Ықыластан қалған қара қобыз

Домбыра мен қобызсыз қазақтың күні болмаған. Бұл аспаптар елдің есін кіргізеді десе артық емес. Атам заманғыны ғана емес, алдағыны да байыптауға үндейді. Рухтандыру арқылы. Бұдан бес мың жыл бұрын тасқа қашалған таңбалардағы домбыра, қобызды айтпай-ақ қояйық, тіпті Қазақ хандығы заманындағы жырларды қозғамағанның өзінде Абай айтпай ма? «Қобыз бен домбыра алып топта сарнап…» деп. «Қобыздың шанағында есіл «Ерден» (Ғ.Жайлыбай) болып өрби береді. Өлген баласын аза тұтып басын көтермей жатып алған сол Сандыбайдың Ерденін күй тәңірі Ықылас қобызымен барып жұбатқанда бір-ақ тұрғаны туралы дерек жетерлік ел аузында. Әдебиетке де аз енбеген бұл туралы.

Жамбыл облыстық мұражайында, қасиетті Тараз топырағында атақты Ықылас Дүкенұлының қобызы тұр бүгінде. Қорқыттан көшкен көне сарынды бойынан өткізіп, иініне дәуірлерді артқан осы қасиетті аспаптың бүгінге жетуі, негізі ғаламат деуге әбден тұрады. Оның үстіне даңқты Ықылас ұстаған болса, нағыз күйсіңді, киесіңді, қасиетсіңді, аса қастерлі дүние. Жүз елу жылға жуық уақыт сақталып келген қобыздың бұл заманға қалай жеткенін естігенде қайран қалған аз. Кеудеде жан болса тебіреніп кетесіз. Ықыластың қобызына ықылас жоқ екен-ау, әйтпесе ғасырдан астам жасаған көне мұраны мен деген қобызшыға ұстатып сөйлетер ме еді деген ойға қаласыз.

Ықыластың қобыз шалғанын көрген адам жоқ шығар. Көргендерден естігендер де қалмаған шығар, сірә. Ал күйін тыңдап мейірі қанғандардың айтуынан қалған естеліктердің біршамасын әдебиеттен оқыдық. Сәкен Сейфуллин, Тәкен Әлімқұлов, Илия Жақанов шығармаларынан. Алғашқылардың бірі болып, әлде тұңғыш қалам тартқан Сәкен Сейфуллин «Тар жол, тайғақ кешуінде» Ықаңның алдын көрген Ашай батырдың әңгімесіне арнайы тоқталады: «…Бала күнім еді. Төрт-бес кісі Сәтбайдың қасына еріп, Ықыластың ауылына келдік. Ауылы Шудың бір аралында, қалың, биік дүлей қамыстың арасында отыр екен. Қалың қамыстан ауылы көрінбейді. Ықыластың үйі үлкен қоңыр үй екен. Үйге түстік. Ықылас өзі қапсағай, ұзынша бойлы, қараторы, қыр мұрынды, шұңғыл қара көзді, орта ұзынша қара сақалды, сіңір денелі ашаң кісі екен. Сәтбай қол ұстасып амандасты, біз де Ықаңның қолын ұстадық. Біздің кісілер төрге шығып отырды. Мен атқосшы баламын, бәрінен төмен отырдым.

Сәтбай Ықыласпен амандық сұрасып, елдің жай-жапсарын сөйлесіп отыр. Менің қобызға құмар кезім, есіл-дертім – Ықыластың қобызы. Көзімді Ықыластан алмай қарап отырмын. Оның қияпаты, түрі маған өзге жұрттан өзгелеу көрінеді… Өзі күлмейтін адам сияқты. Беті тіпті ашаң, жақ сүйектерінің, маңдай сүйектерінің қырлары білініп тұрады. Қолының саусақтары ұзын, тарамыс-сіңірлі екен. Денесі де тарамыс, қапсағай, ұзынша екен. Біз бар, ауыл кісілері бар, үйге бірсыпыра жұрт жиылып отырды.

Жайласып отырғаннан кейін Сәтбай Ықаңның қобызын сағынғанын айтты. Ықыластың бір ай бұрын бір жақсы баласы қайтыс болған екен. Баласы өлгелі қолына қобыз алмапты. Ықылас:

– Бала өлгелі қолыма қобыз ұстаған жоқ едім, алып берші қобызды, мына Сәтбай «сағындым» деді ғой! – деді.

Ықаңның қобызын алып берді. Мен екі көзімді алмай, телміріп қарап отырмын… Ықылас қобызын алып, қылын жөндеп, шайырлап алып, ақырын ырғап сыза бастады. Ықаңның ұзын саусақтарының ұшынан ыңыранған мұңлы күй сарнай бастады. Қобыздың ыңыранған үнімен бірге менің жүрегім лүпілдей бастады…

Ықаңның қобызының күйі әуелі ақырын ырғалып, сызылып отырып, бірте-бірте күңіреніп кеп, зарлай жөнелді. Еңіреген, күңіренген күй көктен құйылып отырған сияқты болды. Менің жүрегім лүпілдеп, бүкіл жұлыным  шымырлап кетті. Үйде отырған жұрттың бәрі де қатып қалды. Күй еңіреп, сұңқылдап жылаған сияқты болып зарлады. Еңіреп төгілген, еңіреп сызылған күймен бірге адамның жүрегі, жүрек-бауыры елжіреп қозғалған сияқты болды. Мен төмен қарап қатып қалған екем. Әлден уақытта есімді жиып алып, көзімнің астымен ақырын қарасам, қобыздың құлағы Ықыластың сүйекті шықшытына қатты жабысып қалған екен. Ықыластың екі қолы қобызды есіп, еңіретіп отыр екен де, еңіреген қобыз күйімен бірге өзінің шұңғыл көзінен жас тарамданып ағып, сақалына тамшылап отыр екен. Менің де жүрегім елжіреп кетті. Сәтбайға қарасам, о да төмен қарап жылап отыр. Ақырын, жағалай өзге жұртқа қарасам, үйде отырған жұрттың бәрі де ақырын жылап отыр, мен қозғала алмадым. Біраздан соң Ықылас өксітіп кеп қобызын тоқтатты… Бірсыпыраға шейін жұрт есін жия алмай отырды… – деді Ашай».

Сәкен замандасы Ашайдан естігенін осылай жазады да, өзі де әсірелеп сөйлейді. Бұл жерде біз Сәкен арқылы қазақ сөз қолданысынан түсіп, бәлкім ұмытылып қалған «қобыз сызу» тіркесін қаперлемекпіз:

«Ықыластың қобыз сызғанын көрмеген, Ықыластың еңіреген күйін өз сызғанынан естімеген мен де Ашайдың айтуының өзінен өте қатты әсерленіп тыңдап отырдым. Менің көз алдыма Шу бойындағы, қалың дүлей қамыс ішіндегі төрт-бес үйлі ауылда қобызын сызып, еңіретіп, көзінен жасын тарам-тарам қылып, парлатып ағызып отырған Ықыластың суреті келді…

Осындай бір түн. Бетпақтың, Шудың түні. Қанаушылар билеген – патша заманы…

Үй айнала қалың, биік дүлей қамыстар. Ызыңдап ескен қоңыр жел.Биік дүлей қамыс қоңыр желмен бірге теңселіп сарнап шулайды. Сылдырап, сыбырлап, сыңсып, сызғырып шулайды дүлей қамыс. Тыста, қара түнде шулаған қамыстың үнімен бірге Ықыластың қобызы да сарнап еңіреп жылайды. Түнгі қамыстың шуына, түнгі қобыздың зарына қосылып, Ықылас та еңірейді. Көзінен аққан жас тарам-тарам болып, сақалына тамшылап ағады. Қанды патшаның қанаушыл заманы қара пәлелі, дүлей қара түн сияқты. Қанаушылар билеген дүлей замандағы терең сырлы күйші еңіремегенде қайтеді?

Көпке дейін Ықыластың суреті менің көз алдымнан кетпеді» депті С.Сейфуллин.

Әрине мұншама үзіндіні келтірудегі себеп – Жамбыл облыстық музейіндегі Ықыластың қобызы нақ осы жолы тартқан аспабы дегендік емес. Осыншама құдіретті қол сарнатқан дүние екенін таныта түспек ой ғана. Оның үстіне қазақ даласында қобызшы, күйші-композитор көп болса да, көбінің есімі тарихта қала бермегені белгілі. Қобыз дегенде Қорқыттан соң алғаш еске түсетіні осы Ықылас бабамыз. Арнайы тоқталатынымыз сондықтан.

Музейдегі Ықаңныңқобызыхақында алғаш жазушылардың бірі академик Әлкей Марғұлан болса керек. Ол кісі қобызшының кенже баласыАқынбайдың үйіне түскенін, оның жұбайы Рәзия атасының қобызын сақтап отырғанын жазады. «1946 жылы Көктас өзені бойында отырған Тасты совхозында болғанымда, кенеттен Ықыластың үйіне кездестім. Үй иесі – Ықыластың келіні, кішіпейіл қартаң әйел екен. Үйдің жоғарғы уығында Ықыластың қобызы ілулі тұрды. Әйел оны ешкімге ұстатпайды. Біз Алматыға апарып халыққа таныс етейік дегенде көнбеді» («Жұлдыз» журналы, 1983, 3-саны).

Кейіннен барып мұражайға өткен қобыздың бүгінге жетуі аңызға бергісіз, адам сенгісіз әңгіме. 1932 жылы ұлт басына төнген ұлы нәубеттің бір шеті осы жерден сыз береді. Бұл туралы азалы әңгімеге «Қобыз атасы Ықылас» жинағында Илия Жақанов кеңінен тоқталады.Ықаңның атасы Алтынбек, әкесі Дүкен де қобызшы болғанын айта келе автор: «Ықылас әулетінің қобызшылық рухы Ақынбайға кеп қонып, сонымен тоқтады. Ақынбайдың қобыздың құлақ күйін келтіруін әйгілі қобызшы Дәулет Мықтыбаев ештеңеге теңгермейтін. Бірақ Ақынбай аңшы, саятшы, палуан, ұста боп қобызға көп үйірілмеген» дейді. Демек, әкесі Ықыластан Ақынбайға, одан Дәулет Мықтыбаевқа тегін жалғасып тұрған жоқ. Ал Ақынбайдың жары, Ықаңның көзін көрген келіні Рәзия апай бертінге дейін өмір сүрген. Атасының қобызын бүгінге жеткізгені өз алдына, көптеген естеліктерді жалғаған осы күнге. «Мен келін болып түскенде атам жетпіс жаста екен. Атам мүлде қарапайым болатын. Астамшылық, біреуді менсінбеу әсте қаперіне кірмейтін. Бала келсін, үлкен келсін, ешкімді талғамай, «менің қобызыма келіп отыр ғой» деп сан алуан күй тартып беретін. Ондай шақта өзі де бір жасап қалатын» депті бір әңгімесінде Рәзия апа. Күйші 1916 жылы Дулат деген немересінің есімін қойған соң барып сексен жастан асып дүние салғанын айтқан кейуана.

1932 жылы аштықта жан сақтау үшін Арқадан Оңтүстікке қарай шұбырған қаралы көш тарихтан белгілі. Көбі Бетпақта жолда қырылып қалған. Сол шұбырған көштің арасында Ақынбайдың отбасы бар, Рәзияның қолында бесіктегіҚалиман деген нәрестесі және атасы Ықыластың қобызы. Шуға жете бере әбден қажыған ананың титығы құрығанда, баланы емізіп, бесікке бөлеп қайта ілбиді. Сөйтіп, баласын қалдырып, қобызды алып кетеді. Ақынбай екеуі бұлаққа жетіп бір әлденген соң балаға айналып соғатын болады. Қайырылып келсе бесік тұр, бала жоқ көрінеді. Сондағы қобыз бен баланың қайсысын таңдау тұрғысында ойланғанда Рәзия шешей: «Байқаймын, атамның қобызын тастағанша өлгеніміз артық. Ендігі ауырсынғанымыз не, бесік. «Құдай сақтар, бесік тұра тұрсын, қайтып келіп аламыз» дедім. Ақынбай көнбеді. Бірақ мен болмадым. Бесікті қалдырдық. Шамалы жүріп бұлақ басына келдік. Бұл Ақынбайдың аң аулағанда тоқтайтын бұлағы екен. Су іштік. Сәл диландық. Көп кешікпей бесіктегі баламызға қайттық. Келсек, бесік тұр, бала жоқ…», дейді. Қаншама ғасырлық музыкаларды толғаған қасиетті қара қобыз осыншама қайғы мен қасіретті артқа тастап, жолында іңгәләған сәби құрбан болып бүгінге жеткенін ұғынарға керек. Ықыластың өзі бала кезінде түсінде көген алмай, қобыз ұстап қалған екен. Бертін келе көзін көрген келінінің өзі баласын тастап, қобызын арқалап кеткені тегін емес.

Мұражайда тұрған осы қобызға көз тоқтатып қараса, шанағын қаптаған көнінің шеті қиқалап кесілгені байқалады. Атасының аманатына адалдық танытып, өмір бойы күзетіп өткен Рәзия апа ол туралы: «Ауылда сандалып жүретін бір молдасымақ мен үйде жоқта балаларды алдап, тәбәрік алам деп шанағының бір шетін кесіп алыпты. Содан кейін бөтен адамды қобызға жолатпайтын болдым», депті.

Біз енді тап басып айта алмасақ та, жазушы Тәкен Әлімқұлов «Қаралы қобыз» әңгімесінде Ықыласқа атақты туындысы «Ерден» күйін тарттырған қобыз осы қобыз деген сыңайды емеурін етеді. Сәкен жазып қалдырған Ашай әңгімесін, Рәзия әженің естеліктерін байытатын бірден бір шығарма ұлы күйшінің шығармашылық тұлғасын елестетеді. Жазушы соңында мынадай түйін жасайды: «Ықылас күйші әкесі Дүкеннің көзін көрген қара қобыздың күндердің күнінде артында қалатынын білді. Бірақ күндердің күнінде сол қобыздың көнегінен титімдей таспа тіліп алуға құмартушылардың көп болатынын білген жоқ. Қара қобыз үкісі желбіреп, теңгесі саудырлап, немереден шөбереге, шөбереден шөпшекке, ұрпақтан ұрпаққа ауысатынын ойлаған жоқ».

Тәкеннің бұл жазғаны – баласы өліп, қайғысын көтере алмай жатып қалған Ерден Сандыбайұлының басын күймен көтеріп, қайғысын қобызбен жуған Ықылас еді. Осымен сөз де тамам.

Ерзат ЕРМАҒАМБЕТ

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *