Қарағанды – қай кезеңде де елдің рухани, өндірістік әрі қоғамдық өмірінде айрықша орны бар өңір. Осы топырақ талай тарланбозды түлетіп, ел ісіне араласқан талай азаматты қанаттандырды. Солардың бірі – аз ғана ғұмырында елге қызмет етудің жарқын үлгісін көрсетіп үлгерген Мәди Бексұлтанов.
Мәди Қазыбекұлының өмір жолына үңілген сайын, оның табиғатынан дарынды, ізденімпаз әрі ұйымдастырушылық қабілеті жоғары тұлға болғанын аңғару қиын емес. Балалық шағы Қарағандымен тығыз байланысты өтті. Қазақы тәлім-тәрбие алған ол Нұрмақов атындағы №2 мектеп-интернатта білім алып, ана тілінің қадірін жастайынан бойына сіңірді. Қос тілде бірдей еркін сөйлейтін. Бұл – оның болашақ қоғамдық қызметіне берік негіз қалаған қасиеттердің бірі еді.
Жастайынан алға ұмтылған Мәди үлкен арман қуып, Мәскеудегі халықаралық қатынастар институтына құжат тапсырғанымен, тағдыр оны Қазан қаласындағы беделді университетке жетелейді. Мұнда да ол өзгелерден озық болып, білімге деген құштарлығын, қоғамдық іске бейімділігін таныта білді. Студенттік кезеңінде-ақ қазақстандық жастарды топтастырып, олардың басын біріктіретін ұйым құрып, көшбасшылық қырын айқын көрсетті.
Әскери борышын абыроймен өтеп, КСРО Қарулы Күштері сапында шыңдалған Мәди тәртіп пен жауапкершіліктің не екенін терең түсінді. Болгариядағы әскери жаттығуларға қатысып, жоғары марапатқа ие болуы да оның табандылығы мен қайсар мінезінің дәлелі еді.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елдің болашағы жастардың қолында екенін терең сезінген буынның алдыңғы легінде Мәди Бексұлтанов тұрды. 1990 жылы Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуге қатысуы – оның қоғамдық-саяси көзқарасының қалыптасуына ықпал еткен маңызды сәттердің бірі болды. Алайда ол бұл кездесуді жеке жетістік ретінде емес, ел алдындағы жауапкершіліктің бастауындай қабылдады.
Еңбек жолын Қарағанды облысындағы жастар ісі жөніндегі құрылымдарда бастаған Мәди аз уақыттың ішінде өзінің іскерлігімен көзге түсті. Қарапайым маманнан бөлім басшысына дейін өсіп, кейін жастар ісі, туризм және спорт комитеті төрағасының орынбасары, қалалық әкімдіктің ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды. Қай қызметте жүрсе де, ол Қарағанды жастарының белсенділігін арттыруға, олардың қоғамдық өмірге араласуына жол ашуға күш салды.
Оның ұйымдастырушылық қабілеті әсіресе «Қазақстанның болашағы үшін» атты республикалық жастар қозғалысын құрып, оны басқарған кезеңде айқын көрінді. Бұл қозғалыс елдің әр өңіріндегі жастарды біріктіріп, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған ауқымды жобаларды жүзеге асырды. «Парасат сессиясы», «Өркениетке қадам», «Ұрпақтар бірлігі», «Патриот» секілді бастамалар сол кезеңдегі жастар саясатының мазмұнын байыта түсті.
Мәди Бексұлтанов тек тәжірибелі ұйымдастырушы ғана емес, терең ойлы зерттеуші де болды. Ол жастар саясаты мен қоғамдық келісім мәселелерін ғылыми тұрғыда зерделеп, кандидаттық диссертациясын қорғады. Ғылыми еңбектерінде қоғамдағы үйлесімділік пен жастардың рөліне ерекше мән берді.
Мемлекеттік қызметте де оның жолы сәтті қалыптасты. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінде жауапты қызметтер атқарып, кейін Парламент Сенаты аппараты мен Президент Әкімшілігінде еңбек етті. Әсіресе ішкі саясат саласындағы қызметінде елдегі қоғамдық тұрақтылықты сақтау, азаматтық қоғамды дамыту бағытындағы жұмыстарға белсене араласты.
Қайраткердің еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ол «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», Парламенттің 10 жылдығына арналған мерейтойлық медальдармен, сондай-ақ басқа да марапаттармен наградталды. Бұл – оның ел алдындағы адал қызметінің айғағы.
Өмірінің мәнін елге қызмет етумен байланыстырған Мәди Қазыбекұлы отбасында да үлгілі әке, сүйікті жар бола білді. Жары Алмирамен бірге төрт перзент тәрбиелеп, ұрпағына өнеге қалдырды.
Алайда тағдыр оған ұзақ ғұмыр сыйламады. Жүрегі тоқтап қалғаны туралы суық хабар жеткенде, Қарағанды жұртшылығы ғана емес, оны білетін барша азамат ауыр қайғыға ортақтасты. Небәрі 42 жасында өмірден озған Мәди Бексұлтановтың ғұмыры қысқа болғанымен, мазмұнға толы болды.
Иә, оның өмір жолы – елге адал қызмет етудің, жастық жігерді игі іске жұмсаудың, туған жермен байланысын үзбей, қайда жүрсе де Қарағандының рухын биік ұстаудың үлгісі. Осындай азаматтардың өнегесі ұрпақ жадында жаңғырып, елдік мұраттарға қызмет ете бермек.
Ерболат ЕРБОЛҰЛЫ
