Су тасқынына дайындық қалай?

Қарағанды облысында өзен арналарын тазарту және дайындау үшін 14 наурыздан бастап су ағызу 20 текше метрге дейін ұлғайтылады. Қазір Самарқанд су қоймасынан 5 текше метр/с және Ынтымақ су қоймасында 7 текше метр/с көлемінде төгінділер жүргізілуде.

Қарағанды облысының су тасқыны кезеңіне дайындығы туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі платформасында өткен брифингте ТЖ департаментінің бастығы Мұрат Қатпанов айтып берді.

Бүгінде облыстағы гидрометеорологиялық жағдай тұрақты, өзендер қысқы режимде. Космомониторингтің мәліметі бойынша, аймақ аумағының 95%-ы қар астында.

«Қазгидромет» хабарлағандай, Нұра, Шерубай-Нұра және Тоқырау өзендерінің бассейндеріндегі ылғал қорының көлемі орташа көпжылдық көрсеткіштен 30-дан 49%-ға дейін төмен.

– 28 ақпаннан бастап су өткізгіш құбырлар мен құрылыстарды тазарту, каналдар мен траншеяларды кесу, сондай-ақ автоматты тасқын су төгінділерін тазарту жұмыстары басталды. Бүгінгі таңда су өткізгіш құбырлардың шамамен 60%-ы және көпірлердің жалпы санынан 80%-ы тазартылды. Міндет – 15 наурызға дейін барлық құбырларды тазалап, арықтарды дайындау. Бұл жұмыстарға күнделікті бақылау жүргізілуде, – деді Мұрат Қатпанов.

Су тасқыны қаупі кезеңінде 3765 тоннадан астам ЖЖМ, 171 тонна азық-түлік, 59 мың тонна инертті материал, 133 мың дана қаптар дайындалды.

Облыстың елді мекендерінен 1 млн 800 мың текше метр қар шығарылды.

Биыл су тасқыны қаупі жоғары өңірлерге Бұқар жырау, Қарқаралы, Шет, Нұра, Абай, Осакаров және Ақтоғай аудандары жатқызылды. Гидротехникалық құрылыстардан төмен орналасқан, өзен арналары бойындағы және еріген су басу қаупі бар 150 елді мекен ерекше бақылауға алынды.

Өңірдің бас құтқарушысының айтуынша, Чкалово, Ғабиден Мұстафин, Сартөбе, Садовое, Тассуат, Ынтымақ және Нұра елді мекендері мұқият бақылауда. Олардың барлығы бөгеттермен және үйінділермен қорғалған.

Сондай-ақ, автомобиль және темір жолдардың 109 су тасқыны қауіпті учаскелеріне және 250 су шаруашылығы құрылыстарына тұрақты бақылау жүргізілуде.

– Су тасқыны кезеңінен апатсыз өтеміз деп ешкім нақты айта алмайды. Бірақ біз дайындық жұмыстарын барынша жүргіземіз және барлық құрылыстарды бақылауда ұстаймыз, – деп атап өтті Мұрат Қатпанов.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *