Қарағанды облысы Нұра ауданына қарасты Ахмет ауылында жергілікті атқарушы биліктің қолдауымен «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында салынған модульдік ерікті өрт сөндіру бекеті жұмысын бастады.
Тәулік бойы кезекшілік атқаруға қажетті техникамен, байланыс құралдарымен және барлық керек-жарақпен жабдықталған жаңа нысан төтенше жағдайларға ден қою уақытын едәуір қысқартуға мүмкіндік беріп, ауылдың шамамен 1,5 мың тұрғынының қауіпсіздік деңгейін арттырмақ.
Ашылу салтанатына Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Арынов, аудандық әкімдік өкілдері қатысты. Бұл маңызды оқиғаға ауыл тұрғындары да жиналды.
Ведомство басшысының айтуынша, «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы – ауылдық жерлердегі қауіпсіздікті арттырудың негізгі құралдарының бірі және оны іске асыру алдағы уақытта да жалғасын табады. Ерікті өрт сөндіру құрамаларының желісін кеңейту жоспарланып отыр.
Төтенше жағдайлар министрлігі бекетті өрт сөндіру техникасымен, арнаулы формалық киіммен және байланыс құралдарымен қамтамасыз етті.
Еріктілер өрт-тактикалық сабақтар мен тәжірибелік жаттығуларды қамтитын жүйелі оқытудан өтетін болады.
