Футбол – әлем жұртшылығын бір арнаға тоғыстыратын, миллиондаған жанкүйердің жүрегін жаулаған спорт түрі. Биыл АҚШ, Канада және Мексика мемлекеттерінде өтіп жатқан 2026 жылғы FIFA World Cup әлем чемпионаты да жер жаһандағы ең айтулы спорт мерекесіне айналды. Төрт жылда бір рет өтетін дүбірлі дода футболсүйер қауымның қызығушылығын арттырып қана қоймай, бұқаралық спортты дамытуға, салауатты өмір салтын насихаттауға да серпін беруде.
Осы айтулы чемпионат аясында Ақадыр кентінде Қарағанды теміржол бөлімшесінің «Локомотив» спорт клубы мен станциядағы теміржол мекемелерінің кәсіподақ ұйымдарының ұйымдастыруымен шағын футболдан тартысты турнир өтті.
Жарысқа Белгі беру және байланыс дистанциясының (ШЧ-21), Электрмен жабдықтау дистанциясының (ЭЧ-12), Жол дистанциясының (ПЧ-26) және Айналмалы депоның (ТД-11) командалары қатысып, өзара шеберлік пен ұйымшылдықтарын сынға салды. Әрбір кездесу жоғары қарқынмен өтіп, ойыншылар жеңіске деген жігері мен спорттық шеберліктерін паш етті.
Тартысқа толы бәсекенің қорытындысында барлық қарсыластарынан басым түскен ТД-11 командасы турнирдің жеңімпазы атанды. Екінші орынды ЭЧ-12 командасы иеленсе, үшінші орын ШЧ-21 командасына бұйырды. Ал ПЧ-26 ұжымы да лайықты ойын өрнегін көрсетіп, жарыстың сәнін келтірді.
Турнир қорытындысы бойынша үздік ойыншылар да арнайы марапатталды. «Үздік қақпашы» аталымы Валера Хасановқа, «Үздік қорғаушы» атағы Нұрлан Адамбековке табысталды. Ал «Үздік мерген» аталымын Нұрасыл Төлеутай жеңіп алса, «Ең нәтижелі ойыншы» болып Бекжан Совет танылды.
Жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегер командаларға, сондай-ақ үздік ойыншыларға арнайы дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді.
Мұндай спорттық шаралар әріптестер арасындағы достық пен ауызбіршілікті нығайтып қана қоймай, бұқаралық спортты дамытуға және салауатты өмір салтын дәріптеуге де үлкен үлес қосады. Әлем чемпионатының рухын сезіндірген бұл турнир қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, футболға деген қызығушылықты одан әрі арттыра түсті.
Қалижан БЕКҚОЖА,
Ақадыр кенті
