Қаншама уақыт өтсе де тілімізді дұрыс қолдану, дұрыс жазу мәселесі ешқашан күн тәртібінен түсіп көрген емес. Сондай тіл мәсеклесіне арналған
«Жарнама – тіл тазалығының көрінісі» атты жиын Қарағанды облысы кәсіпкерлер палатасының конференц залында болып өтті. Дөңгелек үстел
түрінде ұйымдастырылған бұл шара Қарағанды облысы бойынша тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының қолдауымен Қарағанды қаласы аумағында бес жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Көрнекі ақпарат пен жарнама тілін біріздендіру» әлеуметтік жобасын қорытындылауға арналды. Бұл шараға мемлекеттік мекеме мамандары, тіл жанашырлары, жұмыс тобының мүшелері, кәсіпкерлер, жарнама агенттігінің өкілдері, еріктілер, БАҚ өкілдері қатысты.
Дөңгелек үстел басындағы әңгімені облыс бойынша тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Салтанат Мірәсілқызы Әбеуова қысқаша кіріспе сөзбен ашып, атқарылған жұмыстардың ауқымды екеніне ерекше тоқталды.
Бұдан арғы сөзді «QazЛингва» орталығының жетекшісі, жұмыс тобының мүшесі Гүлнәз Мұстағұлова жалғастырды. Ол слайдтар көрсете отырып, осы бес жыл ішіндегі игілікті істер жайлы айтып берді. «Көрнекі ақпарат пен жарнама тілін біріздендіру» әлеуметтік жобасы аясында үтіміздегі жылы наурыз-қараша айлары аралығында жұмыс тобының мүшелері мен еріктілер қала кәсіпкерлерінің тіл туралы заңнама талаптарын қалай сақтап жатқандығын білу мақсатында мониторинг жүргізген болатын. Мониторинг барысында оларға тіл және жарнама туралы заңнама нормаларының талаптары түсіндірілді, жадынамалар таратылды және қысқа мерзімде көрнекі ақпараттар мен жарнамаларды ҚР-ның «Тіл туралы» Заңына сәйкес жүзеге асыру қажеттігі туралы ұсыным хаттар жолданды. Бес жылдан бергі уақыт ішінде жалпы саны 3 518 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері қамтылды.
Call-center қызметінің мамандары 1024 көрнекі ақпарат пен жарнама мәтіндерін мемлекеттік тілге сауатты аударып беріп, кәсіпкерлерге әдістемелік көмектерін көрсетті.
Сонымен қоса дөңгелек үстел барысында осы аталған жоба аясында атқарылған жұмыстар талқыланады, сондай-ақ мемлекеттік тілдегі көрнекі ақпараттардың, оның ішінде жарнама мәтінінің сауатты рәсімделуіне атсалысып жүрген жарнама агенттіктерінің басшылары мен «Сауатты жарнама – сауатты кәсіпкер» акциясы барысында кәсіпкерлер арасында түсіндіру жұмыстарын жұргізген тіл жанашырларына, колледждердің оқушыларына және жоғары оқу орындарының студенттеріне алғыс хаттар табыс етілді.
Сүйіндік ЖАНЫСБАЙ