Қарағанды облымында оқымайтын әрі жұмыс істемейтін NEET санатындағы жастар саны да едәуір қысқарған. Отбасының цифрлық картасы деректеріне сәйкес, олардың саны 40,4 пайызға азайып, 4 505 адамнан 2 682 адамға дейін төмендеген. Жұмыс орындары жәрмеңкелерінің нәтижесінде NEET санатындағы 73 жас тұрақты жұмыспен қамтылды. Тағы 421 жас жұмыспен қамтудың өзге де тетіктері арқылы еңбекке тартылған.
Жастарды еңбек қызметіне жұмылдырудағы негізгі бастамалардың бірі – «Жасыл ел» жобасы. Соңғы жылдары оның ауқымы айтарлықтай кеңейді.
Егер 2023 жылы жобаға 1 000 адам қатысса, 2025 жылы олардың саны 2 060-қа жеткен.
Сонымен қатар атқарылатын жұмыстардың географиясы да кеңейген.
Енді жоба қатысушылары тек қалалық саябақтарда ғана емес, 55 мектептің аумағында және өнеркәсіптік кәсіпорындарда да еңбек етуде. Нәтижесінде 700 гектардан астам аумақ тазартылып, шамамен 1 500 тонна қоқыс жиналып, 1 500 ағаш отырғызылды.
Инклюзивті бағытты дамытуға да ерекше көңіл бөлініп отыр. Жоба аясында ерекше білім беру қажеттіліктері бар алты жасөспірім қатысқан арнайы инклюзивті жасақ құрылды. Биыл бұл тәжірибе жалғасын табады: жаз мезгілінде осы санаттағы жастардың қатысуын кеңейтіп, қолжетімді орта мен қажетті сүйемелдеуі бар, саны 50 адамға дейін жететін инклюзивті еңбек жасақтарын құру жоспарланып отыр.
Сонымен қатар Қарағанды қаласының Жастар ресурстық орталығы Қазақстанда алғашқылардың бірі болып жұмыс барысын QR-кодтар арқылы тіркейтін цифрлық жүйені енгізді. Арнайы сайттың көмегімен жұмыс уақыты автоматты түрде есепке алынып, нысандардағы жұмыстардың орындалуы нақты уақыт режимінде бақылауға алынады. Бұл жалған есеп жүргізу мүмкіндігін болдырмайды.
Қылмыс деңгейінің төмендеуі, оқымайтын әрі жұмыс істемейтін жастар санының қысқаруы және жастар үшін жаңа мүмкіндіктердің кеңеюі – бүгінде Қарағандыда жаңаша әрі белсенді жастар ортасының қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.
Әділ БЕК
