Спорт – тек күш пен шеберліктің ғана емес, қайсар мінез бен толассыз еңбектің таразысы. Осындай тартысты да дүйім жұртты елең еткізген кезекті дүбірлі дода жақында ғана өз мәресіне жетті.
26-29 тамыз аралығында Щучинск қаласында қоян-қолтық ұрыстан ересектер арасында Қазақстан Республикасы Кубогының жарысы өтті. Елдің ең үздік саңлақтары жиналған бұл бәсекеде 73 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған жерлесіміз Төлеухан Нұрқанат Несіпханұлы қарсыластарынан басым түсіп, алтын медальді жеңіп алды.
Бұл қуанышты жаңалық туған өлкеге жетісімен, кентіміздің жастары мен тұрғындары чемпионды зор қошеметпен қарсы алды. Туған жерінің абыройын асқақтатқан спортшымызға ақжарма тілектер айтылып, ыстық ықылас білдірілді. Нұрқанаттың жеңісі – тек жеке бәсекедегі жетістік қана емес, тұтас елді мекеніміздің мерейін тасытқан үлкен мақтаныш.
Табандылық пен темірдей тәртіптің арқасында биіктен көрінген жерлесімізді осы айтулы жеңісімен шын жүректен құттықтаймыз! Айтулы жетістік – өсіп келе жатқан жас ұрпаққа нағыз үлгі-өнеге.
Спортшымызға алдағы уақытта да жеңісті жолының жалғаса беруін, биік белестерді бағындырып, көк Туымызды халықаралық дүбірлі додаларда көкте желбірете беруін тілейміз!
Қалижан БЕКҚОЖА,
Ақадыр кенті
