Қазақ күнтізбесі Астанада

Астанада 19 қаңтар күні Ұлттық кітапханада 2024 жылға арналған Қазақ ұлттық күнтізбесінің тұсаукесері өтті.

Рухани құндылықтарды сақтауға және насихаттауға бағытталған Ұлттық күнтізбе Қарағанды қаласының Қазақ клубы жанындағы Ұлттық құндылықтарды сақтау орталығы мен Ұлттық академиялық кітапхананың жыл сайынғы бірлескен жобасы болмақ.Ұйымдастырушылар алдағы уақытта  Бас қалада осындай орталық ашуды көздеуде. Орталық осы Күнтізбені Қарағанды облысының үлгісі бойынша елорданың мектептері мен жоғары оқу орындарында енгізуді жоспарлап отыр.

Күнтізбеде халықтың тарихы мен мәдениетіне қатысты 46 маңызды күн бар.

Бұл күнтізбе 2023-2024 оқу жылында Қарағанды облысы білім басқармасының Бірыңғай тәрбие жоспарына енгізілді. Биыл онымен облыстың 417 мектебінің 170 мыңнан астам оқушысы танысады.

Аталған ұлттық құндылықтарды сақтауға және насихаттауға бағытталған «Қазақ күнтізбесі» алғаш рет 2019 жылы Қарағанды қаласында тұсауы кесілді. Күнтізбенің бірегейлігі – ол жалпы 18 рухани құндылықты, 3 дәстүрлі мерекені, 6 салтты, 24 тарихи қайраткерді және қазақ тарихына белгілі 8 тарихи оқиғаны қамтиды.

Күнтізбенің айтулы күндері қазақ әдебиетіне, ұлт денсаулығына, тарихқа, салт-дәстүрге, өнерге, ұлттық тағамға, тарихи қайраткерлерге, ұлттық ойынға, туған жерге, халық бірлігіне, мемлекеттік тілге, отбасы институтына, ұлттық киімге, батырлар мен жігіттер институтына, аналар мен ақсақалдарға арналған, сондай-ақ күнтізбеде қазақ халқының күні бар. Күнтізбе Амал мерекесі, Қымызмұрындық және тағы да басқа дәстүрлі мерекелерді қамтиды, сондай-ақ, онда Селт еткізер, Кестелі орамал, Шаңырақ көтеру, Асар, Бата беру, құрылтай салттары бар.

Күнтізбенің айтулы күндері жазушы І.Есенберлин, белгілі тұлғалар Д.Қонаев, Ж.Тәшен, Қазақстанның еңбек ері Ж.Қуанышбай, тарихшы Е.Бекмаханов, композитор Н.Тілендиев, тұңғыш кәсіби спортшы Қажымұқан Мұнайтпас, ғалым Қ.Сәтбаев, Х.Досмұхамед, ұшқыш Х.Доспан, Б.Сырттанұлы, Ә.Ермеков, С.Сейфуллин, К.Қасымұлы, ғарышкер Т.Әубәкіров, батырлар Р.Қошқарбай және М.Ғабдуллин, Ө.Жәнібек, Н.Оңдасын, А.Байтұрсын, Б.Момышұлы, Абылай хан, Ә.Бөкейхан, М.Әуезовті насихаттайды.

Сондай-ақ, күнтізбеде 8 тарихи оқиға көрініс тапты. Олардың ішінде Есік қорғанынан Алтын адамды табылған 1970 жыл, 1911 жылы алғашқы Конституция ұсынылған күн, 1841 жыл Қ. Қасымұлының бүкіл қазақ ханы болып сайланған күні, 1991 жылы — тұңғыш қазақ ғарышкері Т. Әубәкіровтың ғарышқа ұшқан күні, 1891 жылы — түркі жазуының құпиясы ашылған күн, Анырақай шайқасы болған 1729 жыл,1913 жыл «Қазақ» газетінің жарыққа шыққан күні және тағы басқа құндылықтарды насихаттайды.

Манас АҚСАРЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *