Қарағандылық 17 жастағы спортшы Олег Широбоков Біріккен Араб Әмірліктерінің Әл-Айн қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы аралас жекпе-жек (ММА) бойынша әлем чемпионатында қола медаль жеңіп алды. Бұл – Қарағанды облысынан қатысқан спортшылар арасындағы жалғыз жүлде.
IMMAF (Халықаралық аралас жекпе-жек федерациясы) ұйымдастырған додада әлемнің 54 елінен 1 045 спортшы бақ сынады. Қазақстан ұлттық құрамасының сапында Қарағанды облысынан бес жас спортшы өнер көрсетті. Олар 14-15 және 16-17 жас санаттарында ел намысын қорғады. Алайда әлемдік деңгейде нәтиже көрсеткен жалғыз қатысушы – Олег Широбоков болды.
Олег – аралас жекпе-жекпен тоғыз жылдан астам уақыт бойы айналысып жүрген тәжірибелі спортшы. Ол – Қазақстанның жасөспірімдер арасындағы чемпионы, сондай-ақ бірнеше республикалық жарыстың жеңімпазы және жүлдегері. Әлем чемпионатында Олег үш жекпе-жек өткізді: екі қарсыласы – Тәжікстаннан, біреуі – Өзбекстаннан.
Оның бапкері Дмитрий Ермолаевтың айтуынша, спортшы жарысқа жоғары деңгейде дайындалып келген.
– Олег – үлкен тәжірибесі бар спортшы. Бұл чемпионатта да алтынға қол жеткізуге толық мүмкіндігі болды, – дейді жаттықтырушы. – Ол турнир барысында сенімді өнер көрсетті. Алайда бір жекпе-жекте ереже бұзылып, тәжікстандық қарсыласқа бас тұсынан соққы жасағаны үшін дисквалификацияға ұшырады. Осы сәт оны финалға өткізбеуге себеп болды.
Алдағы уақытта Олегті облыстық және республикалық чемпионаттарға іріктеу кезеңдеріне дайындық күтіп тұр. Биыл жасөспірімдер санатында халықаралық турнирлер өткізу жоспарланбаған.
Өмір БАЙБОСЫН