Header Banner

Әуезов ізімен һәм Қырғыз еліндегі басқосу

  1. Жазушылар одағының мүшесі атануым

Менің 2022 жылы шыққан «Бір кездері Америкада» атты аударма кітабымды көрген бір лауазымды оқырман: «Сіз Жазушылар одағының мүшесіз бе?» деген сауалына берген жауабыма көңілі толмай: «Сіз сондағылардың қайсысынан кемсіз…» деген сөзі маған қамшы болды. Теміртау қаласында тұратын ақын, жазушы Руза Алдашева мен астаналық журналист, қоғам қайраткері Қайырбек Сәдуақасов ұсыным жазып берген соң, құжаттарымды өткізе салған едім. Төрт жылдан бері тым-тырыс болғандықтан күдер үзіп қойған болатынмын. Маусым айының бас кезінде Қазақстан Жазушылар одағынан маған қоңырау түсті. Мен аудармашы ретінде Жазушылар одағына қабылданған екенмін, енді соның билетін алып кету керектігін айтты. Мен қуана-қуана пойызға билет алып, 10 маусым күні Алматыға жеттім.

Суретте: «Нобел» сыйлығының иегері Мо Янь, Түрксойдың бас хатшысы Сұлтан Раев

Жазушылар одағының кеңсесінде 12 маусым күні салтанатты түрде Жазушылар одағының мүшелік билеті табысталғаннан кейін өзіме тілектес болып жүретін Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы кітапхана қызметкерлеріне кіріп, қуанышыммен бөлістім. Ол кітапхананың басшысы Балнұр Асқарқызы дүйсенбі күні Мұрат Әуезовті еске алу шарасы өтетінін айтып, соған қатысуға шақырды.

М.Әуезов бюст ісінің қасында Түркі әлемі ақындарының жүлдегері Айжан Шайқықызымен
  1. Жақсыдан шарапат

Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапхана жүйесіне қарасты М.О.Әуезов атындағы кітапханада 15 маусым күні көрнекті қоғам қайраткері, мәдениеттанушы ғалым, дипломат, публицист Мұрат Әуезовтің (01.01.1943-14.06.2024) қайтыс болғанына екі жыл толуына орай рухына арналған дөңгелек үстел өтті.

Шараны Мұхтар Әуезовтің немерелері – Голландиядан арнайы келген арабист-түрколог, шығыстанушы ғалым Зифа-Алуа Мұратқызы Әуезова мен «М.О.Әуезов үй-мұражайы» ғылыми-мәдени орталығының директоры Диар Қонаев модератор болды.

Шараның мақсаты – Мұрат Әуезовтің сан қырлы тұлғасын, оның ұлттық мәдениет, қоғамдық ой-сана, дипломатия және гуманитарлық ғылымдар саласындағы еңбектерін зерделеу, рухани мұрасын кейінгі ұрпаққа насихаттау.

Мұрат Мұхтарұлы Әуезов – тәуелсіз Қазақстанның рухани және қоғамдық өмірінде ерекше орны бар тұлға. Ол қазақ мәдениетінің әлемдік өркениет кеңістігіндегі орнын пайымдап, ұлттық құндылықтарды заманауи көзқараспен ұштастыруға зор үлес қосқан ғалым. Ғалымның еңбектері – мәдениеттану, шығыстану, әдебиеттану және қоғамдық ой тарихының маңызды бөлігі.

Дөңгелек үстел барысында қоғам және ғылым қайраткерлері, жазушылар, мәдениеттанушылар, әріптестері мен шәкірттері Мұрат Әуезовтің өмір жолы, ғылыми ізденістері, азаматтық ұстанымы және ел руханиятына қосқан үлесі туралы ой бөлісті.

Алғашқы болып сөз алғандар Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Данияр Абзалиденович Алиев және «Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ басқармасының басшысы Мейрам Еркенович Бектембаев дөңгелек үстелді ашып берді.

Сондай-ақ, қатысушылар Мұрат Әуезовтің қоғамдық қызметі, ұлттық мәдениет пен руханиятты дамытудағы еңбегі жайында пікір алмасып, тұлғаның өнегелі өмір жолы мен бай мұрасы туралы естеліктерімен бөлісті.

Естелік айтуды бірінші болып бастаған жазушы Елубай Смағұлов: «1975 жылы Қазақстан Жазушылар одағының пленумында Мұрат Әуезовтің: «…Айдың-күннің аманында халқымыздың үштен бірін қырып салған 1930 жылдардағы ашаршылық туралы шығарма жазылмаған әдебиеттің болашағы жоқ!» дегені бұл тақырып толғандырып жүрген Төлен Әбдік екеумізге қамшы болып тиіп еді» деп атап өтті және сонымен қоса Мұрат Мұхтарұлы туралы деректі фильм түсіру керек деген ұсыныс жасады.

Одан кейін өз естеліктерімен қоғам қайраткері, «Жас Тұлпарлық» Марат Сембин, жазушы әрі публицист Нұрдәулет Ақыш, ақын, сценарист, кинорежиссер Бақытжан Қанапиянов, AlmaU университетінің негізін қалаушы әрі ректоры Асылбек Қожахметов, Мұхтар Әуезовтің шығармашылығы бойынша зерттеулердің авторы Светлана Ананьева, «Ұстаз және шәкірт» деген ғылыми кітаптың авторы, қоғам қайраткері Дина Қайымқызы, ақын-аудармашы Қайрат Жаңабаев, дарынды ұйғыр жазушысы Иминов Исмаилжан және басқа да ғалымдар мен мәдениет қайраткерлері өз естеліктерін ортаға салды.

Мәдениеттерді жақындастыру орталығы директорының орынбасары, философ Игорь Владимирович Крупко: «Мұрат Әуезовтің мәңгілік өмірі басталды, оның әрбір сөзі жүректе жатталып қалады, оның замандасы болу – бақыт, ол ұлы жазушы – оны оқыңдар!» деп аяқтады естелігін.

Мұрат Әуездің дипломатиялық және шығармашылық қызметіне көп көмегін тигізген синолог һәм тілмәш Мансұр Молдақұлов: «Мұрат Мұхтарұлы 1992 жылы оралмандардың тарихи Отанына жетуіне көп еңбек етті. Ол кісі сөйлегенде төбесінде антенна тұрғандай төгіп-төгіп, мүдірмей сөйлейтін. Ешқашан қағазға қарамайтыны адамдарды таңғалдыратын» деді.

Зифа-Алуа Мұратқызы өз баяндамасында Мұрат Әуезовтің Қырғызстанның әсем табиғатына деген ерекше ықыласы мен сүйіспеншілігіне тоқталып, оның бұл өлкеге жасаған сапарлары туралы қызықты деректерімен бөлісті. Дөңгелек үстел ашық пікір алмасу форматында өтіп, қатысушылар тұлғаның рухани мұрасын насихаттау мен кейінгі ұрпаққа жеткізудің маңыздылығын атап өтті. Дөңгелек үстелді «Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ ұйымы директорының кеңесшісі Бақытжамал Қайырбекқызы Оспанова түйіндеді.

Ізгілікті шара Қырғызстан Республикасының Шолпан-Атадағы Мұхтар Әуезовтің үй-мұражай-кітапханасында жалғасатын болды. Осы дүрмекпен мен де Қырғыз елін көріп қалу бақытына ие болдым. Менің руым қырғыз болғандықтан қанымда зәредей болса да қырғыздың жасушалары бар шығар деп есептеймін. Бұған Мұрат ағамыздың шарапаты – еске алу шарасы себепкер болып тұр ғой, топырағы торға болсын марқұмның.

Түрксойдың бас хатшысы Сұлтан Раевқа «Жаназа» кітабыңызды оқыдым деп айтып тұрмын
  1. Қырғыз еліне жол түсті

Ұйымдастырушылардың жоспары бойынша 19 маусым күнгі таңғы 6:00-де Алматының Райымбек көшесі бойындағы Орталық зират алдында жиналдық та, ұлы Мұхтар мен ұлы Мұрат ата-ағаларымыздың басына барып, құран бағыштап, әзір тұрған жәйлі туристік автобусқа отырып, ақ жолға аттандық. Жол бойғы көріністерді тамашалап отыруға болатын алдыңғы екі орынды ең үлкен жолаушы ретінде мен және Түркі әлемі Жазушылар одағының әрі «Janr» Жетісу әдеби клубының мүшесі, Бауыржан Момышұлы атындағы рухани-сауықтыру орталығының жетекшісі Айжан Шайқықызы мен қатар отырып, жақсы шүйіркелесіп кеттік.

Сапарымыз Қордай асуын басып өтіп, шекарадағы тексеріс, жанар-жағармай құйып алу бекеттерінде бөгеліп, 10 сағат дегенде діттеген Чолпон-Атаның «Gold Assen» отеліне жеттік. Жол қысқарту мақсатында кезектесіп те, бірге де ән салып отырдық. Ортамызда жыр алыбы Жамбылдың шөбересі Бұлан деген өнерлі жігіт болғаны тіпті жақсы болды, Ерболат, Айсұлу, Айжандар да қамшы салдырмайтын жандар екен. Ертемен салтанатты шараға баратын болғандықтан тап-тұйнақтай бөлмелерімізге орналасып, демалдық.

Плакат Мұхтар Әуезов үйі-музейі-кітапханасы екенін көрсетіп тұр
  1. Бюсттің ашылу салтанаты

Чолпон-Ата қаласындағы классик жазушы Мұхтар Әуезовтің музей-үйі аумағында көрнекті мәдениеттанушы, қоғам қайраткері Мұрат Әуезов бюстінің ашылу салтанаты Ыстықкөл халықаралық форумы аясында өтті. Мұрат Мұхтарұлы ертеректе әкесімен бірге осы елде болып, Манас жырына бала кезінен құлағы қанық боп өскен. Оны екі елге төл перзент деуге болады.

Салтанатты жиынды ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев жүргізді. Шарада Қырғыз Республикасының Мемлекеттік хатшысы Арслан Койчиев, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, академик Дархан Қыдырәлі, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының директоры Дүйсен Касейінов, шығыстанушы ғалым, Мұрат Әуезовтің қызы Зифа-Алуа Әуезова, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов, Түркі Академиясының Президенті, академик Шаһин Мұстафаев, Татарстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ркаил Зайдуллин, Қырғызстан Республикасының Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрі Мирбек Мамбеталиев, ІІМ мен қалалық әкімшілік қызметкерлері және басқа да Қазақстан мен Қырғызстанның қоғам қайраткерлері сөз сөйледі. Қазақстанға Қытайдан сапарлап келген Нобель сыйлығының иегері, жазушы Мо Янь бұл жиынның құрметті қонағы болды.

Салтанатты шараға қатысушылар Мұрат Әуезовтің түркі халықтарының мәдени байланысын нығайтуға қосқан үлесін атап өтіп, оның ғылыми және қоғамдық қызметіне жоғары баға берді.

Өз кезегінде Бауыржан Омарұлы қазақ пен қырғыз халықтарының тарихи бауырластығына тоқталып, Мағжан Жұмабаевтың «Қырғыз – таудың тарпаңы, қазақ – қырдың құланы» деген қанатты сөзін тілге тиек етті. Ол қос халықтың достығы мен рухани ынтымақтастығы одан әрі нығая беруіне тілектестік білдірді. Бюстің жамылғысы түсіріліп, шашу шашылды, естелік суретке түсу шаралары өтті.

Мұрат Әуезов бюстінің ашылуы екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстың тереңдігін көрсететін маңызды оқиға ретінде бағалануда. Қарағанды қаласынан келген абайтанушы, алаштанушы, тыңғылықты зерттеуші Марат Азбанбаев кеншілер қаласы Қарағанды әкімінің хатын оқып, Мұрат Әуезовке арналып шығарылған сиясы кеппеген «Қасым» журналының №3 санын таныстырып өтті.

Мұрат Әуезов бюстінің авторы – қырғызстандық белгілі мүсінші Тамила Маматова. Ол бұған дейін музей ауласына қойылған заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің бюстін де жасаған болатын. Әкелі-балалы ұлылардың әруағы Тамилаға разы болсын, Алла қолына дерт бермесін!

Салтанатты жиынның арты «Gold Assen» отелінің 10 қабатында орналасқан конференция залындағы дөңгелек үстелге ұласты. Дөңгелек үстелді модератор Зифа-Алуа Әуезова мен Диар Қонаев жүргізіп отырды. Зиялы қауым ұлы Мұрат Мұхтарұлының қырғыз халқына сіңірген еңбегі мен оның әлем өркениетіндегі орны туралы пікірлерімен бөлісті. Дөңгелек үстел аяқталысымен барлық қатысушыға Зифа-Алуа Әуезова әкесінің әруағына арнап құран оқытып, ас берді.

 

  1. Көшпенділер өркениетінің орталығы – «Тамшы» музейін тамашалау

Келесі күні Мұрат аға нағашыларының еліне жолымыз түсті. Құрманжан датқа атындағы көшпелілер орталығын аралап көруіміз де аса бір игі шара болды. Музейдің барлық жәдігерімен таныстырып жүрген гид ханым бағзы заманның бұйымдарынан бастап бергі кезге дейінгі қолөнер заттарын тәптіштеп түсіндірумен болды. Музей экспонаттарға өте бай екен, қазақ-қырғыз бір туғандықтан олардың көбі аздаған айырмашылықтарына қарамастан өзіміздің ертеректегі дүние-мүліктерімізді есімізге түсірді. Әйелдердің әсем әшекейлері, құрақтан жасалған бұйымдар, бесік, ат әбзелдері мен ер-тұрмандары, тұрмыстық заттар – келі, леген, шәйнек т.б. ыдыс-аяқ, тіпті өзіміздің асықтар да жатты. Ал Тоғызқұмалақ астауы біз көрмеген пішінде болды. Абай ойнаған тоғызқұмалақты да қазіргі пластиктен жасалғандармен салыстыруға келмейді ғой, уақыт өте келе бәрі өзгеретінін көрсетіп тұр. Мәңгілік тек Алла ғана!

 

  1. Шайырлардың еңбегімен танысу

Осы музейдің бірінші қабатында Мұрат Әуездің рухына бағышталған «Ыр толқыған Ыстықкөл» атты поэзия кеші басталып кетті.

Осыдан екі жыл бұрын бұл шайырлар түркітілдес ақындардың фестивалін өткізген екен. Соның нәтижесін Қалдыгүл Әкімжанқызы мен Манат Бообекова құрастырып, таяуда ғана Алматыда басып шығарылған жинақтың біршама данасын ала келіп, музейдің жиын бөлмесінде кітаптың таныстырылымы өткізілді, кітап негізінен қазақтың көрнекті ақындарының қырғызшаланған өлеңдерінен тұрады.

Ыстықкөлдің айдынында «Әділет» теплоходының каютасында түскі асымызды ішіп алған соң, өлең оқу мен ән салу палубада жалғасты. Қатысушылардың құр-жаяуы жоқ, бірінен соң бірі іліп әкетіп, өнердің көрігін қыздырды. Әсіресе Ерболат Баят пен Бұлан Жамбыл аянып қалған жоқ.

Теплоходтан бізді түсіріп алған қырғыз ақындары арнайы қой сойып, бас тартып, ресми түрде қонақ етті. Сымбат Қайыпбек ақынның жүргізген кешінде ақын Манат Бообекова мен ғалым Мырзахмет Жүзейдің туған күндері атап өтіліп, сый-сияпат жасалды.

Осы жердегі Манат Бообекова туралы ақын Айжан Шайқықызы Жұмаділдің «Мұрат Әуезов «ЖАҚСЫМ» деп еркелеткен қырғыз қызы» атты мақаласы фейсбукте жарық көрген болатын. Ол мақала да сәті түскенде жарияланар.

Қазіргі уақытта Мұхтар Омарханұлы Әуезовтың үй-музей-кітапханасының шырақшысы Саламат Табишеваға тынымсыз еңбегінің бағалануын тілейміз. Алла деніне саулық берсін, ғұмыр-жасы ұзақ болсын!

10 жылдан бері Мұрат Мұхтарұлының қолдаушы-досы, көмекшісі, оң қолы болып жүрген публицист, кинопродюсер, «Көшпенділер эстетикасы» бастамашыл тобының мүшесі Қалдыгүл Әкімжанқызы Жаныбаеваның арқасында Қырғызстанға барып алғанымды қолымды қусыра отырып мойындаймын, менің жасымнан асып кетсін деген батамды беремін!

Қалдыгүл әдебиетке, мәдениетке, өркениетке көп пайда келтіретініне сенімдімін. Оны Мұрат ағасының ісін, ізін жалғастырушы, мұраттанушы деп бағалаймын.

Рымбала СМАИЛОВА,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі