Ісін жаңа бастаған кәсіпкер Мөлдір Гүләлиева Қарқаралы ауданында балық аулаудың толық қызметін іске қосуда. Ол туристер мен балық аулау әуесқойларына толық жабдықталған шатырларды, қармақтарды және ашық ауада демалу үшін қажет нәрсенің бәрін жалға береді.
Туристер арасында үлкен сұраныс болғандықтан Мөлдір осындай қызметті неге көрсетпеске деп ойлаған. Бір жыл бұрын ол үлкен көлдің жанындағы қонақ үйді жалға бере бастаған, туристерге туған өлкесінің көрікті жерлеріне экскурсиялар ұйымдастырады.
– Жалпы, мен туризммен бес жылдай айналысамын. Бір жыл бұрын біз үлкен қонақ үйді жалға бере бастадық, демалушылар балық аулауға қызығушылық танытты, бізден қармақ, шатыр жалдауға бола ма деп сұрады. Бұл идея осылай пайда болды, – дейді Мөлдір. – Сол кезде мен бизнес-жоспар құрып, облыс әкімінің грантына өтінім беруді шештім, себебі туризмді дамыту – біздің өңірдегі басым бағыттардың бірі.
Мөлдірдің идеясы қолдау тапты. Оған 2 миллион теңге көлемінде грант бөлінді. Бұл қаражатқа шатырларды, ұйықтайтын қаптар, жорыққа арналған матрацтарды, қармақтарды, жиналмалы үстелдер мен орындықтарды, сондай-ақ балық аулауға арналған басқа да қажетті құралдарды сатып алуды жоспарлап отыр.
Сондай-ақ, Қарқаралы ауданында жақын арада ісін жаңа бастаған кәсіпкер Гүлім Омарханова облыс әкімінің грантының көмегімен балаларды тасымалдау қызметі бар дамыту орталығын ашпақ.
– Мен көпбалалы анамын, төрт бала тәрбиелеп отырмын, кейде олармен үй тапсырмасын орындау қаншалықты қиын екенін білемін. Сондықтан Қарқаралыда білім беру орталығын ашуды ұйғардым. Онда бастауыш сынып оқушылары сабақтан кейін оқитын болады. Біз оларды мектептен өзіміз алып кетеміз, ал дайындықтан кейін оларды үйлеріне апарамыз, – дейді Гүлім.
Облыс әкімінің грантына ол балаларға арналған үстелдер мен орындықтар, интерактивті тақта, ноутбук және басқа да техника сатып алмақшы.
– Мен субсидияланатын жұмыс орнына жүргізуші аламын, менде бір мұғалім бар, біз жалға алуға қолайлы үй-жай таптық. Болашақта тағы бір педагог пен логопед-дефектологты жұмысқа орналастырғым келеді, – деп атап өтті кәсіпкер. – Гранттар – біз үшін жақсы көмек: өз ісімізді бастауға ынталандырады.
Қарқаралыда өңір басшысының гранттық қолдауына тағы үш кәсіпкер ие болды. Осылайша, қалада гүлдер павильоны жұмыс істейді, онда тұрғындар әдемі гүл шоқтарына тапсырыс беріп қана қоймай, шоколадты құлпынай мен дәмді кофе ала алады.
Сонымен қатар, жақын арада компьютер жөндеу шеберханасы мен фото-видео салон ашылады.