Жаз айының мамыражай күнінде Тоқтар батыр ауылында үлкен той тамаша болып өтті. «Жақсыны көрмек керек» дегендей, түнімен толассыз жауған жаңбырға да карамастан, ағылған ел-жұрт бір-бірімен кездесіп мәре-сәре болды. Жаңбырдан кейін дала сұлудай таранып, ауаның хош иісі аңқып, адамдар жадырап мамыражай күйге енді. Тау жақтан көңілді желпіндіріп, жұпар самал желде де есті. Әр жылдары мектеп бітірген ауыл жастары бірігіп 100 шақты ақ шаңқай кигіз үй тігіп, думанды тойды дүбірлетіп өткізуге белсенділік танытқан. Ауыл жастарына қолдау көрсеткен шаруа қожалықтарының көмектеріне де ризашылық білдіреміз.
Қай елде болмасын халық бақыты үшін жандарын пида еткен нар ұлдары болған. Отан шебіне жау тигенде «Отан үшін жан пида» деп сұм соғысқа аттанған. Көбі оралмады, кеудесін отқа тосып мерт болды. Ер есімі, ел есінде!
— Бір кездері Қарынши бөлімшесі миллионер колхоз атанған. Ауыл шаруашылығын дамытуға үлес қосқан ауыл азаматтарының алтауы Социалистік Еңбек Ері атанып, ал алты адам Ленин орденімен марапатталған. 1969 жылы «Восток»совхозына директоры болып Кәкім Зәкішев тағайындалды. Ауылымыздың көркеюіне ерен еңбек сіңіргеназамат болды. Өзі басқарған жылдары келген бетте ауыл архитектурасын қолға алды. Орталық пен бөлімшелерде 2 пәтерлі үйлер мен қонақ үй, тұрмыстық комбинат үйі, музыка мектебі салынды. Ауыл шаруашылығын көтеруде 1974 жылдан суармалы егістікті қолға алып, донник, экспарцет, суданка, люцерна шөптерін еге отырып, мол өнім алу үшін тоңазытуға ара өсірумен айналысты. 1979 жылдан бастап мал шаруашылығының өнімдерін рәсуасыз өндіруге аң шаруашылығын жүргізді. Оның ішінде құндыз, көгілдір түлкі, қара түлкі аңдарын асырауды қолға алды. Сапалы ет өнімдерін алу үшін мал басын арттыруда қазақтың ақ бас асыл тұқымды малдарын Семей облысынан алғызды. Гурьев, Талдықорған облыстарынан түйе, таулы Алтайдан ангор ешкілерін алып өсіртті. 1972 жылы 1000000 пұт астық өндірді. Тарихи өзгерістерге байланысты, заман талабына сәйкес ауыл басқа құрылымда Қазақстанның өркендеуіне үлес қосып отыр.
Ауылымыздың 90 жылдығын атап өтуде «90 игі іс» шарасы аясында көптеген іс-шаралар жүзеге асырылды — деп ауыл әкімі Нұрлан Қапанұлы ауыл тарихымен көпшілікті таныстырып өтті.
Көкмайсалы сахнаның алдына ақбоз атпен Қаз дауысты Қазыбек би, атақты күйші Тәттімбет, «Қаракесек» әнімен, ат ойнатып домбырасын асынып алған атақты Мәди, балаң жігіт ұшқыш Нүркен, ауыл өнерпазыӘнипа Мұқатайқызы ағаштан жасалған самолетін ұстаған арманшыл бала Тоқтарын жетектеп,немересі Ержігітпен өте әсерлі, тамаша сахналық көріністер қойылды.
«Туған жердей жер бар ма?» әркімнің туып өскен жері, «Пейіштің бағы» іспеттес. Аман ба, ағайын жұрт жанашырым? Сый қылып ұсынайық жыр асылын. Бүгінгі ауыл күні құтты болсын! Армысың асыл ері ауылымның. Ерлерім түзу бастап елдің көшін, Абырой бақ беделің арта берсін. Сүйетін туған жерін тұлғалары, Ауылдың көтеруде мәртебесін. Тегісшілдік қасиетті дала мына, Бақ қонып қыдыр дары даласына! Ат басын ауылыма бұрып келген, гүл бітсін қонақтардың қадамына. Қайырлы құтты болсын думан тойың. Ағайын бірлігіңнен айналайын, Көрсетіп жастарыңа үлгі өнеге, Ауылдың көтерейік абыройын — деп ауылдың Мәдениет үйінің меңгерушісі Ержан мен Бота келістіре таныстырды. «Ауыл — өнер кеніші» — демекші, «Арқа сазы» ансамблінің өнерпаздары тыңдаушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Қыз сұлу көрінеді өрнегімен, Тізілтіп сөз маржанын тергенімен. Майысып мың бұралып, майда басып, Жаныңа наз қылықпен келгенімен, Дарытқан бар асылды өз елінен, Сұлу қыз көрінеді өнерімен, Құлпырып қазағымның арулары, Өткендей сұлулықтың елегінен. Тоқтар ауылындағы музыка мектебін алғаш ашқан ансамблдің солисі Гүлмира Әмірова мен әншілер Зайкен Шахназ бен Айжан Адамбаевалар сахнаны көріктендіріп бірнеше әндерді тамылжыта шырқады. Ауылымыздың белсенді азаматы Қайрат Сланбеков, балдызы, жерлесіміз қазақтың көрнекті жазушысы, белгілі философ Дидар Амантайдың «Тоқтар ауылы хикаялары» атты кітабының тұсауын кестіріп, тұрғындарға таратып берді.
ҚарМУдің экономика факультетінің мұғалімі Думан Талғатұлы мен Бағдат Түсіпов бастаған жерлестер Қарағанды — Тоқтар ауылы бағыты бойынша 200 км жол жүгіріп, ультрамарофон эстафетасының лентасын қиды. Ауылдың беделді ақсақалдары 90 жасқа келіп қалған Орал Нүркетаев пен 80 нен асқан Мұғиын Жұмагелдин аталар «Еліміздің іргесі аман болсын» — деп мерекені ұйымдастырушы жастарға бата берді. Ат жарыс, тай жарыс, күрес ойындары да жаңбырға қарамастан сәтті өтті. Алға шыққан бес орынға да бағалы сыйлықтар берілді.
Рымтай ШӨКЕЙҚЫЗЫ,
Қазақстан Журналистер одағының
мүшесі
Қарқаралы ауданы,
Тоқтар ауылы