Өткен аптада Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен мемлекеттік тілді оқыту әдістемесін жетілдіру, ІТ технологияға бейімдеу, жасанды интеллектінің көмегімен тіл үйретуді оңтайландыру, тіл мамандарының, әдіскерлер мен оқытушылардың кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында «Жасанды интеллект: тіл үйретудегі рөлі мен мүмкіндігі» тақырыбында республикалық семинар-кеңес өтті.
Аталған ауқымды шараға тіл жанашырлары, ЖОО ғалымдары, депутаттар, өңірлердегі тіл бөлімдерінің басшылары, тілге жауапты мамандар, тіл оқыту орталықтарының директорлары, әдіскер-оқытушылары қатысты. Сонымен қатар Жамбыл, Қостанай, Абай, Жетісу, Солтүстік Қазақстан облыстарының тіл оқыту орталықтарының директорлары мен әдіскерлері іс-тәжірибелерімен бөлісті.
Шараға әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к., қауымдастырылған профессор Бақыт Айтбаева және Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің филология факультетінің қауымдастырылған профессоры Бектұрсын Қалиев арнайы қатысып, «Сарыарқа-3» оқу-әдістемелік-кешенінің ерекшелігі мен ішкі мазмұнына ғылыми түрде сараптама жасап, жоғары баға беріп, ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.
«Сарыарқа-3» оқу-әдістемелік кешенінің авторы, Қарағанды облысының тілдерді оқыту орталығының директоры Алмагүл Игенова әдістемелік кешеннің танымдық қосымшасы, веб-сайты мен YouTube арнасының мазмұны, құрылымымен таныстырды.
Семинар-кеңес барысында «Сарыарқа-3» оқу-әдістемелік-кешенінің танымдық қосымшасының тұсауы кесілді.
Сондай-ақ, Қарағанды облысының тілдерді оқыту орталығының оқытушылары жасанды интеллектіні тіл үйретуде тиімді пайдалану, мүмкіндіктері мен артықшылықтарына тоқтала отырып, оны қазақ тілін оқытуда тиімді қолданудың әдіс-тәсілдерімен бөлісті.
Семинардың екінші бөлігі «Қасым үйінде» орналасқан Қарағанды қаласының тілдерді дамыту бөлімінің «Шырақ» тіл оқыту орталығында жалғасты. Шарада орталық директоры Әсия Смықова «Как сказать на казахском языке…» атты тіл үйренушілерге арналған әдістемелік құралымен таныстырып, басқа да облыстардан келген мамандар тіл оқытуда ЖИ қосымшаларын пайдалану жолдарымен бөлісті.
Өз тілшімізден