Конституцияның өзгеруі – қатардағы салалық реформа емес, саяси тұрғыдан мемлекеттік құрылымның түбегейлі тарнсформациясы. Осы бір тарихи кезеңнің қарбалас-қауырт сәттеріне қарап, жалғыз біз емес, бүкіл адамзат дәуірінің өзгеруге тез бейімделіп, дүние дүрбелеңі мен жаһан жанталасына әлдеқашан еніп кеткенін түйсінеді екенсің. Бүгін де ел болашағы үшін аса маңызды шешімдер қабылданған тарихи сәттің куәсі болдық.
Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның 20 күнге созылған тарихи миссиясы аяқталып, Ата Заңымыздың жаңа жобасы Президент назарына ұсынылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев комиссия жұмысын жоғары бағалап, халық пікірімен санаса отырып қыруар жұмыс тындырған комиссияға алғысын білдірді.
Күні кеше Үкіметтің кеңейтілген отырысында ел Президенті «Барлық ұсынысты жүйелеп, саралау үшін 130 адамнан тұратын Конституциялық комиссия құрылды. Бұл – ауқымы жағынан да, кәсіби деңгейі тұрғысынан алып қарасақ та, еліміз үшін теңдесі жоқ комиссия. Осы жолы Комиссия құрамында шетел мамандары жоқ. Комиссия өтініштің бәрін мұқият қарап, қорытып, тиісті түзетулерді әзірледі. Конституциялық комиссияның жұмысы барынша ашық жүргізілді. Мұны айтып өту маңызды. Себебі еліміздегі реформалар бұрын-соңды ешқашан дәл осылай жан-жақты талқыланып, тікелей эфир арқылы жұртшылықтың назарына ұсынылмаған» деп, Комиссия жұмысының күрделі болғанын тілге тиек еткен болатын.
Шынымен де, Комиссия жұмысы өте күрделі болды. Бас-аяғы 12 отырыс жасап, ел азаматтарынан келіп түскен 10 мыңға жуық ұсынысты жан-жақты саралап, барлық мәселе салмақты сараптамадан өтті.
Жаңа Конституция жобасының ең басты маңыздылығы – оның түпнұсқасының мемлекеттік тілде әзірленуінде. Қазіргі қолданыстағы Конституцияның орыс тілінен аударылғандығы тілдік нормалардың қолдану стиліне кері ықпалын тигізгендігі сонша, Ата Заң талаптарын бір оқығанда түсіну мүмкін емес еді. Бұл жолы Комиссия құрамындағы лингивист мамандар мен журналистер әр сөздің мағынасы мен қолдану заңдылықтарына зор мән беріп, жаңа жобаның терминологиялық мазмұнын төлтума тілімізде айшықтап шықты.
Жаңа жобаның құқықтық сипаты толық жетілдіріліп, әлеуметтік мазмұны мен адами факторға бағдарлану бағыты күшейтілді. Цифрлық дәуір талаптары да толыққанды ескеріліп, азаматтардың жеке деректерінің қауіпсіздігі, заң мен тәртіптің салтанат құруы секілді маңызды нормалар белгіленді. Сонымен, жаңа Конституцияда мемлекетіміздің құқықтық келбеті басым бағыт ретінде нақтыланып, бұрынғы «адам – мемлекет үшін» деген қағида «Мемлекет – адам үшін» принципке жол берді.
Айға жуық мерзімге созылған талқылауда ең көп ұсыныс айтылып, ең көп талқыланған мәселе – Мемлекеттік тілдің конституциялық мәртебесі. Ата Заңымыздың 9-бабы 1-тармағында «Қазақстан Республикасындағы Мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп нақтыланды. Ал, қасиетті тіліміз үшін дәл осыдан артық биік мәртебе болмайды. Осы баптың 2-тармағындағы «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген нормадағы «тең» сөзі «қатар» сөзімен алмастырылып, Мемлекеттік тілдің артықшылығы күшейтілді.
Мемлекет басшысы атап өткендей, Комиссия «Халық үніне құлақ асатын Мемлекет» тұжырымдамасына сай келетін форматта, яғни, ашық диалог жағдайында жұмыс істеді. Бұл жерде ел болашағы үшін таңдау жасалар тарихи сәтте зор белсенділік танытқан ел азаматтарына да шексіз алғыс білдіруге тиіспіз.
Осылайша, Ата Заңымыздың жаңа жобасы қоғамдағы рухани құндылықтар мен мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаттарын айқындап қана қоймай, ел дамуының жаңа стратегиялық бағыты ретінде әзірленді. Ендігі түпкі түйін – халықтың талғам таразысында.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 15 наурызда Республикалық Референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Жоба барлық БАҚ-тарда жарияланып, ел назарына ұсынылатын болады.
Ел тізгінін ұстаған сәттен бастап кез-келген тарихи шешімді халықтың пікірінсіз қабылдамауды мемлекет басқару дәстүріне айналдырған Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл жолғы тарихи толғау түйінін тарқатуды өз халқына сеніп тапсырды.
Бекзат АЛТЫНБЕКОВ,
Amanat партиясы ҚОФ төрағасы.
