Жаңа әдістемелік құралдың тұсауы кесілді

Жеке ғылым ретінде жетілдіріп отыруды қажет ететін саланың бірі – тілді оқыту әдістемесі. Ересектерге мемлекеттік тілді оқытудың әдістемесі өте ауқымды түсінікті қамтиды. «Кімге нені қалай оқыту керек?» деген сұраққа жауап бере отырып, грамматикалық және лексикалық минимумды беру, сөйлеу әрекетінің түрлері арқылы тіл үйрету және тағы басқа мәселелерді қамтитын әдістеме жүйесі үнемі жаңа әдебиеттермен, жаңаша әдіс-тәсілдермен толығып отырады.

Осы орайда жақында Қарағанды қаласы «Шырақ» тілдерді оқыту орталығының қазақ тілі оқытушысы Әсия Даниярқызы Смыкованың «Как сказать на казахском языке…» әдістемелік өнімінің тұсаукесері ұйымдастырылып, аталған кітап жан-жақты таныстырылды.

Тұсаукесерге Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы С.М.Әбеуова және басқарма мамандары, ЖОО ғалымдары, Ресурстық тіл орталығының мамандары, өңірлердегі оқыту орталықтарының басшылары мен оқытушылары, қазақ тілі курсының тыңдаушылары, БАҚ өкілдері қатысты.

Іс-шарада автор әдістемелік құралдың негізгі ерекшеліктері мен құрылымын кеңінен таныстырып, тіл үйренушілерге мемлекеттік тілді оқытуда басшылыққа алатын тиімді әдіс-тәсілдерге тоқталды. Сондай-ақ Ә.Д.Смыкова тіл үйрену үдерісінде сөйлеуге қажетті грамматикалық құрылымдар өз алдына, үйренушінің ынтасын оятып, қазақша сөйлеуге автоматтандыру үшін грамматикалық бірліктерді дайын күйінде ұсыну неғұрлым нәтижелі болатынын атап өтті.

Тұсаукесер рәсімінде Тілдер басқармасының басшысы Салтанат Мірәсілқызы Әсия Даниярқызын арнайы құттықтап, басқарма атынан сый-сияпатын табыстады. Одан әрі Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақ тілі және мәдениеті кафедрасы меңгерушісі Хамзина Қарлығаш Мәуенқызы және Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Қазақ тілінің практикалық курсы кафедрасының меңгерушісі, Рахымберлина Сағила Әбдіғалиқызы кітаптың тұсаукесер рәсімін жасап, авторға жылы лебіз білдірді.

Тілді базалық деңгейде меңгеріп, тұрмыстық деңгейде сұбхат құруға жеткен тыңдаушылар үшін аталған әдістемелік құралдың берері мол демекпіз.

Жұпар ЖАҚАН,

Қарағанды облысының тілдерді дамыту

жөніндегі басқармасы жанындағы

Ресурстық тіл орталығының бөлім меңгерушісі

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *