Аймақта кәсіпкерлікті дамытуға мемлекеттік қолдау барынша ықпал етіп отыр. Оның ішінде жастар кәсіпкерлігі де ескерусіз қалған емес. «Ақыл – жастан» деген, себебі жастар тарапынан ұсынылатын тың идеялар баршылық. Соның арқасында облыстағы ауылдарда кәсіп ашып жатқан жастар қарасы қалың. Бұл – әрине, Халықтың әл-ауқатын арттыру бағдарламасы аясында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстың бір бөлігі.
Мемлекеттік қолдау – жеңілдетілген несиелер, гранттар мен субсидиялар өндірісті жолға қоюға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және сұранысқа ие өнім шығаруға жол ашты. Бұл отандық өнімді көбейтіп, импорт үлесін азайтуға мүмкіндік береді.
Мәселен, Нұра кентінде жас кәсіпкер Әкімбек Зекен құрылыс материалдарын өндіруді қолға алды. Ол шағын цехында газ блоктарын, суэмульсиялы бояу және грунтовка өнімін шығарады.
Әкімбектің өзі бұл саладан алыс емес. Мамандығы – инженер-құрылысшы. Құрылыс саласында жұмыс істеп жүрген кезінде өз бизнесін ашу туралы ой туған. Ал ол кәсібін бастауға ата-анасы қолдау көрсетіп, болашақ цехқа арналған ғимарат сатып алып берген. Кейін жас кәсіпкер мемлекеттік қолдау шараларына өтініш берді. Соған орай гранттар мен жеңілдетілген несие арқылы қажетті жабдықтарды сатып алды.
Өндірісте отандық шикізатты пайдалануға ден қойған. Газ блоктарын шығару үшін жергілікті карьерден алынатын құм мен өзімізде өндірілген цементті қолданады. Ал бояу жасауға қажетті шикізаттың бір бөлігін қазақстандық өндірушілерден алса, қалғанын Ресей мен Қытайдан сатып алады. Бүгінде кәсіпорында тұрған барлық жабдық Қазақстанда құрастырылған.
Тағы бір қолдау – мемлекет қызметкерлердің жалақысының бір бөлігін мойнына алған. Яғни жұмысшы жалақысына субсидия беріледі.
– Ауылда кәсіп жүргізу қалаға қарағанда қиындау. Себебі халық аз, нарық көлемі шағын. Халық аз болған соң тұтынушы да аз. Оның үстіне логистикаға қатысты мәселелер бар. Бір артықшылығы, ауылда бәсекелестік те төмен. Қазір жас кәсіпкерлер үшін нақты мүмкіндіктер жасалған. Яғни гранттар, субсидиялар және жеңілдетілген несиелер жұмыс істеп тұр. Ең бастысы – кәсіп бастауға қорықпау керек, – дейді жас кәсіпкер.
Бүгінде Әкімбектің цехында үш адам еңбек етеді. Құрылыс маусымында бұл жердегі жұмыс қызады. Яғни сұраныс көбейгендіктен өндіріс толық қуатымен жұмыс істейді. Қазір цех өніміне Нұра және Осакаров аудандарының тұрғындарынан тапсырыс көп. Жас жігіт алдағы уақытта өнім түрін көбейтіп, соған сай жаңа жабдық сатып алып, тағы да өндірістік ғимараттар салуды жоспарлап отыр.
Жалпы, Нұра ауданында кәсібін дөңгелетіп әкеткен жастар баршылық. Тағы бір мысал – нұралық Шыңғыс Қадырбаев шаруашылық сабын шығарып отыр. Ол сабынның екі түрі мен кір жуу ұнтағын өндіреді. Мұнда да отандық шикізат қолданылады. Ол еліміздің әртүрлі өңірінен жеткізіледі. Ал дайын өнім тек аудан көлемінде ғана емес, өзге де қалалар мен облыстарға жеткізіліп келеді.
Кәсіпкер өндірісті дамытуға облыс әкімінің грантын жеңіп алды. Және «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайыз болатын жеңілдетілген микронесие алды. Бірақ кәсіпкер ауылда бизнес жүргізуге кадр табу қиындық тудырып отырғанын айтады.
– Ең үлкен қиындық – білікті маман табу. Сондай-ақ шикізат жеткізу де оңай емес. Материал алу үшін Астана мен Қарағандыға тұрақты түрде баруға тура келеді. Бірақ біз қиын екен деп бастаған шаруаны тастай салмаймыз. Бірте-бірте істі дамыта береміз. Алғашында шаруашылық сабын шығардық. Ал биыл кір жуатын ұнтақ өндіруді бастадық. Ендігі мақсатымыз – өнім түрлерін көбейтіп, өндіріс көлемін ұлғайту, – дейді Шыңғыс.
Осылайша біз мысалға келтірген кәсіпкерлер мемлекеттік қолдау арқасында өз кәсібін ашып, оны нығайтып келеді. Өздері ғана табыс таппай, қосымша ондаған адамды еңбекпен қамтып отыр.
Манас АҚСАРЫ
