Биыл мемлекеттік қолдау аясында облыстың бірнеше өңірінде шағын индустриялық аймақ ашылады. Ал былтыр Қарағандыда шағын индустриялық аймақтың тұсауы кесілді. Бұл аймақтың жергілікті тауар өндірушілерді қолдауда маңызы зор екені түсінікті. Себебі алаңда шағын және орта бизнес өкілдеріне арзан бағада өндірістік цехтар ұсынылып отыр. Және мұнда барлық инженерлік коммуникация тартылған.
Әрине, шағын индустриялық аймақ Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ашылып отыр. Қазіргі уақытта бұл жұмыс «Сарыарқа» ӘКК арқылы жүзеге асырылып жатыр. Жоба шеңберінде кәсіпкерлерге өндірістік ғимараттар салуға 3 пайыз мөлшерлемемен жеңілдетілген несие беріледі. Ал салынған соң бұл нысандарды басқа бизнес өкілдері нарықтан төмен бағада жалға ала алады.
Қазіргі уақытта аталған тәсіл жергілікті тауар өндірушілерді қолдауда тиімділігін көрсетті. Себебі облыс әкімдігінде атап өткендей, жоба бәсекеге қабілетті өндірістерді іске қосуды, қосымша жұмыс орындарын құру және экономиканың өсімін қамтамасыз етуді көздейді.
Қарағандыдағы шағын индустриялық аймақтың жалпы аумағы – 4,2 мың шаршы метр. Мұндағы өндірістік ғимараттар түгел жаңадан салынған. Барлық қажетті инфрақұрылым – электр және сумен жабдықтау, кәріз жүйесі, газбен жылыту толық тартылған.
Бүгінде аймақта су, газбен жабдықтауға арналған полиэтилен құбырларын шығаратын және кабель өндіретін екі зауыт жұмыс істеп тұр. Бұл екі өндірістің арқасында шамамен жүз жұмыс орны ашылды.
Жақын уақытта Қарағандыда дәл осындай тағы бір аймақ ашылады. Сондай-ақ Саран қаласындағы аймақта да қызу құрылыс жұмыстары жүріп жатыр.
Жалпы, облыс бюджеті әлеуметтік бағытқа бейімделгені белгілі. Биылғы қазына шығысының 67 пайызының да әлеуметтік салаға бағытталғаны содан. Дегенмен нақты секторға баса назар бөлу жалғаса бермек. Қазір аймақтағы инженерлік желілерді жаңғырту және кәсіпкерлікті қолдау негізгі басымдыққа ие болып отыр. Яғни нақты секторды қолдауға бюджет көлемінің 19 пайызы жұмсалады. Оның ішінде негізгі бағыттар қатарында жолдарды жөндеу, коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға ерекше ден қойылады. Сондай-ақ бизнесті дамытуға жол ашу мақсатында салық жеңілдіктері қарастырылды. Облыстық мәслихат шешімімен салық мөлшерлемесі 2 пайызға дейін төмендеді. Бұл жеңілдіктің экономикалық әсері айқын сезілуге тиіс. Өйткені өңірде шамамен 240 мың адам шағын және орта бизнесте нан тауып жүр.
Айтып өтері, биылғы бюджет жоспарында шығындарды оңтайландыруға айрықша көңіл бөлінді. Мұны былтырғы жыл соңындағы сұхбат барысында облыс әкімі де атап өтті.
– Нейтралды шығыстарды азайттық. Ең бастысы – әлеуметтік саладағы міндеттемелер толық орындалады, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Маңызды мәселе – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы ауқымды модернизация жалғасады. Бұл жұмыстар бюджет есебінен де, тариф есебінен де қаржыландырылады. Бір көз қаржысы есебінен бұл жобаларды жүргізу оңай емес дейді әкім. Мәселен, 3-ші жылу шығару желісін салуға 40 млрд теңге қажет. Қазір Майкұдық пен Оңтүстік-Шығыс бөлігі арасында құрылыс белсенді жүріп жатыр. Қалада салынып жатқан жаңа тұрғын аудандарды, ірі әлеуметтік нысандарды ескерсек, бұл жобалардың маңызы зор екенін байқаймыз. Бүгінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жылумен қамту жүйесіне қомақты инвестиция салынып отыр.
Инвестиция белсенді тартылып отырған саланың бірі – ауылшаруашылығы. Биыл бұл саладағы іргелі жобалардың нәтижесінде жүздеген жұмыс орны ашылуға тиіс.
Мәселен «Евразия инвест LTD» ЖШС Осакаров ауданында көпсалалы ауылшаруашылығы кластерін құруды қолға алды. Жоба облыс әкімдігі мен «Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қолдауымен жүзеге асады. Компания осы жоба арқылы ауылшаруашылығын кешенді түрде дамытып, жергілікті өнім өндірісін арттыруды және жаңа жұмыс орындарын ашуды көздеп отыр. Компанияның құрылтайшысы Иван Георгиадидың айтуынша, қазір нысандардың бірқатары қолданысқа берілді. Былтыр Родниковское ауылында 10 мың тонна астық сақтайтын элеватор іске қосылды. Енді оның қуатын 80 мың тоннаға жеткізу бойынша жұмыс жіріп жатыр. Сонымен қатар ауылда 17 мың тонна картоп сақтауға арналған үш заманауи қойма салынды.
Компания құрғақ бие сүтін де өндіреді. Ал жаңа кластерді құруда Жансары ауылындағы 6 мың басқа арналған тауар-сүт фермасы негізге алынады. Қазір жобаның алғашқы кезеңі жүзеге асты. Яғни 1 200 басқа есептелген қора мен төлдеу блогындағы құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Сиыр сауу блогында 40 орындық сауу каруселі орнатылып жатыр. Қазір нысанда шамамен 300 адам еңбек етеді.
Сонымен қатар компания суармалы егіншілікті дамытады. 2024 жылдан бері 4 800 гектар егістік алқапта заманауи суару жүйелері іске қосылды. Ал биыл суармалы егіс көлемін 10 мың гектарға ұлғайту көзделіп отыр. Бұл тауарлы-сүт фермасын тұрақты жем-шөп базасымен қамтамасыз етуге және табысы жоғары дақылдар алқабын ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Кластерді 2026-2027 жылдары да жан-жақты дамыту жоспарланған. Ақбұлақ ауылында сыйымдылығы 80 мың тонна болатын элеватор салынады. Тәулігіне 300 тонна майлы дақыл өңдейтін зауыт іске қосылады. Сағатына 10 тонна құрамажем өндіретін зауыт бой көтереді. Сондай-ақ жылына 10 мың тоннаға дейін құс етін өндіретін фабрика тұрғызылады. Бұл кәсіпорында 300 адам еңбекпен қамтылады. Қорыта айтқанда жоба өңірді отандық өніммен қамтып, импортқа тәуелділікті азайтуға бағытталған.
Ауылшаруашылығындағы жобалармен қатар, туризм де облыс дамуының маңызды бағыттарының біріне айналуға тиіс. Облыста туризмді дамытуда Балқаш пен Қарқаралыға ерекше назар аударылып отыр. Қазір екі өңірге көптеп турист тарту, келген қонақтарға сапалы қызмет көрсетуге жаңаша талпыныс бар.
Балқашта кешенді бағдарлама қолға алынды. Бүгінде әуежайдағы қайта жаңғырту жұмыстары аяқталуға таяу. Биылдан толық іске қосылып, тәулігіне он шақты әуе кемесін қабылдауға мүмкіндігі бар.
Сонымен қатар қала маңындағы жағалауды абаттандыру, инженерлік инфрақұрылым тарту басталды. Коммуникациясы дайын учаскелерде демалыс аймақтарын салу бойынша аукциондар өткізіледі. Бұдан бөлек қалаға қарасты Тораңғылық ауылына алғаш рет ауыз су тартылды. Биыл ауылда кәріз жүйесі де салынады.
Ал Қарқаралыда «Бұғылы» демалыс аймағы абаттандырылады. Соның арқасында бұл аумақ жыл бойы туристер демала алатын орынға айналады. Туристік нысанның жер көлемі – 75 гектар. Былтыр мұнда инженерлік инфрақұрылым тартыла бастады. Яғни биыл электр желісі, кәріз жүйесі және ауызсу құбыры жүргізіледі.
Туристердің алаңсыз сапарын қамтамасыз ету үшін жол сапасын жақсарту да назарда. Былтыр Қарағанды – Қарқаралы жолы толық жөнделді. Енді биыл Қарқаралы қаласының ішкі жолдары жаңартылады.
Жалпы, облыста биыл әлеуемттік саламен қатар, экономиканың маңызды салаларын да дамытуға айрықша назар аударылып отыр. Бұл тұрғыдан келгенде мемлекет тарапынан қолдау да бар, кәсіпкерлер қауымынан да түсіп жатқан бастамалар жеткілікті. Ендігі міндет – осы жобаларды жүзеге асыруда жұмыла еңбек ету.
Манас АҚСАРЫ
