Осы апта батырдың тойы деп Қарқаралы қарбаласта. Ел іші гу-гу әңгіме. Жалғыз қазақ емес, тамам түрік халықтарының маңдайына біткен тұңғыш ғарышкер, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкір 80-нің сеңгіріне көтерілді. Күні кеше ғана. Жалғыз Қарқаралы ғана ма арысым деп сүйіншіге шапқан? Өткен аптадан бері қазақ даласы ғарышкер есімін ардақтақтап, бағасын асырып жатқаны естіледі ептеп.
Елдегі бірер бұқаралық ақпарат құралдары жариялай бастады әуелі. Туған топырағы Қарқаралының дайындығы тіптен қызу. Бастапқыда «екі автокөлік тігіледі екен батырдың тойына» деген әңгіме естідік. Іле екеу емес, төртеу» дескендер болды. Мәселе көлік тіккенде ме бірақ? Батырдың бағасына, биік рухына, қылған ерлігіне, істеген ісіне, тұтқан мұратына қаншалықты жақындауға тырыстық. Тоқаң көк жүзінде де, жер бетінде де қазақтың хақысы үшін артығымен қызмет еткен біртуар тұлға десек, артық айтқандық емес. Кезінде халқының ақысы мен хақысы үшін басын бәйгіге тіккендей әрекеттерге де барғанын білеміз. Әуелі ұшқыш-сынақшы ретінде бас кететін сынақтарға барып, Геннистің рекордтар кітабына енгенін қайталап айтып жатпаймыз. Сонда секунд ішінде жүретін секунд, қас қаққандай мезетке жаңылысса, жазым кетуі мүмкін екен ғой, сынақ барысында. Мұндай тәуекелге барған батыр көк жүзінде атқаруы тиіс барлық міндетін өтеген соң да, ұлты үшін жанын шүберекке түйгенін ел жақсы біледі. Демек батырдың осынау қызық-қуанышының шаруасы мен шығынын тек Қарқаралы көтеруі керек десек, әрине қателесуіміз мүмкін.
Тоқаң жалғыз қазаққа ғана емес, күллі түрік халықтарына ортақ тұлға. «Тұранды мақтамаймын тіпті текке, онысыз да Тұран мәлім талай шетке» дегенде Мағжан сөзінің бір ұшын Ұлықбекке жалғайды ғой. Самарқандта обсерватория ашқан Ұлықбек атақты ақсақ Темірдің немересі екенін кейін білдік. Кей аңыздарда Темірге сайыпқыран сөзі тіркеледі. Олай дейтіні өмірі бір сызықтың бойында түйіспейтін жұлдыздар бәленбай жыл өткенде бір нүктенің бойында тоғысады екен. Мәселен, елу не жүз жылда бір сызық бойында сәйкеседі екен. Сол уақытты ежелгі шығыс аспантанушылары «саһибхиран» дейді, ал сонда дүниеге келген ұлды сайыпқыран (саһибхиран) десетін көрінеді. Темір туғанда да сондай құбылыс орын алса керек. Ақыры, немересі Ұлықбек астроном болды. Ұлықбек аспан-көкпен жерде отырып тілдессе, Тұран даласында түркіден тұңғыш ғарышқа ұшқан Тоқтар Әубәкір аспаннан келген соң барып Алаш жұртының азаттық алғаны да – жоғарыдағы жұлдыздардың тоғысқанындай кездейсоқ құбылыс емес деп түсінуге болар. Батырды туған топырағынан бастап өсірген ата-анасы, атасы мен бабасы, апасы мен әжесі, қанаттандырған ортасы, арманына жол ашқан әрбір қадамы – бәрі-бәрі зерттеліп, жалпыға жарықтың жылдамдығымен тарап жатуы керек қой бұл уақта. Тоқтардың бала күнінен бастап өмірбаянын қопарсаңыз, намыс пен рухтың алтын сарайына енесіз. Сосын туған халқына деген іңкәр сезім барын аңғарамыз. Жүрегі қазақ деп соққан тұлға. Ендеше осындай асыл қасиеттерді мерейтойында сәт сайын жарнамалап жатсақ, қане? Аздаған мақала, аздаған түсірілім, ептеген жарияланым, тағы не бар? Туған елі ат шаптырып тойламақшы, оған да шүкір! Қалай үлгі етсек те Тоқаң нағыз қайтпас қайсар рухтың құйындысы іспетті. Қара өлеңде Қасым болса, көкте жасын болып асыр салған Тоқаң демеске қоймайды. Ендеше батыр туралы аз-кем дерек.
ТАРИХИ РЕКОРД
1988 жылы Тоқтар Әубәкіров Кеңес Одағы тарихында алғаш рет әуеде екі мәрте жанармай құйып, Солтүстік полюске дейін ұшу тапсырмасын орындады. Осы ерлігі үшін оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. 1989 жылы ол «МиГ-29К» палубалық жойғыш ұшағын авиакрейсерге қондырып, кейін сол кемеден трамплин арқылы қайта көтерілген әлемдегі алғашқы ұшқыш атанды. Бұл жетістік Гиннестің рекордтар кітабына енді.
ҒАРЫШҚА ЖОЛ
1991 жылғы 2 қазанда Тоқтар Әубәкіров «Союз ТМ-13» ғарыш кемесімен ғарышқа ұшып, қазақ халқының ғасырлар бойғы арманын жүзеге асырды. Ол «Мир» орбиталық стансасында 7 тәулік 22 сағат 13 минут болып, ғылыми бағдарламаны табысты орындады. Экология, медицина, биология және материалтану бағыттары бойынша маңызды тәжірибелер жүргізіп, Арал теңізіне қатысты зерттеулері халықаралық ғылыми қауымдастықтың жоғары бағасына ие болды.
ЕЛ ҚЫЗМЕТІНДЕ
Тәуелсіздік алғаннан кейін Тоқтар Әубәкіров Президенттің ғарыш мәселелері жөніндегі кеңесшісі болды. 1992-1993 жылдары Қорғаныс министрінің орынбасары қызметін атқарып, Қазақстан Қарулы күштерінің қалыптасуына үлес қосты. Кейін бірнеше мәрте Мәжіліс депутаты болып сайланып, қоғамдық-саяси өмірге белсенді араласты.
ХАЛЫҚ ҚАhАРМАНЫ
Бүгінде Тоқтар Оңғарбайұлы зейнет демалысында болғанымен, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу, әскери қызметтің беделін арттыру және ұлттық құндылықтарды насихаттау бағытындағы қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысып келеді. Ол – Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, «Отан» орденінің және өзге де жоғары мемлекеттік әрі халықаралық наградалардың иегері.
Ерзат ЕРМАҒАМБЕТ
