«Тыйым салса да тиын санаймыз»

Қарағанды облысында көпқабатты үйде газ балонын пайдалануға тыйым салынған. Аймақта бірнеше рет газ балоны жарылып, адам өлімі де тіркелді. Бірақ оған қарап жатқан халық жоқ.

Алдымен үшінші қайтара газ жарылған Пришахтинскіге назар салайық. Бірінші оқиға бұдан 10 жыл бұрын 2016 жылы болды.

Төтенше жағдайлар департаменті бес қабатты үйдің төртінші қабатында орналасқан пәтерде газ қоспасының жарылғаны (5 литрлік газ балон) туралы ақпарат таратты. Олардың айтуынша жарылыс салдарынан бөлмелердің қабырғасы, ас үй, жуынатын бөлме, дәліз және қонақ бөлмесінің жарты қабырғасы) құлаған. Жарылыс салдары 40 шаршы метрді құраған.

Қатты жарылыстан бесінші қабаттағы пәтердің арасын бөліп тұратын қабырға құлап, терезелері сынған.

Оқиғадан үш адам зардап шеккен. Олар ер және әйел адам сонымен бірге 6 жастағы бала. Балақай көршілес пәтер тұрғыны. Ер мен әйел адам күйікке шалдыққан, балақай түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілген.

15 адам қауіпсіз жерге көшірілді.

Дәл осындай жағдай арада бес жыл салып 2021 жылы наурыз айында тіркелген еді. Газ баллоны жарылып, бір адам зардап шекті. Тұрғындар эвакуацияланып, бірнеше сағатқа электр жарығы сөнді. Бұған қоса жылу құбыры жарылып, пәтерлерді су басқан.

Құтқарушылар зардап шекен адамнан басқа тағы 25 адамды эвакуациялады. Оның 6-уы балалар. Жарылысқа газ баллонына қосылатын редуктордың дұрыс істемеуі себеп болған.

Ал үшінші оқиға жақында ғана тіркелді.  Бұл жолы газ балонын қасақана жаққанымен, бұл да көк қабатты үйде болған еді.

Яғни ер адам әдейі газ баллонын жарып, сегіз адамды жаралады.

Дерекке сүйенсек, ақпан айында әйелі ауырып көз жұмған соң қатты күйзеліске түскен азамат екі бөлмелі пәтерде қызымен бірге тұрып жатқан. Кеше түнде тұрғындар ұйқыға кетерде көршілер газ иісі келгеннен кейін, құтқарушылар мен полицейлерді шақырады. Сөйтсе, төртінші қабаттағы тұрғын газды қосып, «бәріңді өлтірем» деп айқайлайды.

Сақшылар тұрғындарды эвакуациялап үлгерген. Айтқанынан қайтпаған 40 жастағы дәнекерлеуші сіріңкені әдейі жаққан. Жарылыстан өзі жарақат алса да, балкон арқылы көрші подъезге өтіп, ол жақта да газ балонын жармақшы болған кезде ұсталды.

Қазір аталмыш жәйтке қатысты бірнеше баппен қылмыстық іс қозғалды. Ал жарылыс жасаған азамат, тағы екі тұрғын және эвакуациялау кезінде жарақат алған бес полицейді күйік шалып, олар ауруханаға түсті.

Мұндай оқиғалар жиілеп кеткен уақытта 2023 жылы Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Қожухов қала тұрғындарына көпқабатты үйде газ балонын пайдалануға тыйым салынатынын айтқан болатын.

– Қаңтар айында Щорс көшесіндегі көпқабатты үйдің бірінде болған оқиғаны күні бүгінге дейін ешкім ұмытқан жоқ. Газ жарылып, екі адам зардап шеккен болатын. Одан бөлек, Теміртауда күні кеше ғана болған дәл осындай жағдайдан жеті адам зардап шекті. Оның бесеуі – бала. Бұл жантүршігерлік жағдай, – деді қала әкімі.

Отбасының қауіпсіздігі үшін қала басшысы газ балонын емес, электр пешін пайдалануға шақырды. Тұрғын үй инспекциясы мамандары, аудан әкімдіктерінің өкілдері, төтенше жағдай қызметкерлерінен жасақталған мобильді топ жұмыс көше кезіп кеткен күндер де болды. Олар үйді-үйді аралап, өрт қауіпсіздігін және 2 қабаттан жоғары көп пәтерлі үйлерде газ баллондарын сақтауға және пайдалануға жол бермеуді түсіндіруге көшті. Газ балонын пайдаланып отырған қала тұрғындарын әкімшілік жауапкершілікке тартып, айыппұл салынатындығы да айтылды.

Келесі жылы яғни 2024 жылғы 30 қаңтарда сағат Бұқар жырау ауданы, Ботақара ауылында  2 қабатты, 12 пәтерлі тұрғын үйде №10 пәтерде жарылыс болды. Үйдің шатыры, қабырғасы мен едені, соның ішінде бірінші қабаттағы пәтерлер толығымен құлады. Сонымен қатар басқа пәтерлер де ішінара зақымдалды.

Тұрғын үйде жалпы 46 адам тіркеуде тұрса, жарылыс кезінде 35-і пәтерінде болған. Апаттық-құтқару жұмыстары кезінде үйінділерден қаза тапқан екі адам және жарақат алған бес адамды алып шықты.

Иә, аймақта көпқабатты үйде газ балонын пайдалануға рұқсат жоқ. Бірақ электр пешіне көшуге тұрғындар асығар емес.  «Тиым салса да тиын санаймыз» дегендер газ арзанға түсетінін айтады. Бірақ, адам өмірі қымбат емес пе?!

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ