Теміртауда жұмыс істейтін жастарға тұрғын үй алу үшін жеңілдетілген несие беруге өтініштер қабылдау бастады. Құжаттарды қабылдау 28 маусымға дейін жалғасады.
«Теміртау жастары» тұрғын үй-ипотекалық бағдарламасы өткен жылы іске қосылды. Бұл Теміртау қаласы əкімдігі мен «Отбасы банкінің» бірлескен жобасы.
Жоба қалада кемінде бір жыл тұратын жəне жұмыс істейтін жас мамандарды қолдауға бағытталған. Қатысушылардың жасы — 35 жасқа дейін. Міндетті түрде ҚР азаматтығы жəне қарыз алушының жəне оның отбасы мүшелерінің меншігінде жылжымайтын мүлік болмауы (соңғы 5 жыл ішінде) тиіс.
Бағдарламаға Денсаулық сақтау, білім беру, мəдениет, спорт жүйелерінің қызметкерлерінен, БАҚ, өндіріс, ЖОО жəне əлеуметтік сала өкілдерінен басқа квазимемлекеттік сектордың коммуналдық кəсіпорындарының, ТЖМ, жолаушылар көлік кəсіпорындарының, «Оқжетпес-Т» жəне «Қазпошта» компанияларының қызметкерлері де қатыса алады.
Қарыздың ең жоғары сомасы 15 млн. теңге. Үміткерлерде қарыз сомасының кемінде 10 % мөлшерінде бастапқы жарнасы болуы тиіс. Бұл ретте тұрғын үйді жылдық 6 %-бен ресімдеуге болады. Несие мерзімі — 8 жыл.
Тұрғын үйді бастапқы жəне қайталама жылжымайтын мүлік нарығында сатып алуға болады.
Теміртау қаласының ішкі саясат бөлімінің басшысы Гүлмира Олжабаеваның айтуынша, «Теміртау жастары» жобасы 2023 жылы өзінің тиімділігін көрсеткен.
— Өткен жылы осы бағдарлама бойынша 517 млн. теңгеге жеңілдікті несие берілді. 39 отбасы тұрғын үй сатып алды. Биыл сома ұлғайды, яғни өз пəтерлерін алатын жас отбасылардың саны да артады, — деп атап өтті ол.
Үміткерлер келесі құжаттарды ұсынуы керек:
- жеке куəлік;
- азаматтық хал-ахуалды мемлекеттік тіркеу туралы куəлік (неке қию жəне балалардың тууы туралы куəлік — болған жағдайда);
- өтініш берушіге жəне отбасының барлық мүшелеріне жылжымайтын мүліктің жоқтығы туралы анықтама;
- ресми бланкіде жұмыс орнынан анықтама (ресми бланк болмаған жағдайда анықтамада ұйымның мөрі болуы тиіс);
- еңбек өтілін растайтын құжат;
- еңбек қызметінің барлық кезеңі үшін зейнетақы аударымдары туралы үзінді көшірме;
- мүгедектік туралы анықтама (бар болса).
Құжаттарды 28 маусымға дейін Жастар ресурстық орталығына мына мекен-жай бойынша тапсыру қажет: Құрылысшылар көшесі, 47.
Анықтама телефоны: +7– 747–515–27–77.