Тілге қолдау да керек, талап та керек

Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту – ел саясатының басты бағыттарының бірі ретінде күн тәртібінен түскен емес. Соңғы уақыттағы статистикалық деректерге сүйенсек, мемлекеттік тілдің беделі артып, қоғамдық өмірдің түрлі саласында қолданылу көрсеткіші өсіп келе жатқаны аңғарылады. Мемлекеттік тіл мәселесіне қатысты жаңалықтан бейхабар сырт көзге ештеңе істелмей жатқандай көрінуі мүмкін. Алайда оң өзгерістердің бар екенін айтпай кетуге  болмас.

Заң тілдің мәртебесін қорғайды. Мәселен, «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» ҚР Заңының 21-бабы бойынша көрнекі ақпаратты мемлекеттік тілде бермеген кәсіпкерлік нысан өкілдеріне алғашқыда ескерту жасалып, нәтиже шықпаса, айыппұл салу құқығы облыс, аудан, қала көлемінде тіл саясатын жүргізумен айналысатын мекеме басшысы мен оның орынбасарына берілетін болды. Сондай-ақ Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 75-бабы бойынша деректемелер мен көрнекi ақпаратты орналастыру жөнiндегi талаптар бұзылған жағдайда алдымен ескерту жасалып,  әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде кемшіліктер қайталанған жағдайда айыппұл салынады. Осы орайда Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы тарапынан өңірлерде түсіндіру жұмыстары жүйелі жүргізілгенін атап өткен жөн.

2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап жаңа заңнамалық өзгеріс күшіне енбекші. Бұдан былай Қазақстан Республикасының тіл туралы заңнамасын бұзған құқық қорғау органдарының лауазымды тұлғалары әкімшілік жауапкершілікке тартылады. 2025 жылғы 10 қаңтарда қабылданған заңға сәйкес Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасының кодексінің 32-бабы, 2-бөлігіне сай 10 айлық есептік көрсеткіш, яғни,  39 мың 320 теңге мөлшерінде айыппұл салынады. Құқық қорғау органдарында мемлекеттік тілге қатысты мәселенің заң жүзінде шешімін тапқаны қуанарлық жағдай.

Бүгінгі бала, Мағжан ақын айтқандай, еліміздің сеніп артатын ертеңгі болашағы. Болашақтың негізі мектепте қаланады. Мәселен, Алматыдағы 215-мектеп төңірегінде біраз дау-дамай болып, ата-аналардың күшімен, талап-тілек қанағаттандырылып, жаңа мектеп таза қазақ мектебі болып ашылғанын білдік. Алайда Көкшетау қаласында жағдай осыған мүлдем кереғар. Бір мектепте қазақша оқытуға бірінші сыныпқа бала жинай алмай отырған  көрінеді. Облыс әкімі тікелей тапсырма бергенмен, ата-ананың салғырттығынан орын алып отырған жағдайға қалай күйінбессің? Санасы бар, дұрыс пайымдайтын ата-анаға баласын қазақ мектебінде оқытудың артықшылығы көп екенін түсінетін кез жеткен жоқ па?..

Қарағандыда Оңтүстік Шығыстан №28 қазақ мектебі бой көтеріпті. Қаламыздағы жаңадан салынған мектептің қазақ мектебі болып ашылуы ертеңге деген сенімімізді күшейтеді. Бұл – жақсы бастама, жақсы үрдіс. Дәл сол Оңтүстік Шығыстағы қазақ сыныбының саны басым №26, Майқұдықтағы Жұмабек Тәшенов атындағы мектептер бірер жылдың көлемінде бірыңғай қазақ мектебіне айналса, тіптен дұрыс болар еді. Мұстафа Шоқайдың «Балаға қай тілде білім берсең, түбі сол ұлтқа қызмет етеді» деген сөзінен асырып не дейміз? Парламент депутаты Қазыбек Исаның «Мектеп қазақша болмай, мемлекет қазақша болмайды» деген сөзі де қаперімізде жүрсе…

Мемлекеттік тіл мәселесіне келгенде атқарылған істің үлкен-кішісі жоқ. Мәселен, медиа саласының білгірі Жәнібек Садыханды алайық. Жәкең биылғы жаздан бастап әлеуметтік желідегі «Қазақша сөйле!» жобасы арқылы мемлекеттік тілді насихаттауды мықтап қолға алды. Күнде таңертең ертемен «Қайырлы таң!» деп басталатын бейнеролигін ұсынатын тіл жанашырына қалай риза болмассың! Өзге этнос өкілдеріне, орыстілді қазақтарға түсінікті болсын деп екі тілде сөйлейтін, әр шығарылымын белгілі бір тақырыпқа арнап сол тақырып төңірегінде ықшам әрі қызықты контент ұсынатын тіл жанашырының бастамасы бүгінгі қоғам үшін де, орыстілділердің қазақ тіліне деген дұрыс көзқарасын қалыптастыру үшін де маңызды.

Өскелең ұрпаққа өнегелі тәрбие беру – перзент алдындағы парыз, Бұл ретте «Баланың бас ұстазы – ата-ана» деген пәлсапаның дұрыстығына тағы бір мәрте көз жеткізгендей боламыз. Белгілі журналист, оқытушы-аудармашы, велошабандоз Ернат Мэлсұлының үйінде Қасым атты мықты азамат өсіп келеді. Сол балақай жаз бойы қазақ ертегілерін оқып, оқығанын әңгімелеп айтып жүр. Әкесі әр жолғы әңгімесін әлеуметтік желіге жүктейді. Әкенің баласына берген тәрбиесі, көрсеткен өнегесі көпке үлгі боларлық. Айтқандайын, сол Қасым енді ғана екінші сыныпқа барған екен.

Қазіргі жас буынның көзқарасы мен дүниетанымын қалыптастыруда қоршаған орта, отбасынан тыс әлемінің ықпалы зор екені ақиқат. Алайда Ернат Мэлсұлы сияқты баланы оқырман ретінде қалыптастыруға әрбір ата-ана күш салса, кітап оқитын баланың өй-өрісі кеңіп, тілі дамып, дұрыс сүрлеуге түсетіні белгілі.

Сонымен, мемлекеттік тіл мәселесіне келгенде қоғамдағы пікірлер әркелкі. Жақсы жағын айтар болсақ, қазақша кітап, фильм, мультфильм, мобильді қосымша, сайттар есебінен қазақ тіліндегі контент саны артып келеді. Азаматтардың мемлекеттік тілді білу деңгейін бағалайтын ҚАЗТЕСТ жүйесі де тілге байланысты оң өзгерістің қалыптасуына түрткі болуда. Мемлекеттік тілде сөйлейтін өзге этнос өкілдерінің алды әлеуметтік желідегі қазақша контентті дамытуға үлес қосып отыр. Мемлекеттік тілдің мәселесін шешу – тек үкіметтің емес, бүкіл қоғамның міндеті. Ол үшін бірінші кезекте көпшіліктің қолдауы мен талабы қажет екенін ұмытпайық!

 Жұпар Рысқұлқызы ЖАҚАН,

Қарағанды облысының тілдерді

дамыту жөніндегі басқармасы жанындағы

 Ресурстық тіл орталығының бөлім меңгерушісі

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *