Өзі де, сөзі де мірдің оғындай…

Міржақып Дулатұлының  «Оян, қазақ!» кітабын оқып, осы аттас тарихи-драмалық фильмді көргеннен кейінгі ой

Мірдің оғы – Міржақып! Осы бір тіркес ойға оралды. Тақырыпқа сұранды. Шын мәнінде Міржақып Дулатұлы атамыздың өзі де, қалдырған барлық сөзі де (мұрасын айтам) мірдің оғындай еді ғой. Сол заманнан бізге жеткен дұрыс деректерге қарағанда, Міржақыпты көргендер – оның көзінің де өте өткірлігін айтады. Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан секілді көзі өткір, мысы басым қазақтың бірі – осы Міржақып екен. Кер заманда ерге тән мінезбен Алаштың даңқын аспанға көтерген осынау тарихи тұлғаны күн сайын насихаттап, есімін ауыл, аудан, қалаларға, әртүрлі мәдени орталықтарға, білім ошақтарына беру керек! Келешек ұрпақ ұмытпау үшін!

Міржақып Дулатұлы – мың жылда бір туар Алаштың арда азаматы! 1885-1935 жылдар арасында өмір сүрген қазақ  руханиятының ірі реформаторы. Есесі кеткен елімізге жалынды жырымен ағартушылықтың  дәнін еккен демократтық бағыттағы тарихи тұлға. 1909 жылы ұйықтап жатқан қалың елге «Оян, қазақ!» деп, ұран салуы – сол қараңғыда жатқан  бейқам жұртқа қою бұлттың арасынан жарып шыққан найзағай отындай әсер етті десем, артық айтқандық емес. Бір шумағын алдымызға әкелейік:

Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты,

Өткізбей қараңғыда бекер жасты.

Жер кетті, дін нашарлап, хал hарам боп,

Қазағым, енді жату жарамасты!

Бір таңқаларлығы, алдында дана Абайдың өсиетті өлеңдері мен ғибратқа толы қарасөздерін елең қылмаған қаймана қазақ Міржақыптың семсер сөздеріне селт етті, «мынау не дейді?» деп жалт қарағаны жасырын емес. Дәлел керек дейсіз бе? Бұған ақынның өз замандасы Қошке Кемеңгерұлының: «Оян, қазақты» ел қазақтары құрандай жаттады. Міржақып атын алты алашқа таратқан осы «Оян, қазақ!» деген пікірін айтсақ та жеткілікті. Осынау қалың қазаққа қатты әсер еткен азаттық күрестің манифесіндей көрінген публицистикалық-лирикалық жинаққа Міржақып қалай келді? Енді соған тоқталайық.

Міржақып 1885 жылы қараша айының 25-ші жұлдызында Торғай уезінің Сарықопа болысының үшінші ауылында дүниеге келген. Әкесі Дулат жалпақ жатқан Сарыарқаға белгілі шебер, қолынан бәрі келетін ісмер адам болған екен. Анасы Дәмеш қарапайым, көркем мінезді, той-думандарда ән салғанда әсем даусымен дүйім жұртты таңқалдыратын керемет өнерлі жан болыпты. Өкінішке қарай, аяулы анасы Міржақыптың екі жасында өмірден өтеді. Сегіз жасында әкесі баласын ауыл молдасына оқуға береді. Бірақ ес білгеннен зерек балаға молданың жаттанды араб дұғалары ұнай қоймайды. Осыны түсінген атасы екі жылдан кейін Міржақыпты ауылдағы орыс мектебіне алып келеді. Сол жерде ауыл мұғалімі Мұқан Тоқтабайұлынан орыс тілімен бірге қазақ тілі және әдебиетін оқиды. Абай, Шоқан, Ыбырай шығармаларымен танысып, Пушкин, Лермонтов, Крылов, Некрасов еңбектерін естиді. Міржақыптың өзі жазған өмірбаянында: «1897 жылы мен 2 кластық орыс-қазақ училищесіне түстім (Торғайдағы), оны бітіргеннен кейін оқытушылар курсында оқып, ауыл мұғалімі деген мамандық алдым. Осымен менің оқу орындарынан білім алуым аяқталады. 1902 жылдан бастап ауылда мұғалімдік қызметімді атқара жүріп, бос уақытымды білімімді жетілдіруге жұмсадым» дейтін дерек бар. Міржақып 17 жасында осыны айтып отыр. Өмірінің соңына дейінгі 33 жылда ұлтымызға қалай қызмет етті, осы жолда қандай азап шекті?..  Осыны бір шолып өтейік.

Міржақып Дулатұлының артына қалдырған мұрасы өте мол. Атап айтсақ, «Оян, қазақ!» (Уфа, «Шарқ» баспасы, 1909 ж. және Орынбор «Уақыт» баспасы, 1911 ж.), «Бақытсыз Жамал» (Қазан, Каримовтар баспасы, 1910 ж.), «Азамат» (Орынбор, 1913 ж.), «Есеп құралы» (Орынбор, 1914 ж., 1922 ж. ), «Терме» (Орынбор, 1915 ж.), «Қирағат кітабы» (Орынбор, 1916 ж., 1923 ж.), «Қылмыстық істерді жүргізу заңы» (Орынбор, 1924 ж.), «Қазақ тілінде басылған кітаптардың көрсеткіштері» (Қызылорда, 1926-1927 ж.ж.). Бұл – қарымды қаламгердің сол бір аласапыран тұста, оқ пен оттың арасында жүріп жазған және әртүрлі баспадан жарыққа шығарған кітаптары, зерделі еңбектері. Бұған қоса, Міржақып Дулатұлын өткір публицист, жалынды журналист ретінде көрсететін көптеген шығармалары бар. Олар «Серке», «Уақыт», «Қазақ», «Айқап», «Бірлік туы», «Кедей сөзі», «Ақ жол», «Ауыл», «Ауыл тілі», «Еңбекші қазақ», «Қызыл Қазақстан», «Абай», «Шолпан», «Тілші» секілді газет-журналдарда жиі жарияланып тұрған. Көсемсөздері мен сын-зерттеу мақалаларының біршама тізімі: «Біздің мақсатымыз» (1907), «Ибраhим ибн Құнанбаев» (1908), «Государственная дума hәм қазақ» (1911), «Қазақ халқының бас адамдарына» (1911), «Жер мәселесі» (1911), «Ай астында еш нәрсе басқарылмай тұрмақ емес» (1912), «Хан Абылай» (1912), «Жазу тәртібі» (1912), «Қазақтың тарихы» (1913), «Жұмыс хайуаны» (1913), «Ғабдолла Тоқаев»  (1913), «Хазірет Сұлтан» (1913), «Қай жерде қалай?» (1913), «Орынбор, сентябрь 14» (1913), «Адамға тіршілік не үшін керек?» (1913), «Эсперанто тілі» (1913), «Қазақ жайлы» (1913), «Екінші февраль» (1914), «Айқап» журналы» (1914), «Мұсылман істері хақында» (1914), «Абай» (1914), «Шоқан Шыңғысұғлы Уәлихан» (1914), «Исмағұлбек Гаспринский» (1914), «Манап» драмасы» (1914), «Тіл құрал» (1915), «ов» туралы» (1915), «ұлы» ма, «ов» па?» (1915), «Қазақ әдебиеті кеші» (1915), «Әбубәкір Ахметжанұлы Диваев», «Григорий Николаевич Потанин» (1915), «Сана қайда?» (1917), «Учредительное собрание» (1917), «Біздің істер» (1917), «Алашқа» (1918), «Орда гербі» (1918), «Қайтсек жұрт боламыз?» (1918), «Алашорда» (1918), «Баспасөз қатесіз болсын!», «Ұлт матбұғаты» (1918), «Жастар съезі» (1920), «Шаруашылықты қалай түзетеміз?» (1921), «Әйел теңдігі» (1921), «Халық соты» (1921), «Ел күйзелді» (1921), «Қазақ зиялылары» (1921), «Тіл мәселесі» (1921), «Ахмет Байтурсунович Байтурсунов» (орыс тілінде, өмірбаяндық очерк, 1922), «Тұрмыс, салт-сана, оқу» (1923), «Қазақ-қырғыздың аты, тегі туралы» (тарихи-зерттеу, 1923), «Сот осындай болсын!» (1923), «Қош келдің, Наурыз!» (1923), «Қазақ-қырғыз тарихы туралы» (1923), «Баспасөз не күйде?» (1923), «Цифр жазуы», «Баспасөз үмесі» (1923), «Дін және ғылым», «Ғылым төңкерісі» (1924), «Нариманұлы Нариман» (1925), «Орысшалаған қазақ тілі» (1926), «Он алтының ойраны» (1926), «Әзірет Сұлтан мешіті» (1926), «1916 жылы Торғай қазағының көтерілісі» (1926), «Ажалдан құтқарған қызыл тіл» (1926), «Қазақ тілінің мұңы» (1926), «Газет тілі оңды болсын» (1927), «Қазақ театрының жылдық тойы» (1927), «Мәдениет төңкерісінің міндеттері мен оқытушы» (1928), «Ұрпаққа хат» (1929), т.б. Сонымен қатар, қазақ қоғамындағы әділетсіздік, парақорлық, бөліну-жікшілдік, зорлық-зомбылық секілді теріс әрекеттерді сынаған сыни материалдар да жариялап отырған. Оған «Дауқұмар» (1915), «Жүзі қаралар» (1917) деп аталатын өткір фельетондарын айтуға болады. Автордың осынау сүбелі публицистикалық мақалалар шоғырына зерттеуші-ғалым Жұмағали Ысмағұлов: «Міржақып Дулатов қаламынан туған осындай татымды мақалалар ішінде әлеуметтік өмір, экономика, мәдениет, әдебиет, тарих, дін мәселелерінен бастап, тіпті сол кездегі халықаралық жағдайға дейін қамтыған, солар жайынан оқырманға өте бағалы танымдық  деректер берген материалдар ерекше назар аудартады» деп, пікір білдірген екен.

Міржақып Дулатұлы көркем прозада да біраз шығармалар жазған. «Бақытсыз Жамал» романын айтпағанның өзінде, 1911-1924 жылдар аралығында «Ақыл мен ырыс», «Екі қыздың мұңы», «Қымбат  тай», «Қызыл қашар», «Кәкең, Сәкең», «Читаю, писаю», «Үш құлақ», «Қуанышты күн», «Тік бақайлар», «Біздің болыс жарайды», «Ішік қайырлы болсын!», «Сол қыздың атын ұмыттым» дейтін әңгімелері жарық көрген.

1922 жылы қаламгердің қыз тағдыры мен әйел теңдігіне арналған «Балқия» атты пьесасы дүниеге келген. Төрт перделік бұл драманы – ұлттық драматургияның алғашқы қарлығаштарының бірі деуге де болады. Жан-жақты дарын иесінің шығармашылық жолы өлең-жырмен басталғандығы сөзсіз. Бұл реттегі поэзиялық туындылары «Оян, қазақ!», «Азамат», «Терме» жинақтарына топтастырылған. Мәселен, «Оян, қазаққа» 1902-1911жылдар аралығындағы өлеңдері, «Азаматқа» 1912-1914 жылдар арасындағы өлеңдері, ал «Термеге» 1913-1915 жылдардағы өлең-жырлары еніпті. Осы толқынды туындылардың бәрінде де халықтың тағдырына қатысты мәселелер, ең бастысы – надандыққа, қараңғылыққа, отаршылдыққа  қарсы күрескен ағартушылық  және саяси-демократтық бағыт анық аңғарылады. Барлық шығармаларына тән нәрсе – ұлттық рух, ұлттық тіл, ұлттық мәдениет, өз заманының күрделі әлеуметтік-қоғамдық мәселелері, оның ішінде жер мен тіл тағдыры, қыз тағдыры мен әйел теңдігі, отырықшылық өмірге көшу, туған елін жаппай сауаттандырып, өнерге, білім мен ғылымға қол жеткізу. Осының аясында әр қазаққа елдік, мемлекеттік сананы қалыптастыруды көздейді. Өз замандасы, Алаштың айбынды бір тұлғасы Смағұл Сәдуақасұлы: «Міржақып – қазақтың ұлттық қозғалысының үлкен қайраткері. Оның публицистикалық мақалаларының өзіндегі өткір ойды халыққа өлеңмен жеткізуі – ерекше қасиет!», — депті. Сыршыл суреткер Сәкен Сейфуллин «Қазақ зиялылары хақында» деп аталатын мақаласында: «Қазақ оқығандарының арасында 1905 жылдан бастап-ақ, революциялық идея, ұлттық теңдік пен азаттыққа үндеу етек алды. Жаңа оянып келе жатқан қазақ интеллигенциясының ол кездегі дем берушілері Бөкейханов, Дулатов, Байтұрсыновтар болды», — деп жазады. Бір ғажабы, ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан Алашорда мемлекеттік мәселелерінде көбінесе осы Ахмет пен Міржақып екеуімен ақылдасады екен. Кейбір құпия сырларды осы екі досымен ғана бөліседі екен. Бұған бір дәлел, алашшыл-демократ  ақын Сұлтанмахмұт Торайғырұлы:

… Дулатов, Байтұрсынов, Бөкейханов,

Білемін бұл үш ердің айтпай жайын.

Кешегі қара күнде болмап па еді,

Бірі — Күн, бірі – Шолпан, бірі – Айым.

Солардан басқа кеше кім бар еді,

Қазақ үшін шам қылған жүрек майын, — деп жырлаған.

Міржақып туралы өзге ұлт өкілдері де жақсы пікірлер қалдырған екен. Бір-екеуіне тоқталып өтсек, 1914 жылы орыс академигі В.Н. Гордлевский: «Дала перзенті – Міржақып  Дулатов» — десе, Украинаның белгілі шығыстанушы ғалымы А. Крымский: «Ақын, беллетрист Міржақып – ауылдағы орыс мектебінің мұғалімі. Оның поэзиясы өз халқын оқу-ағартуға шақырған асқақ үн мен жігерге толы. Ол езілген халқына өзінің заңды правосын қайтаруды, жас ұрпақты жарқын болашаққа жеткізуді армандайды» деп жоғары бағасын беріпті.

Ұлы ақынымыз Мағжанға да алғашқы ұстаз болған жақсы жандардың бірі – Міржақып екен. Міржақыптан үйренген орыс әдебиетіне бойлаған зерделі жас кейіннен мықты аудармашы да болып шықты. Аударма саласында Міржақыптың өзі де осал емес. 1902-1926 жылдар аралығында біршама өзге ұлт өкілдерінен әртүрлі жанрдағы шығармалар аударған. Мысалға, Пушкиннен «Гүл»,  Лермонтовтан «Айтыс», Абу Фирастан «Тағдырдан сұра, қаскүнем» дейтін өлеңдерді, Н. Ановтан «Мерезден құтқарды» пьесасын  тәржімалапты. Және де бұл тәржімалар озық үлгілер қатарында.

Бір деректе: «… Міржақып Алашқа қатысты съездің жұмсауымен 1906 жылдың аяғында Петербургке барып, қасындағы жолдастарымен бірге сонда шығып тұратын «Ульфат» атты татар газетінің қазақша қосымшасын шығармақшы болады. Ол ойлары жүзеге асып, 1907 жылдың басында сол жерде «Серке» деген атаумен қазақша газет шығара бастайды. Міржақып ол газеттің бірінші санына «Жастарға» дейтін өлеңін бастырады. Екінші санына «Біздің мақсатымыз» атты мақала дайындайды және Қазақстанда 1905 жылы демонстрация кезінде патша өкіметінің атына айтылған талап-сындар қоса жарияланады. Осының салдарынан газет таратылмай, тәркіленіп, барлығы өртелінеді…» — деп көрсетілген. Соған қарағанда, Міржақыптың соңына орыс патшасының тыңшылары  шам алып түсіп, сол кезден бастап қуғын-сүргінге ұшыратқан. Бұл уақытта оның 21 жастан енді ғана асқан кезі. Әрі қарай «Оян, қазақ!», «Бақытсыз Жамал», басқа да демакраттық бағыттағы, төңкерісшіл идеяны ту еткен туындылары үшін қудалау, айыппұл секілді жазалаудың түр-түрі басталған. Бұл – 1917 жылғы төңкеріске дейінгі орыс патша отаршылдығының озбырлығы. Осы тұста бір нәрсені айта кету керек. Қазақ халқын көп уақыт уысында ұстап келген қанішер патша тақтан құлап, билік уақытша өкіметтің қолына көшкен кезде Міржақып та бір кісідей қуанғандығы сөзсіз. Ел арасына тарап кеткен бұрынғы батыл идеялары енді іске асатынына имандай сенген. Сондай нық сеніммен Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы секілді аға-достарымен бірігіп, Алашорда өкіметін құрғаны тарихтан мәлім. Алашорда – біздің алғашқы тәуелсіз мемлекетіміз! Оның алдындағы хандық дәуір, арғы жағындағы сонау Күлтегіндерге дейінгі барлық жорықтар, көшпелі өмір салты – осыған дайындық мектебі. Ал, Алашордаға қатысты маңызды тарихи материалдардың бәрі – ұрпақ үшін қастерлі құндылықтар болуға тиіс! Оны құрушы мұзжарғыш кемедей үш алып – Әлихан, Ахмет, Міржақып! Осы ойларында да, бойларында да ұлылық тұнған үштаған тұлға толық зерттелуі қажет. Әлі де ашылмай жатқан сырлары, қырлары бар сияқты. Мәселен, қозғап отырған тақырыбымызға орай, Міржақыпты ғана алайықшы. Оның өте терең парасат-пайымынан бір-екі мысал келтірейін. «Қазақ – жас бала мысалында. Жас балаға қараушы, билеуші қандай керек болса, қазақтың да сондай билеушісі, көздеушісі даяр тұрады…» — дейді. Біздің аңқау халық әлі күнге сол ғой… «Заман талас-тартысқа айналды. Қара күнін қайғырмай қамсыз жатқан қазақ болмаса, ұшқан құс, жүгірген аңның бәрі де тіршілік жабдығында. Жағаласпай, жармаспай ешкім қатардан орын бермейді. Басқалармен тізелесуге, тартысуға, жарысуға оқу – білім керек!», — дейді. «Зиялы қауым халықтың қамын ойлауға міндетті», «Тіршілік – бәсеке, жарыс. Дүние – бәйге үлестіруші» деген түйінді тұжырымдары да терең ойға қалдырады. Ұлт баспасөзі мен журналистикасының ең бір өзекті мәселелерін көтерген бірнеше мақалаларының арасындағы «Баспасөз үмбесі» мақаласында: «Қай жұрттың баспасөзі күшті болса, сол жұрттың өзі де мықты болады» — депті. Көреген көсемсөзші, жампоз журналистің сыр мен суретке толы осынау лирикалық лебіздерінің өзінде үлгі-өнеге тұнып жатыр.

«Ұлтына қызмет ету – білімнен емес, мінезден…» дейтін Әлиханның әйгілі сөзі осы Міржақып тәрізді біртуар, табиғатынан тоқып туған тарихи тұлғаларға арналған сияқты. Мінез демекші, Міржақыптың тұла бойында өр мінез, жан-дүниесінде алапат сезім болғандығы, оның сол кездегі қазақ ауылының тыныс-тіршілігін өте дәл суреттейтін көркем шығармаларынан, қазақ қоғамынан суыртпақтап сыр тартатын тарихи-ғылыми сипаттағы публицистикалық мақалаларынан, әдеби-мәдени ой-толғамдарынан, ашық хаттары мен ұран тектес үндеулерінен де менмұндалайды.  Бәлкім, осындай текті болмысын ұнатқан болуы керек, батыр Бауыржан Момышұлы: «Нағыз ер, қуатты қаламгер – Міржақып Дулатұлы!» — деп, сонау кеңес заманында, Алаш арыстары ақталмай тұрған кездің өзінде айтқан екен.Тағы бір зер салатын жайт, ғалым Серік Негимов Міржақып Дулатұлының шығармаларына арналған кітаптың алғы сөзінде: «Міржақып Дулатовтың жаңашылдығының бір қыры – ғылыми поэзияның (научная поэзия) үлгісі жасалғандығында. Ғылым, техника, өнер жаңалықтарының, сонымен бірге терминдік атаулардың қолданыс табуы. Бұл орайда «hүнерменен хасыл болған нәрселер» дейтін жырында телескоп, телеграф, пароход, автомобиль, телеграмм, телефон, воздушный шар, машина, электрический, граммофон секілді терминдік ұғымдар берілген» — деп жазыпты. ХХ ғасырдың басындағы қазақ қоғамы үшін,  бұл – өте зор жаңалық!

Алаштың аяулы азаматының қайғылы қазасы жөніндегі мына бір деректі де айта кеткен жөн. «Міржақып Дулатов Сталин, Голощекин озбырлығының қармағына ілінді. Баяғы өткен оқиғалардың жаңғырығы қайта қоздырылып, 1928 жылдың декабрінде бір топ қазақ оқығандары қатарында тұтқынға алынды. 1930 жылы ОГПУ коллегиясының үкімі бойынша алғаш ату жазасына кесіліп, кейін бұл үкім 10 жылға абақтыға қамау жазасымен алмастырылды. 1935 жылы октябрьдің 5-і күні, елу жасқа толуына бір ай қалғанда, Ақтеңіз-Балтық каналының бойындағы Сосновец станциясында лагерьдің лазаретінде ауыр науқастан қайтыс болды. Сөйтіп, есіл ер жалған жаланың жазалы мерзімін өтей алмай, азап-бейнетпен дүниеден өтті… ». Бұл деректегі «ауыр науқастан өлді» дегеніне қарағанда, сол кездегі зұлым жүйе ноқтаға көнбейтін ер Міржақыпқа  у беріп  өлтіргенге ұқсайды. Өйткені, алдында ғана тұтқындарды емдеп, сап-сау жүрген мықты азамат аяқ астынан ажал құшады.  Яғни, Міржақыптың кенеттен болған, мезгілсіз қазасы құпия түрінде қалды…

Қазақтың тілдік қорында, жалпы әлемдік тілдердің бәрінде де «алғашқы», «бірінші» дейтін ғажап ұғымдар бар. Міржақып Дулатұлы да осы «алғашқылардың» алдыңғы сапында тұрғандай. Санамалап көрсек, мынандай тізім шығады екен. 1. ХХ ғасырдың басында ұйықтап жатқан қалың елге алғаш рет «Оян, қазақ!» деп, ұран салған қайсар тұлға. 2. Өткен ғасырдың алғашқы ширегіндегі Алаш ағартушыларының қатарында және алғашқы сауат ашқызған ауыл мұғалімдерінің бірі. 3. Алғашқы Алаш жасақтарын жинап, сол әскерге басшы болып, жаңа құрылған Алаш мемлекетін жат жұрттықтардан қорғамақшы болды. 4. Ашаршылық жылдары аш қазақтарға алғашқы көмек көрсетіп, ұйым құрған. Бұл жөнінде ғалым М. Әбсеметовтың дерегі: «1916 жылғы жазалаудан қашып, босып, жоқтық пен аштықтан жапа шеккен халқына Міржақып жанын сала көмектеседі. Қызылжар қаласында босқындарға көмектесу үшін бірінші рет қазақ тарихында жәрдем қорын ұйымдастырады. «Бұл бейшара бауырларымызды ескеру, өлімнен, қырғыннан құтқару – алаш азаматының адамшылық борышы» — деп жаза отырып, ол іске өзі бас болды. «Сондықтан сақтаулы мың дана «Оян, қазақ!» ақшасын әлгі босқында жүрген жетім-жесірлердің пайдасына бағыштадым», — деп жазуы соның дәлелі» (Осынау қайырымдылық қарекет – «Оян, қазақ!» фильмінде де көрсетілген). 5. 1905 жылғы қазақ халқына алғаш төңкерістік (революциялық) рух алып келген әйгілі Қарқаралы петициясы авторларының бірі. 6. Қазақ қызының бас бостандығы мен әйел теңдігін арқау еткен бірінші қазақ романы «Бақытсыз Жамалды» (1910) жазды. 7. Қазақ баспасөз тарихындағы алғаш ұлттық газет «Қазақты» ұйымдастырып, шығарып тұрушылардың бірі және «Серке» (1907) газетіне арнау өлең мен маңызды мақала беруші. 8. Алаштың алғашқы дәрігерлерінің бірі. Бұған ауру мен дерт жайында, сырқаттың емі мен алдын-алу хақындағы жарық көрген бірнеше сараптамалық мақалаларын айтуға болады, сондай-ақ, түрмедегі тұтқындарға көрсеткен дәрігерлік қызметі де дәлел бола алады. 9. Алаш көсемі Әлихан Бөкейханмен қатар алғашқы газет-журналдарда қазақтың тілі мен атамекен жері жайында алғашқылардың бірі болып өткір мақалалар жариялауы. Мысалға, «Жер мәселесі» (1911), «Тіл мәселесі» (1921), «Қазақ тілінің мұңы» (1926), «Орысшалаған қазақ тілі» (1926), т.б. 10. Қазақтың алғашқы математиктерінің бірі. Оған «Есеп құралы» (1914, 1922), тағы басқа еңбектерін атауға болады. 11. Ұлттық тарих пен сот саласына да алғаш түрен салған публицистердің бірі екендігі даусыз. 12. Алғашқы абайтанушылардың бірі екендігі де бүгіндері айтылып жүр. Бұл орайда «Ибраhим ибн Құнанбаев» (1908), «Абай» (1914) мақалаларын айтсақ та жеткілікті. 13. Алғашқы қазақ журналы «Айқапта» үнемі публицистикалық мақалалары жарияланып тұрған. 14. «Қазақ тілінде басылған кітаптардың көрсеткіштері» (1926-1927) – бұл да алғашқы ғылыми-зерттеу нысандарының бірі. Осылай жалғасып кете береді… Ұлт руханиятының құлагер-құбылысына айналған Міржақып Дулатұлының феноменін толық ашу үшін – болашақта осы кемеңгер тарихи тұлғаға арналған Тұлғалық энциклопедия шығару керек шығар деп те ойлаймын…

Қайсар қайраткер, сұңғыла суреткер,  адуынды (харизмасы басым) ақынның ұлт тағдыры, ел игілігі мен халық ісі үшін жүрек қанымен жазған «Оян, қазағы» бір ғасырдан астам уақыт өтсе де, әлі күнге дейін өзекті, құндылығын да, маңызын да жойған жоқ. Осы «Оян, қазағы» өткен жылы қалың көпшілікке кино түрінде, көркем hәм деректі фильм болып қайта оралды. Сол тарихи фильммен ұлттық рухымыз біршама көтеріліп қалды-ау деймін. Байтақ өлкемізді қыран құстай шарлап, көздерге жас, көңілдерге мұң ұялатқан осынау ғаламат фильмді көруге мен де кинотеатрға барған едім. Сол күні үлкен залға көрермендер лық толды. Мен отырған қатардың бәрінде мектеп оқушылары отырды. Сірә, мектептерден арнайы жіберілген сияқты. Кино басталғанша әлгі оқушылар бір-бірімен орысша сөйлесіп, мәз-мәйрам болып, көңілді болып еді. Бір кезде шам сөніп, кино басталғанда бәрі де сілтідей тынды. Көз алдымызда аласапыран заман, қиюы қашқан қазақ қоғамы… Мұңлы Міржақып… Надандық пен сатқындыққа қарсы күрескен нар азаматтың трагедиялық ғұмырын, тас-талқан болған өмірін көрудің өзі аянышты екен. Көңіл босап, көзге жас келді… Жан-жағыма қарап едім, оң қанатымда отырған кішкене қыз бала солқылдап жылап отырды. Сол жағымдағы алдында ғана орысша самбырлап, маңайын жайпап, маза бермеген ұрыншақ ұл да тұнжырап, көздері жасаурай қалыпты… Кино бітіп, шам қайта жанғанда қалың көрерменнің көбісінің көздерінен жас көрдім… Ұлтын сүйген ұлы Міржақыптың биік рухы мен кино өнерінің құдіретті күші болар, әйтеуір, сол жолы үлкен мен кіші, жас пен кәрінің бәрі де жылап қайтты… Бұл – Қарағанды қаласындағы бір күн ішіндегі бір сәттік көрініс. Ал, кеңбайтақ Қазақстан бойынша біршама уақытты қамтыған әсерлі фильм мүмкін біз сияқты талайларды толғандырып, жылатқан шығар…

«Оян, қазақ!» кітабын қайталап оқып, аталмыш фильмді көргеннен кейін Міржақып Дулатұлының өмірінің соңғы кезіндегі айтқан бір сөзі ойыма оралды: «Азуды қайрап, бармақты шайнап, басымды  шайқап өтті күн…». Түсінген жанға, осы бір ауыз сөздің түбінде терең мұң, өлшеусіз өкініш, орындалмаған қаншама арман-мақсат жатқандай көрінеді. Қазақ елі өз тәуелсіздігін алып, дербес мемлекет болғанына да 32 жылдай уақыт өтіпті. Өткеннен сабақ алып, бүгінді түзеп, ертеңге дұрыс қамдануға осы отыз жыл аз уақыт емес. Ал, не бітірдік, не тыңдырдық?..

Ең бастысы – ояна алдық па, ойлана алдық па?..

                                                                                   Әлімжан Құтжанұлы,

                                                Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *