Жұмыссыздықпен күрес Қарағанды облысында қарқынды жүруде. Осы орайда қалалар мен аудан орталықтарында бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізу дәстүрге айналған. Қарағанды қаласында мұндай жәрмеңке халық көп келетін жерлерде жүзеге асады. Бұл жолғы Жәрмеңке «Таир» сауда үйіне өтті.
Қарағанды қаласында 19-сәуірде өткен бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде қаланың 40 кәсіпорыны 750-ден астам бос жұмыс орнын ұсынды. Мансап орталығының хабарлауынша, 313-тен астам тұрғынға кеңес беріліп, 75 адам жұмысқа орналасу үшін жолдама алған, оның ішінде 5-і пробация қызметінде есепте тұрған.
Жәрмеңкеге келушілер үшін Кәсіптік оқыту және жұмысқа орналастыру мәселесі бойынша, оның ішінде «Күміс жас», «Жастар практикасы», «Бірінші жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты», «Әлеуметтік жұмыс орны», «Қоғамдық жұмыстар» бағыттары бойынша кеңес берілді.
Жәрмеңкенің басты міндеті – жұмыс беруші мен жұмыс іздеуші арасындағы тікелей байланыс орнатуға жәрдемдесу.
Бүгінгі күні enbek.kz электрондық еңбек биржасында Қарағанды бойынша 2 мыңнан астам бос жұмыс орны ұсынылғанын атап өткен жөн.
Манас АҚСАРЫ