ӘУЛЕТІНІҢ БӘЙТЕРЕГІ

Мектеп қабырғасындағы алғашқы әскери дайындық пәні жас буын үшін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қатарында әскери қызмет атқаруға дайындық жүйесінің бір бөлігі. Тіпті ол еліміздің Ата Заңы – Конституциямызда бекітілген.

Әскери-патриоттық тәрбие алғашқы әскери дайындықпен тығыз ұштастырыла отырып, жастардың әскери істі жақсы меңгеруіне, төтенше жағдайларда  қорғанудың тәсілдері мен құралдарын дұрыс пайдалана білуіне ықпал етіп көмектеседі. Бұл жерде мұғалімнің атқаратын рөлі өте маңызды. Болашақ Отан қорғаушысын дайындау тек қана мектеп, әскер ғана емес – бұл біздің қоғамның да басты міндеті.

Осындай игі іске өзінің бүкіл саналы өмірін арнаған, қазіргі таңда сол еңбегінің зейнетін көріп отырған, кент тұрғыны Мақаев Тілеукен Қажкенұлы.

Бүгінгі таңда сексеннің сеңгіріне шығып отырған Тілеукен ақсақал 1944 жылы тамыз айында Қарағанды облысы, Шет ауданы, Дария станциясында дүниеге келген.

Әкесі Қажкен Мақайұлы 8 жасқа толғанда оба ауруынан ата-анасы дүниеден қайтады. Жетім қалған бала өзінен он екі жас үлкен ағасы Төлеудің қолында өседі. Жастайынан еңбекке араласып, Ақадыр локомотив депосының паровоз от жағушысы болып істейді. Ұлы Отан соғысы басталғанда ағасы Төлеу майданға аттанып, інісі бронь арқылы тылда қалады. 1942 жылы Дария станциясының депосына ауысып паровоз машинисінің көмекшісі болады. Көп ұзамай үйлеріне майданнан хат келіп, соғысқа кеткен ағасы Төлеудің із-түссіз жоғалғаны туралы хабар алады.

Қапыда ағасынан айрылған әкесі Қажкен бауырын қатты іздейді. Еш жерден хабар ала алмаған соң соғыстан кейінгі жылдары Мәскеуге барып, майдангер ағасының жүріп өткен әскери жолдарымен бұл да жүреді. Ол жерлерден еш хабар шықпаса да, осы әрекеттерін әдетке айналдырады. Он жылдан астам жылына бір рет Мәскеу – Киев бағытына барып, ағасына деген бауырмалдығын, қимастығын, сағынышын көрсетіп жүрген. Дүниеден қайтқанша ағасы табылады деп күдер үзбеген екен.

Әкесі мен анасы Күлтай Исабекқызы 9 бала тәрбиелеп өсіреді. Дария елдімекеніндегі үлгілі отбасы, жанұяның бірі болады.

Үлкен отбасынан шыққан Тілеукен Қажкенұлы бала кезінен теміржолшы болсам деп армандаған. Ондай мақсатқа жетелеген әкесінің теміржолда еңбек етуі себеп болады.

Сол уақыттағы кезеңдерді еске алып:

– Бала кезімізде анамыз дайындап берген асты әкеміздің жұмысына қуана-қуана алып баратынбыз. Ол кісі паровоз жүргізеді. Жаз айларының ыстығына, қыс айларының қалың қарына қарамастан жарыса әкемізге жетеміз. Біз үшін паровоздың ішіне кіріп, қолымызға күрек алып, пешіне көмір тастау қызық болатын. Паровоз ішіндегі әрбір тетігін, бу қазандығының жұмыс жасау жүйесін жақсы білетінбіз. Оның бәрін қолымызбен ұстап көріп, тура өзіміз паровоз айдағандай күй кешеміз. Ол кездегі Лебедянка, Американка, ЭРГО деген паровоздарын әбден жаттап алғанбыз. Осыдан кейін әрине, машинист болу арманыма айналды. Жас кезіміздегі осы көріністер әлі күнге дейін көз алдымда, бір ғанибет кезеңдер емес пе? Кейде қалың ойға шомылғанымда, әкеміздің жұмысына барған күндеріміз, оның жанында болған кездеріміз қайтадан қайтып келсе екен деп аңсайтын күндерім де болады, – деді.

Тілекең 9-10 сыныптарды Ақадыр станциясының интернатында жатып, қазіргі уақыттағы Ә.Ермеков атындағы мектепті оқып бітіреді. Бірден Қарағанды қаласындағы политехникалық институтына оқуға түсіп, студент атанады. Бір жылдан соң оқуы да, таңдаған мамандығы да көңіліне жақпай қалады. Сол себептен институттан кетуге бел буады.

1966 жылы Әуе Қорғанысы әскеріне (ПВО) Отан алдындағы борышын өтеуге аттанады. Бастапқы кезеңде Әзірбайжан елінің Баку қаласында сержанттар мектебінде оқиды. Қалған екі жарым жылын Дондағы Ростов қаласында өткізеді. Бөлімше командирі, взвод командирінің орынбасары міндеттерін атқарады. Әскери бөлімнің командирі, саяси бөлімшесінің басшысының көзіне түсіп, «Әскери және саяси дайындықтың үздігі» төсбелгісімен наградталады. Сол кезде үздіктің үздігі ғана өте алатын Коммунистік партия қатарына қабылданады. Рота командирінің риза болғаны сондай, өз қолымен жазып (қазіргі уақыттағы арнайы бланктерде емес) Тілекеңнің ата-анасына осындай бала тәрбиелегендері үшін алғысын жаудырған хат жібереді. Ал енді, сол хат бүктетіліп, сарғайған күйінде әлі күнге дейін сақталып келген.

Әскерде болған үш жыл кейіпкеріміздің кейінгі өміріне үлкен ықпалын тигізді. Ол жайлы төменде айта жатармыз.

Әскерден келген бетте Тілекең Ақадыр кентіне келіп, локомотив депосына слесарь-дизельші болып жұмысқа тұрады. Өзінің қатарындағыларындай қалаға барғысы келмейді. Ойы кейін машинистердің оқуына түсу.

Жұмыс істей жүріп, бойдақ жігіт мектепте өзінен бір-екі класс төмен оқыған Бәтима Дәрібекқызымен сөз байласып, отау құруға келісім жасайды. Үйленгеннен соң, жұмысынан шығып туған ауылы – Дарияға көш түзейді. Ойы ата-анасының жанында болып, шаруашылық жүргізуге көмек беру. Мал бағу оңай жұмыс емес. Жаз бойы далада қолмен шөп шауып, мал азығын ауылға тасиді. Сондай бір күні әкесімен шөпке бара жатқанда кенттің мектеп директоры Тодышев Илья Семенович соңдарынан қуып жетіп:

– Тілеукен, сізді ауданның әскери комиссары мектепте алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі болуға ұсынып отыр. Өтінішіңізді жазыңыз, жұмысқа қабылдаймыз, – демесі бар ма.

Тосын ұсыныстан сасқалақтап біресе директорға, біресе әкесіне қараған баласына Қажкен әкесі:

– Балам, бізге өмір бойы қара жұмыс жасау бұйырып па? Келісіміңді бер, қолыңнан келеді, – деп батасын берген.

Сөйтсе, мектеп директоры алғашқы әскери дайындық пәні бойынша мұғалім таба алмай жүрмін деп әскери комиссариатқа бармайды ма? Себебі, осы пән арқылы мектеп пен комиссариат тығыз жұмыс жасайды. Сол кездегі Шет ауданының әскери комиссары Жұмабеков Тұрар:

– Оны неге сырттан іздеп жүрсің? Ауылыңда дайын тұрған Мақаев Тілеукен деген азамат бар. Әскери және саяси дайындықтың үздігі, бөлімше командирі, рота командирінің орынбасары болған. Оның үстіне коммунист. Одан артық кімді табасың,  –  деген.

Сонымен Тілеукен Қажкенұлы ойда жоқта Дария орта мектебінің алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі болып шыға келеді. Бірден құлшына жұмысына кіріседі. Әлі де болса ұмытыла қоймаған әскер қатарындағы тәжірибесі көп пайдасын тигізеді. Көп ұзамай Тәжікстан Республикасының Душанбе қаласына барып офицерлер курсын оқып шығады. Бірден лейтенант шені беріледі. Оқушыларға дәріс беріп жүрген пәні бойынша Жезқазған, Қарағанды қалаларының біліктілікті жетілдіру курстарын тәмамдайды. Жылдан-жылға мол тәжірибе жинап, ұлағатты ұстазға айналады.

Дария орта мектебінде 11 жыл бойы үздіксіз істеген ұстаз Ақадыр кентіне барып жұмыс істеуге ниеттенеді. Бұл елдімекенде мектеп бітірген, әрі алғашқы еңбек жолын бастаған жері. Онымен қоса, ол кезде Ақадыр өзі аттас ауданның орталығы.

Ақадырға келген бетте әскери комиссариатқа соғады. Шет ауданының комиссары Ақадыр ауданындағы әріптесі Елеусізов Мұсаға телефон шалып қойған екен. Ол кісі құшақ жая қарсы алып, Ю.Гагарин атындағы мектепте бос орын бар екенін айтады. Аудандық білім бөлімі арқылы сол мектепке жұмысқа алынады.

Тілеукен Қажкенұлы Ю.Гагарин атындағы мектебінде 1983 жылдан бастап 2010 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін сабақ беріп келді. Пән мұғалімдгінен басқа мектеп директорының әскери-патриоттық тәрбиесі жөніндегі орынбасары міндетін де атқарды.

Өзінің педагогикалық жұмысын атқарған жылдарында көптеген шәкірт дайындады. Екінші санаттағы оқытушы-ұйымдастырушы дәрежесіне жетті. Мектептегі жас жеткіншектердің патриоттық сезімін оятуға үлкен көңіл бөлді. Жұмыс жайындағы мақалалары мерзімдік баспасөзде жарияланып отырды. Іс-тәжірибесі жинақталып, облыс, аудан мектептеріне таратылды. Оқушылары облыстық, аудандық әскери ойындарға қатысып, үздік нәтижелерге жетіп жүрді.

Осындай қажырлы еңбегінің арқасында біршама мектеп түлегі әскери оқу орындарына түсіп, әскери мамандықтардың иесі атанды. Атап айтқанда, Дария мектебін бітірген ағайынды Михаил, Александр Суворовтар танкі училищесіне түсіп, әскер қатарында кадрлық офицерлер болды. Екеуі де полковник шендеріне жетті. Ю.Гагарин атындағы мектептен шыққан шәкірті Маралов Жеңіс республикамыздың Қарулы күштерінің Шығыс әскери округінің қолбасшысы, шені полковник. Подполковник дәрежесіне жеткен Зеленский Роман Алматы қаласындағы әскери училищеде сабақ береді. Майор шеніндегі Әбеуов Әлхам әскери қызметкер, екі мәрте Астана қаласында өткізілген әскери парадқа қатысқан.

Мектепте оқып жүргенде оқушылары облыстық, аудандық «Жас батыр», «Қалқан» ойындарына қатысып, жүлделі орындардан көріне білді. Шәкірті Кенжебаев Манарбек үш жыл қатарынан аудандық әскери ойындарында «Үздік бөлімше командирі» атанды. Кейін мектепте қалыптасқан көшбасшылық дағдыларының арқасында ішкі істер саласында еңбек етіп, Ақадыр кенттік полиция бөлімшесінің басшысы қызметіне дейін көтерілді.  Ал, тағы бір оқушысы Красноярский Андрей облыстық «Қалқан» атты әскери-патриоттық ойынында «Үздік бөлімше командирі» болып танылды.

Айта берсек, Тілеукен Қажкенұлының тәрбиелеген шәкірттерінің жетістіктері жетерлік. Байтақ еліміздің түпкір-түпкірінде жемісті еңбек жасауда.

Ұстаздық жылдардағы еңбегі елеусіз қалған емес. Оның есімі 2017 жылы жарық көрген «Қарағанды облысының ұлағатты ұстаздары» энциклопедиясына енгізілген.

2006-2007 оқу жылының қорытындысы бойынша Қарағанды облысының жүздеген мектептің арасында өткізілген «Үздік алғашқы әскери дайындық кабинеті» байқауында ІІІ орынға ие болды. Жалпы ұстаздық еткен жылдары алғашқы әскери дайындық кабинеттері арасында рейтингтік көрсеткіштері жоғары болып, алғашқы ондықтан түсіп көрмеген.

Сонымен қатар, облыстық ДОСААФ комитетінің, аудандық білім бөлімінің, мектеп әкімшілігінің бірқатар Құрмет грамоталары мен Алғысхаттарымен, бағалы сыйлықтарымен марапатталған.

Жұбайы Бәтима Дәрібекқызы екеуі 4 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсірді. Олардан 15 немере, 8 шөбере тараған. Аяулы жары 2014 жылы ұзаққа созылған ауыр науқастан дүниеден озды.

Тұнғыштары Мейрам – теміржолшы. Ақадыр электрмен жабдықтау дистанциясының учаске бастығы. Екінші ұлы Сайран полиция қызметкері. Нұрлан есімді ұлы шахтер, Қарағанды қаласындағы И.А.Костенко атындағы шахтада учаске бастығы болған. Алайда, осыдан 7 жыл бұрын кенеттен өмірден қайтады.

Қыздары Салтанат біраз жылдары Ю.Гагарин атындағы мектепте ұстаз, тәрбие ісі жөніндегі мектеп директорының орынбасары болған. Қазіргі уақытта Қарағанды қаласындағы Ғ.Мұстафин атындағы мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметінде. Ал ең кіші ұлдары Ерлан кәсіпкерлікпен айналысады.

Тілекең ақсақалдың әулетінің жетістіктері бір төбе. Немересі Нұрсая магистратура мен докторантураны бітірген, химия ғылымының докторы, Алматы қаласындағы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің оқытушысы. Гүлсая, Айнұр, Іңкәр есімді немерелері де магистратураны оқып бітірген. Бірі тарих жағын тәмамдаса, екіншісі автоматтандыру және басқару жағын, ал үшіншісі электромеханика жағын оқып шыққан. Іңкәр бүгінгі таңда Алматы қаласының М.Тынышпаев атындағы университетінде дәріс береді. Мәдина мен Гүлсая аталарының жолын қуып, тарих пәнінен сабақ беретін мектеп ұстаздары.

Тілеукен Қажкенұлы жас кезінен бір үлкен қасиетімен ерекшеленеді. Ол оның – кітапқұмарлығы. Классикалық, тарихи дүниелерді іздеп жүріп оқиды. Кенттің, мектептің кітапханаларындағы шығармаларының барлығын оқып шыққан. Қазіргі кезде қызыға оқитын кітаптарын Қарағанды қаласынан алдырып отырады. Қазақ, орыс тілдерінде бірдей оқиды.

Өмірдегі қызықты сәттеріңізді айтып бере аласыз ба деген сұрағыма Тілекең көп ойланбастан:

– Осыдан біраз жыл бұрын Дария кентіне қазақтың ұлы ақыны Фариза Оңғарсынова мен этнограф, шежіреші, жазушы Ақселеу Сейдімбек келді. Мақсаттары оқырмандарымен кездесу, сұқбаттасу, ауылды жердегі халықтың тыныс-тіршілігін білу. Сол кездесуде мен Ақселеу ағамыздың «Қазақтың ауызша тарихы», «Күңгір-күңгір күмбездер», «Сонар» атты шығармаларынан үзінділер айта бастадым. Сонда Фариза апамыз: «Мектептегі ұстаздарымыздың, оның ішінде әскери дайындық мұғалімдерінің бәрі сіздей болса, онда қазағымыздың мәртебесінің биік болғаны» деп қатты ризашылығын білдірді. Сол жолы қазір марқұм болған екі ғұламадан да қолтаңбаларын алып қалғанмын.

Тағы бір жолы, сол кентте тұрып жатқанымда поселкелік кеңесінің хатшысы Шәкімов Тахан үйге телефон шалып, «Тілеукен, Кеңес үкіметінің шешімімен Олжас Сүлейменовтың «АЗ и Я» кітабы дүкендерден, кітапханалардан алынып, отқа жағып жіберуге кетейін деп жатыр. Тезірек келіп бір данасын алып қал», – дегені. Оқырмандығымды білгені ғой. Мен жүгіре басып ең бірінші басылымда шығарылған «АЗ и Я» кітабының бір данасын алып қалдым, – деп кітап пен ақын-жазушыдан алған қолтаңбаларын маған көрсетіп жатты.

Сұқбатымыздың соңында Тілекең ақсақалға тағы бір сұрақ қойдым. Оның мағынасы балаларына, немерелеріне білімге ұмтылуды, кітап оқуды, кітаппен дос болуды үйреткен тәсілдері мен амалдарын сұрауымда болды.

– Балаларыммен, немерелеріммен шай ішіп отырғанда дискуссия  жасаймыз. Кейде шайымыз бірер сағатқа созылып кетеді. Тарихтан, шежіреден, басқа әдеби тақырыптардан сыр шертеміз. Бір-бірімізге білгенімізді жеткіземіз. Абайдың қара сөздерін қайталаймыз. Орыс халқында қағида бар: әрбір адам Л.Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» романын жылына бір рет оқып шығу керек деген. Ал менің қағидам: жылына бір рет М.Әуезовтың «Абай жолын» оқып шығу қажет. Осыны өзімнің өмірлік ұстанымым деп есептеймін, – деп әңгімесін аяқтады.

Бүгінгі таңда мерейлі 80 жасқа толып, еңбегінің зейнетін көріп, балаларының, немерелерінің, шөберелерінің ортасында шалқып-тасып, әулетінің бәйтерегіне айналған Мақаев Тілеукен Қажкенұлының өмір жолы осындай. Тілекең ақсақалға зор денсаулық, ұзақ өмір, әулетіне бақ-береке тілейік!

Қалижан БЕКҚОЖА,

Ақадыр кенті

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *