Бүркіт, шаңырақ және террикондар – туған қаламыздың рәміздері. Оныншы ақпанда Қарағанды туған күнін атап өтеді. Шаһар 90 жасқа толды!
Бұл көп пе, аз ба? Адам үшін көп, ал қала үшін аз, бірақ соған қарамастан Қарағандының өзіндік бай тарихы бар. Қаламыздың өмірі қалай өтуде – бұл туралы оның елтаңбасы баяндап бере алады. Қарағанды символының авторы – суретші Айбек Бегалин.
Қазіргі елтаңба – қала тарихындағы үшінші елтаңба. 1983 жылы кеншілер астанасының 50 жылдығына орай бірқатар төсбелгілерді әзірлеуге конкурс жарияланды.
Графикалық суретші Николай Рустопчиннің жұмысы ең сәтті деп танылды. Белгіше тіктөртбұрышқа жазылған геральдикалық қалқан түрінде жасалған. Ортасында тістегершік шахта діңі орналасқан. Негіз ретінде ҚазКСРО туына сәйкес келетін көк және қызыл түстер қолданылған.
Бірнеше жылдан кейін Қарағандының жаңа эмблемасы пайда болды. Оның авторы – Суретшілер Одағының мүшесі Төлеген Әбілқасов болды. Ортасында шахта құрылымы қалды, ал төменгі жағында жүгіріп келе жатқан суыр болды. Осылайша суретші Аппақ Байжанов туралы аңызды мәңгіге естелік етіп қалдырды. Бірде бала суырды қуып, далаға алшақтап кеткен екен. Тоңып қалмас үшін ол от жағып, оған қара тас лақтырған. Бұл көмір болған.
2007 жылы Қарағандының жаңа символы анықталды. Оны әйгілі суретші және графикші Айбек Бегалин салған. Елтаңбамен жұмыс жасамас бұрын суретші көптеген компаниялардың, соның ішінде қарағандылықтардың логотиптерін жасаған.
– Қарағанды үшін жаңа Елтаңба жасауға конкурс 2003 жылы – қаланың 70 жылдығына орай жарияланды. Менің жұмысым бірінші орынға ие болды, бірақ жаңа Елтаңбаны жүзеге асыру үшін бұдан әрі еш қадамдар болған жоқ. Әңгімелескен соң мен сол кездегі Қарағанды басшысына бүркіттің тұмсығының пішіні ұнамағанын білдім. Бір қызығы, бұл шағым маған айтылмады. Мен бәрін 15 минут ішінде түзетер едім, – дейді Айбек Бегалин.
4 жылдан кейін суретші Елтаңбаның эскиздерін талқылауға шақырылды. Құс тұмсығының пішінін өзгертті және бірнеше түсті нұсқалар жасалды. Бегалиннің Елтаңбасы жаңа байқауға қатысты. Оның қорытындысы бойынша қалалық мәслихат депутаттарының қарауына әртүрлі авторлардың бірнеше эскиздері келіп түсті. 2007 жылдың 18 шілдесінде Айбек Бегалин жасаған Елтаңба көпшіліктің дауысын жинап, таңдалды.
Автордың ойынша бүркіт – Сарыарқаның символы. Қыран құс тазалық пен жарқын ойларды білдіреді. Шеңберде орналасқаны – шексіздік символында.
– Мен Целиноградта дүниеге келдім, бірақ менің туған жерім – Сарыарқа. Қарағанды облысы – менің ата-бабаларымның туған жері. Мен үшін Қарағанды өлкесі – бұл ең алдымен кеңістік, демек, қанаттар. Мен үшін Сарыарқаның жаны – бүркіт, – деп Айбек Бегалин елтаңба үшін орталық фигураны неліктен осылай таңдағанын түсіндіреді.
Алдымен суретші құсты салған. Содан кейін террикондар кеншілерге құрмет ретінде және шаңырақ – туған үйдің символы ретінде пайда болды. Елтаңбаның сыртқы жағымен қошқар мүйіз ою-өрнегі өтеді. Бұл геометриялық элементті график суретші бала кезінен ұнатады. Ол толығымен симметриялы және антикварлық меандрға ұқсайды.
2014 жылы Қарағанды елтаңбасы бар мата ғарышта болды. Қаланың 80 жылдығына ерекше тосынсыйды «Союз ТМА-12М» кемесінің экипаж мүшелері дайындады. Қазір елтаңбасы бар мата тарихи-өлкетану мұражайында орналасқан.
– Менің елтаңбам қаланы танымал ететін ерекше белгіге айналды. Мен оның авторы екенімді мақтан тұтамын. Әрқашан қарағандылықтар менің бір суретімді – елтаңбаны жақсы біледі деп айтамын, – деп әзілдейді Айбек Бегалин.
Туған күніңмен, сүйікті қала!