Қарағандыда жеке секторды газдандыру жалғасуда. Табиғи газ 7018 үйге қосылды. Бүгінгі таңда қала бойынша орталық газбен жабдықтауға 2319 үй қосылды.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің платформасында өткен брифингте техникалық шарттарды алу рәсімі туралы «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Қарағанды өндірістік филиалының газдандыру бөлімінің басшысы Аманжол Мұхамет айтып берді.
– Газбен жабдықтау желілеріне екі аптада қосылуға болады. Техникалық шарттарды eGov.kz порталы немесе ktga.kz сайты арқылы онлайн, сондай-ақ біздің филиалда офлайн түрде алуға болады. Біздің филиал жаңа мекенжайға көшті, енді кеңсеміз Қарағанды қ., Ермеков к-сі, 29 мекенжайында орналасқан. Техникалық шарттар тегін беріледі, – деп атап өтті Аманжол Мұхамет. – Ол үшін тек төрт құжат ұсыну қажет: жеке куәлік, тіркелген құқықтар (мүлік ауыртпалығы) туралы мәліметтер 2-форма, газдандыру объектісінің техникалық паспорты және жер учаскесіне құқық белгілейтін құжаттар.
Техникалық шарттарды алғаннан кейін абоненттер газдандыру жобасын әзірлейтін және құбырлар мен жабдықтарды үйге тартатын компанияны табуы керек. Содан кейін «ҚазТрансГазАймақ» Қарағанды өндірістік филиалы оны газбен жабдықтау желілеріне қосады.
– Үйлерді газға қосу кезінде үйішілік газ жабдығына техникалық қызмет көрсету шартын жасасу міндетті. Оны өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы кез келген сертификатталған компаниямен келісуге болады, – деп қосты спикер. – Газ тарифін ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті белгілейді. Бүгінгі таңда тариф – 37 теңге 43 тиын.
Айта кету керек, қарқынды газдандыру жұмыстары Теміртауда да жүріп жатыр. Табиғи газ 1637 үйге тартылды, оның 931-і газбен жабдықтауға қосылды.