Былтыр 42 мың адам жұмысқа орналасты

Облыста зейнеткерлер мен зейнет жасына жетіп қалған азаматтарды жұмыспен қамтуға айрықша көңіл бөлініп отыр. Мәселен, былтыр мансап орталықтарының көмегімен «Алтын жас» және «Күміс жас» бағдарламалары аясында шамамен екі жарым мың адам екі қолға бір күрек тапты.

Бағдарламалар жұмыс іздеген жанға да, жұмыс берушіге де тиімді болып отыр. Әсіресе ісін жаңа бастаған бизнес өкілдеріне мемлекеттік қолдау үшін елеулі көмекке айналды. Яғни, «Алтын жас» бағдарламасы бойынша жұмысшы жалақының 50 пайызына дейін мемлекет субсидиялайды. Бірақ ең төменгі жалақыдан аспайтын мөлшерде өтеледі. Және жұмыс берушілер зейнет жасындағы жандардың жауапкершілігі жоғары екенін атап өтеді.

Зейнеткерлер жұмысқа өте жауапты. Тәжірибесі көп, балалармен жұмыс істеуді жақсы біледі. Дәстүрлі және заманауи оқыту әдістерін барынша меңгерген. Әр баламен оңай тіл табысады. Мен еңбек өтілі көп педагогтарды жұмысқа алғаныма бірде-бір рет өкінген емеспін, – дейді Smart Bilim балалар оқу орталығының негізін қалаушы Диана Оспанова.

Бұл орталықта «Алтын жас», жастар практикасы және өзге де жобалар аясында мамандар еңбек етіп келеді. Ал «Күміс жас» бағдарламасы үш жылға есептеледі. Алғашқы жылы мемлекет жұмыс берушіге қызметкердің жалақысының 70 пайызына дейін субсидия береді. Екінші жылы – 65 пайызын, үшінші жылы 60 пайызына дейін өтейді. Бағдарлама мерзімі аяқталған соң, егер қызметкер сол уақытқа дейін зейнеткерлікке шықпаған болса, жұмыс беруші оны тұрақты жұмыс орнына қабылдауға міндетті.

Бағдарлама жұмыс іздеушілердің жұмысқа орналасу мүмкіндігін едәуір арттырды. Қарағанды облысы бойынша Еңбек мобильділігі орталығының басшысы Нұржан Сыздықовтың айтуынша, 50 жастан асқан адамдарға жұмыс табу қиын. Көпшілік жұмыс берушілер бұл жастағы мамандарды жұмысқа алғысы келмейді. Сондықтан облыстағы мансап орталықтарына жүгінетін азаматтар көбейіп келеді.

Былтыр «Алтын жас» бағдарламасы бойынша жоспарланған 400 адамның орнына 542 адам қатысты. Сұраныс күткеннен жоғары болды. Сол себепті барлық ниет білдірген азаматтарды қолдау туралы шешім қабылданды, – дейді Нұржан Сыздықов.

Қатысушылардың арасында бухгалтерлер, мұғалімдер, тәрбиешілер, жүргізушілер, күзетшілер және өзге де мамандық иелері бар. Тіпті жасы 70-тен асқан, бірақ әлі де тың, күш-қуатқа толы азаматтар да жиі өтініш беріп жатады. Биыл «Алтын жас» бағдарламасы арқылы 600 тұрғынды жұмыспен қамту жоспарланып отыр.

Сонымен қатар екі жылдан бері халықтың әлеуметтік осал топтарына бағытталған JUMYS TAP жобасы қолға алынды. Жоба аясында қатысушылар қысқа мерзімді курстарда тегін оқып, жаңа мамандыққа ие болады. Тұрғындар тігінші, шаштараз, электрик, сантехник, электргазбен дәнекерлеуші, автокөлік жөндеу слесары және өзге де сұранысқа ие мамандықтарды меңгеріп жатыр.

Жалпы, «Күміс жас» бағдарламасы іске қосылған төрт жыл ішінде 5 мыңға жуық адам еңбек нарығынан орын тапты. Ал «Алтын жас» жобасы 2024 жылдан бері жұмыс істеп тұр. Қазір нарықта мұғалімдерге сұраныс жоғары. Әсіресе тіл пәндері мұғалімдері табылмай жатады. Сондай-ақ жұмыс берушілер кәсіби тігіншілерді, аспаздарды, слесарьлар мен басқа да жұмысшы мамандық иелерін жиі іздейді.

Мансап орталықтары зейнеткерлермен қатар, басқа да кез келген жастағы азаматтарды жұмысқа орналастыруға ұдайы қолдау көрсетіп келеді. Мәселен, қарағандылықтар қалалық мансап орталығының мамандарынан жұмысқа орналасу мәселелері бойынша тегін кеңес алып, практикалық көмегіне жүгіне алады. Орталық қызметкерлері жұмыс іздеп жүрген азаматтарға, сондай-ақ мамандығын ауыстыруды немесе біліктілігін арттыруды жоспарлаған тұрғындарға жан-жақты қолдау көрсетеді. Яғни орталықта мемлекеттік жұмыспен қамту бағдарламалары, еңбек нарығындағы өзекті бос жұмыс орындары, оқыту және қайта даярлау, мемлекеттік қолдау шаралары, атаулы әлеуметтік көмек, тұрақты жұмыс орындарына орналастыру және уақытша жұмыспен қамту мәселелері бойынша кеңес алуға болады. Мамандар өтініш білдірушілерге лайықты бос жұмыс орындарын іріктеуге көмектесіп, жұмыспен қамту бағдарламаларына қатысу шарттарын жан-жақты түсіндіреді. Және жұмысқа орналасудың барлық кезеңінде сүйемелдеу көрсетеді. Әрбір азаматпен жеке жұмыс істеу оның кәсіби тәжірибесін, білім деңгейін және өмірлік жағдайын ескеруге мүмкіндік беріп отыр.

Тұрғындар тарапынан жаңа мамандық меңгеруге ынта жоғары. Арнайы бағдарламаны еңбек мобильділігі орталығы жүзеге асырып отыр және ол жұмыссыз азаматтарды еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша даярлауға бағытталған.

Мамандыққа оқыту білім беру ұйымдарында және жұмыс беруші кәсіпорындар жанындағы оқу орталықтарында жүргізіледі. Таңдалған мамандық пен дайындық деңгейіне қарай курстардың ұзақтығы 3 айдан 6 айға дейін созылады. Оқу кезеңінде қатысушыларға шәкіртақы төлеу қарастырылған.

Жаңадан даярлықтан өткен мамандардың жұмысқа орналасу пайызы өте жоғары. Себебі мамандықтар тізімі өңірдегі жұмыс берушілердің өтінімдері негізінде қалыптастырылады. Оқуды аяқтағаннан кейін түлектер тұрақты жұмыс орындарына орналастырылады. Бұл жобаға қатысу үшін азаматтар міндетті түрде жұмыссыз ретінде тіркелуге тиіс.

Облыста қаржылай қиын жағдайға тап болған азаматтарды қолдауға баса назар аударылады. Былтыр өңірде «Қайта бастау» пилоттық жобасы іске қосылды. Жоба қарызды шамадан тыс көбейтіп алып, өздігінен проблемасын шеше алмаған тұрғындарға көмек көрсетуге бағытталған. Мұндай отбасылармен нысаналы жұмыс жүргізілд. Олардың қаржылық сауаттылығын арттырып, жұмысқа орналастыруға ден қойылды. Жоба аясында 1424 адам қаржылық жағдайын реттеп, басым бөлігі жұмысқа орналасты.

Жалпы, былтыр облыста жұмыспен қамту бағдарламаларымен шамамен 42 мың адам қамтылды. Соның нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі 4 пайызға дейін төмендеді.

Манас АҚСАРЫ