұдан төрт жыл бұрын Екібастұздан Қарағандыға қарай ат басын бұрған Сәкен ағамыздың 30 жылы жерге арналған. Агроном, Кеңес дәуірінде екі кеңшарда директор болған. Бүгінде зейнетке шыққанымен білгенімді жастарға үйретсем деген жан.
Қарағандылықтар Сәкен ағамызды «табиғат тамыршысы» дейді. Оған да негіз бар. Қашан болса да қаланы аралап егілген талдардың қалай өсіп жатқанын бақылап қана қоймай, қойын кітапшасына жазып алады.
Бір жазғанына көз салдық. Онда «2024 жылдың 16 ақпан күні ауа райы аязды болса да Қарағанды қаласының орталық мәдениет және демалыс саябағында былтыр көктемде және күзде сенбілікте отырғызған қарағай ағаштарын арнайы барып, қалың қарда шамам келгенше жақындап, амандасып, қыстан аман-есен шығуларына тілегімді білдіріп қайттым. Желтоқсан айының 19-ы күні де барып қайтқанмын. Негізі, отырғызған ағаш болсын, гүл болсын, егін-шөп болсын адамдарды тосады, барып сөйлескенді ұнатады.
2023 жылы сенбілікте отырғызған қарағайлар:
- 29 сәуір сенбілікте Қарағанды облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы 36 түп қарағай отырғызды, 3 түп тамырланбай қалды, 33 түп қарағай өсіп тұр.
- 20 мамыр сенбілікте облыстық маслихат депутаттары 20 түп қарағай отырғызды, 2 түп тамырланбай қалды, 18 түп қарағай өсіп тұр.
- 20 қазан, Республика күніне орай, Қарағанды қаласының жастар ресурстық орталығы «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары жобасы аясында «Жаңа Қазақстан. Таза аймақ» атты экологиялық акциясын өткізіп, 32 түп қарағай отырғызды. Барлығы тамырланып өсіп тұр. Көктемде белгілі болады», – делінген.
Сәкен Келдібаев жазып қана қоймай кеңес те айтады. «Айта кету керек, былтыр көктемде және күзде отырғызған қарағайларға биыл көктемде де күтім керек. Әсіресе күзде отырғызған қарағайларға ерекше күтім қажет. Минералды тыңайтқыштармен қосымша қоректендіріп, айналасындағы топырағын көтеру керек, тамырлары ашылып қалмау үшін және байлаған жіптерін тексеру қажет», – дейді ол.
Қарағайға қарап тал өсер
Қарағанды қаласында соңғы мәліметтер бойынша 1 миллион 800 мың ағаш бар екен. Соның 5000-ға жуығы апатты, яғни кәрі, қатты желде құлап, тұрғындарға зиян келтіруі мүмкін. «Апатты ағаштар жылдан жылға көбейіп келеді. Жылда қалада ағаш отырғызғанымен, мердігерлердің мардымсыз жұмысының кесірінен қурап қалып жатыр. Оны бәріміз көріп жүрміз. Заңсыз ағаш кесіп, сындыру да тыйылмай тұр. Қаладағы ағаштардың көбі ертеректе қала тұрғындарының қолдарымен отырғызылып, суарып өсірілген. Заңсыз кесіліп, кәртайған ағаштардың орнын қалай толтырамыз?», – деп толғайды табиғат жанашыры.
Жылда көктемде сенбілікте облыстық, қалалық мәслихат депутаттары, мемлекеттік мекемелер, партия және қоғамдық ұйымдар өкілдері дайын шұңқырға дайын ағашты отырғызады. Мереке қылып өткізіп, жақсы сөздер мен тілектер айтады. Телеарналардан, әлеуметтік желіден бәрі көреді. Шындығын айту керек, содан кейін отырғызған ағаштарын ұмытып кетеді. «Былтыр облыстық мәслихат депутаттары 20 мамыр күні орталық саябақта 20 қарағай отырғызды. Белгісіз себептермен ұмытып кетіп, қурай бастағанда мен дабыл қағып, аман алып қалғанбыз, оны бәрі біледі. Аты-жөнін жазбайын, бір облыстық мәслихат депутатына телефон соқсам «Біз отырғыздық, барып жүруге алыс, суаруға уақытым жоқ», – деді. Масқара емес пе? Аптасына бір рет суаруға уақыты болмаса неге отырғызды екен? Мұндай көз алдаушылықты тоқтату керек», – дегенді қосты Сәкен мырза.
Біреуінің мамандығы – инженер, екіншісі – экономист
Қарағандыда көгалдыру бойынша маман тапшы. Сәкен ағамыздың налитыны да осы. «Бірде автобуста отырып «Көгілдір тоғандар» саябағына терезеден қарасам, үйілген қардың арасынан қылтиып жартысы ғана көрініп тұрған қарағайды көзім шалды. Басқа шағын ауданда тұрғандықтан, Майқұдыққа сирек баратынмын. Қайтар жолда әдейі автобустан түсіп қалдым, балалар ойын алаңынан қарды өсіп тұрған қарағайға итеріп, үстіңгі жағын сындырып тастапты. Бірден Әлихан Бөкейхан атындағы аудан әкімшілігіне хабарласып, фотосуретін жібердім. 31 қаңтар күні таңертең сағат 10-да сол жерде кездесетін болып келістік. Айтылған уақытта саябаққа келдік. Әлихан Бөкейхан ауданы абаттандыру бөлімінің мамандары, сол шағын аудан тұрғыны Аңғар Смағұлов және қар тазалайтын мердігер компания уәкілі болды. Қардан қарағайды аршып, ашып қойыпты, қарағайдың үстіңгі жағы жоқ, қар итергенде сынып қалған. Сынған қарағайға акт жасайтын болдық. Балалар ойын алаңының қарын кешегідей емес жақсы тазалапты, қарды машинаға артып алып кеткенге ұқсайды. Сынған қарағайға, жалпы ағаштарға келгенде байқағаным, Әлихан Бөкейхан ауданы абаттандыру бөлімінің мамандары көгалдандырудан кенже, ағаштардан ауылы алыс. Бірінің мамандығы – инженер, екіншісі – экономист! Ал керек болса. Мына түрімізбен қаланы қалай көгалдандырып, жасыл желекке жеткіземіз?
Қарағайлар күтілмеген, байланбағандықтан құлауға жақын тұр. Күзде байлап дайындамаған. Көктемде күн жылынып, жер жібігесін құлап қалулары әбден мүмкін. Кездесу барысында Әлихан Бөкейхан ауданы абаттандыру бөлімінің бас маманы Сәбит Жанғасымов мемлекетік қызметкерге жараспайтын жат қылықтар көрсетіп, дөрекілік танытып, үлкенге деген сыйластықты санасынан аздап шығарып алған еді. Мен маман ретінде айтқандарымды аса тыңдамай, өздерін қорғаумен болды. 1 ақпан күні Әлихан Бөкейхан ауданы әкімі Досбол Кулекеев өзі телефон соғып, әкімдіктің бас маманы Сәбит Жанғасымов үшін кешірім сұрап, азаматтық білдірді. Іле Сәбит Жанғасымов телефон соғып кешірім сұрамақ болды. Мен «Сынған қарағайдың қасында кездесіп, сол жерде кешірім сұрайсың» дегесін, сол жерде кездесіп кешірім сұрады», – дегенді айтады кейіпкеріміз.
Көгалдандыру, не болмаса орман шаруашылығы мамандығы қосылса
Қарағанды облысының колледждерінде жаңадан 8 мамандық бойынша мамандар дайындау жоспарлануда деген жақсы жаңалық айтылды. Әрине, жастар жаңа мамандықты игеріп, ел игілігіне қызмет еткен жақсы. «Менің айтайын дегенім, осы жаңадан дайындайтын 8 мамандыққа тағы бір өте қажет көгалдандыру, не болмаса орман шаруашылығы мамандығы қосылса. Алдағы оқу жылында айтылған мамандық бойынша топ ашып, дайындай бастаса дұрыс болар еді. Қарағанды және облысымыздағы басқа қалаларға өте қажет мамандық», – дегенді қосып қойды ағамыз.
Шынын айту керек, қаламызда ағаштарға күтім жасалмайды. Уақытында кесу, зиянкестер мен ауруларға қарсы күрес жүргізілмейді. Ағаштар да ауырады, өйткені тірі ағза. «Бірнешеуіне тоқталып кетейін. Көшеде келе жатқанда байқауға болады, ағаштың қабықтары қопсып түсіп жатады, ондайда қопсыған қабықтан тазалап, арнайы қоспамен бүрку керек. Бұтағы сынған, кескен жеріне майлы бояу, немесе арнайы паста жақпаса, орнына біздің тісіміздегі сияқты қуыс пайда болады, оның ішін тазалап пломбы салу керек. Бұлар өзіміз күнделікті көріп жүрген ағаш аурулары. Қураған бұтақтарды уақытында шырпып отыру керек, олар әртүрлі ауру мен зиянкестерді таратады. Шырпудың да техналогиясын білу керек. Әрине, бұндай жұмыстарды мамандар жүргізу керек. Қалада маман тапшы, маман дайындап алуға қала билігінің ниеті байқалмайды», – деп қынжылады Сәкен Келімбетов.
Түйін
Екі жыл бұрын Қарағанды қаласының Сарыарқа даңғылы жолы бойында екі жағына жалпы 1200 көшет отырғызылды. Оның 890 тал келесі жылы шықпай қалды. Мұны айтқан табиғат жанашыры, қала тұрғыны Сәкен Келдібаев ағамыз. Былай болған екен. «Сол уақытта «бұл көшеттер өспейді» дедім. Әкімдікпен келісіп екі күнде бүкіл отырғызылған көшетті ұстап көрдім. Тамырын тексердім. 890-на «өспейді» деп белгі қойыппын. Дәл солай болды. Келесі жылы мердігерлер сол көшеттердің орнына егеміз деп бірнеше түп тал әкелді. Өспейді бұларын да деп қайтардым. Негізінде көшеттері өсіп кеткені көзге көрініп тұрды. Сонымен қатар «топырағы шашылып қалмасын» деп ораған целофан қапшықты алмай отырғызғандар да болды. Шынымен де сол көшетке тапсырыс беруші де, «отырғызамын» деп алып келген мердігер де өз ісінің маманы болуы керек емес пе? Содан барып миллиондаған теңгені желге ұшырамыз. Осымен әзірге тоқтайық, тағы кейін жалғастырармыз. Айтар әңгіме әлі көп», – деді кейіпкеріміз.
Иә, Қарағанды қаласының экологиясы сын көтермейді. Біздің айтқанымыз тек қана ауаны тазартады деген өсіп тұрған тал ғана емес, екпей жатып қурап қалған көшеттер жайында болды. Қаланы басқан көк түтін мен қоқыс мәселесі туралы да айтары көп табиғат жанашыры Сәкен ағамыздың.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ