5 наурызда ҚР ОСК Төрағасы Нұрлан Әбдіров жұмыс сапарымен Қарағанды облысына барды. Сапарға ҚР ОСК мүшесі Шавхат Өтемісов пен комиссия аппаратының жауапты қызметкерлері қатысты.
Өңірлерге шығуға алғаш рет ҚР ОСК жанындағы Сарапшылық кеңестің мүшелері — заң ғылымдарының докторлары Исидор Борчашвили мен Индира Әубәкірова қатысты.
Сапар аясында Орталық сайлау комиссиясының басшысы академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің қабырғасында өткен Қарағанды облысының жас сайлаушыларымен кездесу өткізді. Оған әртүрлі жоғары оқу орындарының студенттері, аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары мен мүшелері, облыс және Қарағанды қаласы мәслихаттарының депутаттары, саяси партиялардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Кездесуге қатысушылар алдында сөз сөйлеген Нұрлан Әбдіров ел Президенті Қ.К.Тоқаевтың бастамасымен өткен саяси және конституциялық реформалардың маңыздылығын атап өтті. «Осы реформаларға сәйкес Президент, Парламент Мәжілісі, барлық деңгейдегі мәслихаттар сайланып, нәтижесінде негізгі саяси институттар қалыптасты. Аудандық деңгейдегі әкімдерді сайлау пилоттық режимде өтті. 2021 жылдан бастап ауыл әкімдерін тікелей сайлау өтуде. Мұның бәрі елдің сайлау органдары жүйесінің тұрақты, күнделікті жұмыс форматына көшуін талап етті», — деді.
ОСК Төрағасы елдің сайлау жүйесін дамытудың өзекті трендтеріне егжей-тегжейлі тоқталып, комиссияның стратегиялық перспективаларын белгілеп, осы ұйымның көзқарасын, миссиясын, құндылықтарын, қағидаттарын, мақсаттарын, басымдықтарын нақты айқындады.
Сонымен қатар, Ортсайлаукомның басшысы ОСК-ның 30 жылдығы және осы кезеңде өткізілген сайлау науқандары туралы айтты. ОСК-ның 30 жылдығы шеңберіндегі халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның қорытындылары бойынша «ҚР сайлау туралы» Конституциялық заңға түсініктеме, 2012-2023 жылдар аралығында өткізілген сайлау және референдумдар туралы ақпараттық жинақтың екінші томы, «Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясына – 30 жыл. Қазақстан Республикасының сайлау жүйесінің трансформациясы» монографиясы жарияланды. ОСК www.election.gov.kz сайтында қолжетімді электоралдық терминдердің онлайн-сөздігі таныстырылды. Аталған басылымдардың даналары академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің кітапханасына табысталды.
Кездесу барысында 294 жас сайлаушы сайлау саласының өзекті мәселелері бойынша дәстүрлі онлайн-сауалнамаға белсенді қатысты. Сауалнама нәтижелері көрсеткендей, жастардың 84,7%-ы президенттікке кандидатқа денсаулық жағдайы бойынша, ал 78,6%-ы — мемлекеттік қызметтегі немесе сайланбалы мемлекеттік лауазымдардағы жұмыс өтілі бойынша талаптар белгіленуі керек деп санайды. Сауалнамаға қатысқандардың 82%-ы президенттікке кандидаттарға елде тұру, ал Парламент Мәжілісінің депутаттығына — сайлау округінде тұру мерзімі бойынша қойылатын талаптарды қолдайды. Респонденттердің 47,6%-ы сот қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп таныған және бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтардың дауыс беруге құқығы болмауы тиіс деген пікір білдірді, тағы 44,9%-ы дәстүрлі бюллетеньді дауыс берудің ең сенімді тәсілі деп санайды.
Кездесу барысында Орталық сайлау комиссиясының мүшесі, комиссия жанындағы Сарапшылық кеңестің төрағасы Шавхат Өтемісов 2022 жылы құрылған осы кеңестің қызметі туралы хабардар етті. Оның отырыстарында сайлау науқандарының қорытындылары мен сайлау процесін жетілдіру бөлігінде халықаралық байқаулардың ұсынымдары жан-жақты талқыланады
ОСК жанындағы Сарапшылық кеңестің мүшесі, заң ғылымдарының докторы, Maqsut Narikbayev University профессоры Индира Әубәкірова жақында таныстырылған электоралдық терминдердің онлайн-сөздігіне назар аударды, Әзербайжандағы президенттік сайлауда ЕҚЫҰ/ДИАҚБ Миссиясының құрамында байқауға қатысқаны туралы айтты. ОСК қызметіндегі жаңашылдықтар мен оң нәтижелерді атап өтті.
Заң ғылымдарының докторы, «Астана» Халықаралық университетінің профессоры Исидор Борчашвили сот қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп таныған және бас бостандығынан айыру орындарында отырған адамдардың дауыс беру құқығына қатысты өз пікірін білдірді. Жас сайлаушы Әмірхан Орызкеновпен айтылған қызықты ұсынысы үшін алғыс ретінде профессор оған ҚР Қылмыстық кодексіне авторлық 3-томдық түсініктеменің данасын табыс етті. Сондай-ақ ол қазақ және орыс тілдерінде осы түсініктеменің 30 данасын академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің кітапханасына берді.
Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты Меруеш Башай президенттікке кандидатқа Қазақстанның тумысынан азаматы болу және онда тұру мерзімі бөлігінде қойылатын талаптарға қатысты сұрақ қойды. Қазақстан адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюросының Қарағанды филиалының директоры Юрий Гусаков байқаушылардың мәртебесі және олармен сайлау комиссияларының жұмысы мәселелеріне қызығушылық танытты. «Мұқалмас» РҚБ филиалының басшысы Майра Әбдірахманова мәслихат депутаттарының мемлекеттік тілді білуінің маңыздылығы туралы пікір білдірді.
Күннің екінші жартысында ҚР ОСК басшысының төрағалығымен өңірдің аумақтық сайлау комиссияларының мүшелерімен кеңес өткізілді.
Кеңес барысында тиісті АСК басшылары алдағы шығып қалған мәслихат депутаттарының орнына сайлауға дайындығы туралы баяндады. 31 наурызға белгіленген сайлау Приозерск қаласының мәслихатына, Абай, Бұқар Жырау және Шет аудандық мәслихаттарына өтеді деп күтілуде. Нұрлан Әбдіров сайлау мүшелерінің назарларын қолданыстағы заңнамаға сәйкес сайлау өткізу қажеттігіне аударды. Сондай-ақ АСК-ның материалдық-техникалық базасын жақсарту мәселелері қаралды.
Бұдан әрі оқыту семинары өтті, оның барысында ҚР ОСК аппаратының талдау және коммуникация бөлімінің меңгерушісі Ерлан Қарабалаев, электоралдық оқытуды ұйымдастыру бөлімі меңгерушісінің орынбасары Түсіп Рыспеков, сайлау процесін ұйымдастыру бөлімінің бас сарапшысы Дастан Дәулетияров қатысушыларды сайлау науқандарын ақпараттық сүйемелдеу мәселелерімен, электоралдық оқытудың негіздерімен, аумақтық сайлау комиссияларының қазіргі сайлау жүйесіндегі рөлімен таныстырды. Семинар қатысушыларды тестілеумен аяқталды.